ҚХР-дағы Шыңжаң өлкесінің Іле аймағында айтулы ат жарысы өтті
Қара жердің апшысын қуырған аламан бәйге Шыңжаңның Іле аймағына қарасты Күнес ауданында өтті. Нақтырақ айтқанда, ат жарыс аталған ауданның Талды қалашығындағы Иінжар ипподромында ұйымдастырылды.
Аламанға ауыздығымен алысқан 42 сәйгүлік қатысып, 10 шақырымды шауып өтті. Мұнан соң 3 және 5 шақырым қашықтықтағы тай мен құнан, 3,5 шақырымдық жорға жарысы дүлдүлдерді анықтады.
Осы күні ат бәйгесінен бөлек, Талды қалашығында спорттық шаралар ұйымдастырылды. Боз кілемде 60 және 80 кило салмақтағы балуандар белдесті. Ең қызығы – бойында күш-қуаты тасыған қақпақ жауырынды азаматтар бұқа тартысына қатысты. Сонымен қатар, 10 жұптан құралған қыз бен жігіт «Қыз қуу» ойынын көрсетті.
Осылайша, Шыңжаң аймағындағы қандастарымыз ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық ойындарымызды жаңғыртты. Ондағы азаматтардың айтуынша, осындай спорттық шаралар жыл сайын мамыр айында ұйымдастырылып тұрады екен.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»