• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Көптеген мәселелер көтерілді

484 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 25 жылында қол жеткізген еліміздің жетістіктерін, жер мәселесін халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Жамбыл облыстық әкімдігінде Жер кодексінің нормаларын халық алдында түсіндіру бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға қатысқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл бағыттағы шаралар кеңінен жалғасуы керек екендігін атап өтті. Жер кодексіне енгізілген өз­геріс­терді облыс тұрғындарына түсіндіру үшін облыс әкімдігі жанынан құрамы 18 адамнан тұ­ратын жұмыс тобы құрылған. Топ құрамында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық кәсіп­керлер палатасы­ның директоры, облыс әкімдігі­нің ішкі саясат, жер қатынастары, ауыл шаруа­шы­лығы, жастар сая­саты мәселелері, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қамтылған. Жұмыс тобының жұ­мысшы органы болып облыс әкім­дігінің жер қатынастары бас­қармасы белгіленді. Облыс әкімдігі жанынан құрыл­ған жұмыс тобының Жер кодек­сіне енгізілген өзгертулер мен то­лық­тыруларды облыс тұрғын­дарына түсіндіру бойынша іс-шаралар жос­пары бекітіліп, 16 мамыр­дан бастап жергілікті тұрғын­дарға түсіндіру жұмыстары жүргі­зі­луде. Бүгінгі күні елді мекендерде барлығы 325 кездесу өткізіліп, 23 мыңнан астам адам қамтылды. – Кездесу барысында облыс тұрғындары тарапынан жер реформасы, білім беру, медициналық қыз­мет көрсету және басқа да салалар бойынша қордаланған мәсе­лелер көтерілді. Осыған байланыс­ты халық арасында түсіндірме жұмыс­тары кеңінен жүргізілуде, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев. Енді осы мәселеге қатысты ай­тылған кейбір пікірлерді келтіре кетейік. Масат ӘШІМ, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары осы уақыт ішінде ауыл-аймақты аралап, елмен 180-нен астам кездесу өткізіп, олардың өздерін мазалаған сұрақтарына жауап берді. Ел Жер кодексіндегі өзгертулерді әлі де қатаңдатуды сұрайды. Әсіресе, 25 жылға шетел азаматтарына жалға беру мәсе­лесіне алаңдайды. Топ мүшелері барлық жағдайды түсіндіріп, әрбір өзгертуді жеке-жеке сараптап берді. Жиналған жұрт кездесулерде Жер кодексіндегі өзгерістерден де бөлек көптеген мәселелерді көтеріп жатты. Нақтырақ айтсақ, ауылдарда жер алудың қиындығы, жыл өткен сайын ауыл маңындағы мал жайылымдарының тарылып келе жатқаны, бау-бақшаны суаратын ағын судың тапшылығы және мал ұрлығының өршіп тұрғаны көбірек сөз болды. Меніңше бұл мәселелерге майда-шүйде деп қарамай, терең мән беру керек. Ауыл, аудан әкімдері халықпен жиі жүздесіп, қордаланған мәселелерді ауыл азаматтарымен бірге талқылап, одан бір нәтиже шығаруға күш салуы керек. Яғни, ауыл, аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыруымыз қажет. Қалай айтсақ та, ауыл, аудан әкімдері елмен тығыз жұмыс істеуі олардың билікке деген сенімін бекіте түсетіні анық. Әлібек ӘМЗЕЕВ, мәдениет қайраткері: – Мен де ауыл-аймақты аралап қайттым. Оның ішінде өзімнің туған ауылымда да болдым. Шынында, елдің жер мәселесіне байланысты алаңдаушылығы бар. Бірақ, көбісі Жер кодексіндегі өзге­рістерді жете түсінбейді. Содан болар, бұл басқосуларда ел басқа да мәселелерді жиі көтеріп жатты. Шынында, кейбір ауылдарда жайы­лым мәселесі үлкен пробле­ма­ға айналған. Елді мекеннің төңіре­гін­дегі жерлердің бәрі сатылып кеткен­діктен, мал жаятын жер жоқ. Сонау 12 шақырым жерден жайы­лым берген екен. Ол жаққа барып-қайту бір азап. Және осы кезде­суде бір байқағаным, кейбір ауыл әкім­дері елмен сөйлесуді, бірле­сіп жұмыс істеуді жақсы білмейді. Бәрін бірдей қаралай беруге болмас. Бірақ көптеген ауыл әкімдерінің жергілікті зиялы қауыммен байланысы жоқ. Мұндай басшылар қо­ғамның көмекшісі бола ала ма? Міне, бұл бағытта ауыл әкімдеріне жүктелер міндет өте ауқымды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы
Соңғы жаңалықтар