• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Қара жер қарыз арқаламайды

550 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Көксу ауылындағы «Астра-Агро» ЖШС атырапқа сапалы картоп шаруашылығымен танылып отырған жайы бар. Оны басқа шаруашылықтардан ерекшелендіретін де өнімінің сапасы. Мұнда «Вируссыз шағын түйнектер негізінде іріктелген картоп өсіру» жобасымен өндірілетін картоптың артықшылығы – тұқымының тазалығы, жоғары өнімділігі, түрлі топырақ-климат жағдайларына бейімдігі мен экологиялық саулығында. «Астра-Агро LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне былтырғы жыл­дың наурыз айынан бері іскер азамат Амангелді Мұқашев жетекшілік етіп келеді. Айналасы бір жылдың ішінде ол көп іс тындырып үлгерді. Жұрттың, әсіресе, көрші отырған кәсіпкерлердің көбі мұндай ауқымды іске енді кіріскен оның аяқ алысына әуелде күмәнмен қарағаны рас-тын. Тісқаққан маман емес, облыс көлеміне жақсы танымал шаруашылықты шашыратып алады-ау десе керек. Оның үстіне, бұл маңайда іс бітіріп жүрген қазақ жоқ, кәсіпкерлердің бәрі өзге ұлттың өкілдері. Абырой болғанда, Амангелді Тұрсынұлы сол кү­мәндардың тас-талқанын шығарды, шаруаны ә дегеннен-ақ дөңгелетіп әкетті. Бұрын картоп 300-400 гектар жерге егіліп келсе, биыл шаруашылық 500 гектар жерге картоп салуда. Келешекте одан да көп жерге салсақ деген жоспарлары бар. Бірақ, әзірге бастысы, өнім көлемімен қатар, оның сапасын да естен шығар­мау керек. «Астраның» атын шығарып, абыройын өсіріп отырған да осы картоп сапасы. Қазақстанда картоп шаруашылығымен шұғылданып отырғандар үшін екі үлкен проблема бар. Оның бірі – Ресейден келетін арзан картоп. Былтыр, мысалы, ресейліктер 33 миллион тонна картоп өндіріпті. Ал өз халқын қамтамасыз етуге 20 миллион тонна жетеді екен. Былтыр Ресейдің бірқатар өнімдеріне, соның ішінде картобына да Еуропа елдері экономикалық санкция жариялаған болатын. Бұрын сол Батыс елдеріне жөңкілетін Ресей картобы енді бізге лап қойды. Екінші проблема – Қырғызстан­нан ағылған картоп. Қырғызстан былтыр осы уақытта Еуразия экономикалық одағына мүше болғаны белгілі. Соның нәтижесінде, бұрын кедергі болып келген кедендік бақылау алынып тасталды да, былтырғы 1 қазаннан бастап, қырғыз бауырлар тонна-тонна картобын Қазақстанға емін-еркін әкеліп сата бастады. Бірақ солай екен деп, елдегі «Астра-Агро» тәрізді шаруашылықтар намысты да, табысты да қолдан бере қойған жоқ. Базарды басқалардың картобы басып кетсе де, алдымен өнім сапасына көңіл бөліп, өз ұстанымынан жаңылған емес. Шаруашылықтың өз зертханасы бар. Онда вируссыз картоп тұқымы алынады. Бір еккен картопты одан кейін қатарынан үш жыл салуға болмайды. Ол картоптың қанша ауруы бар, соны бойына жұқтырады. Оның зияны күні ертең жерге тиеді. Серіктестік төрт жылдан бері екі бірдей ғылыми институтпен қарым-қатынас орнатқан. Оның бірі Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болса, екіншісі – негізгі әріптес – А. Лорх атындағы Бүкілресейлік картоп шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Осы орталықтармен тәжірибе алмасып, өз беттерінше де ғылыми пайымдар жасап отырады. – Картоптың ауруы тамырлары ар­­қылы тарайды, – дейді Амангелді Тұрсынұлы. – Ауру картоптан жер де зардап шегеді. Одан кейін оны неше жерден өңдесең де оңалта алмайсың. Қырғызстан картоп өсірушілері Кеңес Одағы тарағаннан бері ғылымға сүйенуді қойды. Ешқандай заманауи технологияларды пайдаланбайды. Картоп алқаптарын жарытып суармайды да. Құдайдың берген құнарлы топырағының арқасында ғана мол өнім алады. Олар ұсақ картоптың бәрі тұқымдыққа жарай береді деп санайды. Бұл – үлкен қателік. Екі-үш рет отырғызылған картоп айналымнан шығарылуы керек. Ал айыр қалпақты ағайындар болса, оны 10-12 реттен отырғыза береді. Ешқандай норманы сақтамайды. Сонда олардың өнімінде қандай сапа болуы мүмкін? Ол картоптардың «алтын түсті нематода» деп аталатын кеселі бар. Яғни картоп тамырында көзге көрінбейтін құрттар болады. Олар адам денсаулығына қа­уіпті емес, бірақ жерге егілсе, басқа кар­топтарға да жұғып, өнімнің 90 пайызына дейін құртып жіберуі мүмкін. Серіктестік еңбеккерлері вируссыз тұқымды өсіру үшін жаңа алқаптарды игеріп жатыр. Бұл бағытта көп жұмыстар атқарылуда. Мысалы, суару тәсілінің өзі өзгертілуде. Бұрын арықпен суарса, қазір гидрант жүйесімен жаңбырлата суарылады. Бұл мақсатқа деп бес ша­қырымға жуық су құбыры тартылған. Шаруашылықтағы өздігінен жүретін суару қондырғысы ені 270 метр болатын алқапты қамтиды. Ал Bauer компаниясының 300 метрлік екінші қондырғысы Еуропадан әкелінген. Пайдасы шаш-етектен бұлардың бағасы да қымбат – әрқайсысының құны 115 мың еуроның маңайында. Осының бәрі картоп өсіргенде тек пайда қумай, ертең елдің дастарқанына ұсынатын өнім сапалы болса екен әрі ауру картоппен жерді де құртып алмайық деген ізгі ниеттен туған талпыныстар. Жерді пайдаланып қана қоймай, оны аялап, баптай білу керек. «Шығыс шықпай, кіріс кірмейді». Амангелді Тұрсынұлы былтырдан бері осы жерге қатысты шаруаның бәріне 2 миллион доллардай жұмсапты. Ертең соны жер-ана қайтарады, көресіз. Шаруашылық картоптан бөлек, биыл 30 гектардай жерге қырыққабат, сәбіз, қызылша егіп жатыр. Бұдан бөлек, жем-азық дақылдарын, әсіресе ірі қара үшін моноазық дайындауға арналған жем-шөп өсіруге ерекше мән берілген. Қазіргі таңда 1200 гектар жерге жоңышқа, 500 гектарға арпа, 100 гектар алқапқа сұлы егілді. Тіпті, мал азығына деп қызылша да өсіріледі бұл өңірде. Егін көлемі ұл­ғайтылуда. Бұрын 100-200 гектар ғана егін болса, бүгінгі күнде егілген бидайдың көлемі 1000 гектардан асып кеткен. Құдай сәтін салып, күзде жақсы өнім алып жатса, қойма-қамбалар да дайын тұр. Сыйымдылығы 4 мың тонна екі астық қамбасы, жалпы сыйымдылығы 16 мың тонна картоп қоймасы ол да дайын. «Астра-Агро» серіктестігі мал ша­руашылығымен де айналысады. Бес жүзге жуық ірі қара, жүзге жуық жылқы бар. – Былтыр Чехиядан 300 бас ірі қара әкелдік, – дейді Амангелді Тұрсынұлы. – Симментал тұқымының жануарлары, тайынша-сиыры аралас. Биыл солардан аналықтың өзін 300-ге жеткізсек деп отырмыз. Негізгі мақсат – сауын сиырды 600 басқа жеткізу. Қазір сүтті Қара­ғандыдан «Нәтиже» фирмасы келіп алып тұрады. Шаруашылықтағылар былтыр 84 бас жылқы малына арналған бордақылау алаңқайын ашыпты. Биыл тағы да 84 басқа орын дайындасақ деп отыр. Сонда қысы-жазы семіртіп сататын мал 160 бас болады. Амангелді Тұрсынұлы төрт-бес жылдан бері асыл тұқымды жылқы өсірумен де айналысып келеді екен. Таза қанды ағылшын, америкалық тұқымдар бар. Олардың да басын көбейте түсуді ойластырып жүр. Жылқыларды жаратып, бәйгеге де салып жүреді. Бүгінгі күнде оның қорасында Ұлытауда өткен Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай өткізілген думанда бірінші, Астанада Президент кубогы үшін болған 52 шақырымдық аламанда екінші болып келген «Бейбарыс» деген тұлпар байлау­лы тұр. Сәтін салса, ендігі бәйгелерге өзінің атынан қоспақшы. Осыншама шаруашылықтың қыр­уар жұмысын, әрине, жалғыз-жарым адам атқара алмайды. Науқан кезінде жұмысшы саны 500-ге дейін барады. Ал тұрақты түрде 250 адам жұмыс істейді. Олардың табысы да жаман емес. Айталық, тракторшылар 500 мың теңгеге дейін алады. Негізі, 100 мың теңгеден төмен жалақы жоқ. Маман-кадрлар жеткілікті. Тасы өрге домалап тұрған шаруашылықта ұйымдастыра білген басшы да мақтаулы, жұмысы бар, соған сай табысы бар ауылдықтар да ырза. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Абай ауданы, Көксу ауылы
Соңғы жаңалықтар