• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

Елбасы үндеуіне үн қосу

439 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттары, Президент Әкім­ші­лі­гі­нің қызметкерлері мен Үкімет мүшелері, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің алдында  Қа­зақстан халқына арнап Үндеу жариялады. Біз Үндеу жария етілген залдан шыққан бір топ адамға микрофон ұсынып, олардың пікірлерін білген едік. * * * Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Мен Елбасының референдум туралы және мерзімінен бұрын өт­кі­зілетін пре­зиденттік сайлау ту­ра­лы шешімін алыстан ойлап, те­рең­нен толғанған және болашақ ұр­пақ­тың қамы үшін жасалған саяси ерлік деп санаймын. Әрине, бес мил­лионнан астам сайлау­шы қол­дап отырғанда референдум өткізе салуға болатын еді, бірақ Елбасы Конституциялық Ке­ңес­тің шешіміне құлақ асып, демократиялық та­лаптың толық орындалуын қажет деп тапқан өте дұрыс шешім қа­был­дады. Сондықтан да өз басым бұл шешіммен қуана келісемін. Қазақстан халқы өз Президентін бүкіләлемдік демократиялық тәжі­рибе жолымен сайлағаны дұ­рыс. Әри­не, референдум да халық­тың сайлау құқын білдіреді, бірақ онда қарсыластың болмауы түрлі пі­кірлер туғызуы мүмкін. Ал Нұр­сұлтан Әбішұлы қазір сайлауға түс­се, қандай мықты қарсыласты да шаң қаптырып, бәйгені шаппай алары сөзсіз. Өйткені, халық оған сенеді, өздерін осындай адамның басқарғанын қалайды. Кеше референдум өткізуді қолдап қолдарын қойған барлық адамдар да оның Пре­зидент болғанын қалайтыны сөзсіз. Қазыбек ЖИРЕНШИН, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы: – Мен бүгін қазақстандық де­мократияны алға дамыту жолында тарихи қадам жасалды деп са­най­мын. Бүгін Президент өзі­нің  Конституция талап­та­ры­ның толық сақталуына  кепілдік беретін тұлға екенін дәлелдеді. Консти­ту­ция­лық Кеңес Парламент қа­былдаған Заң­ның Ата Заңға сәйкес еместігін айт­қан соң, ол өзінің бұл шешімді толық мойын­дай­ты­нын көр­сетті. Ол мәсе­ле­лер­дің барлық қырын ескеріп, бүгін өзінің өкі­леттігін ұзар­туды көздеген референдумның өткі­зілуінен бас тартты. Әрине, өзін бес млн.-нан астам адам қолдап тұрғанда мұндай шешімге бару оңай емес еді, бірақ Президент болашақ ұрпаққа үлгі бо­латын аса маңызды қадам жасап, осынау шешімге өз таңдауымен бар­ды. Сондықтан мұндай әділетті қа­дамды болашақ ұрпақ өзіне үлгі етіп, лайықты бағалар деп ой­лай­мын. Мұндай шешімге тек өзіне-өзі сенген, өз ісінің дұрыстығына көзі жеткен басшы ғана бара ала­тын шығар. Ал енді президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын бо­луы – халықтың бүгінгі қалауын жерге тастамағандық деп білемін. Ол қандай қарсыласты болса да ашық, бәсекелесті, де­мократиялы сай­лауда жеңетініне сенімді. Сөй­тіп, халықтың қолынан мандат ал­ған Елбасы бастаған жұмыстарын батыл түрде жүзеге асыра береді деп сенемін. Сапар МҰСТАФИН, теміржолшы, зейнеткер: – Меніңше, Президент ха­лық­тың референдум өткізу туралы тілегін қа­былдауы керек еді. Мен өзім сол қарапайым халықтың бірі ретінде шын жүрегіммен Пре­зиденттің өкі­леттігін ұзартуды қа­ла­ған едім. Бі­рақ ол Конститу­ция­лық Кеңестің шешімін дұрыс деп тауып отыр. Мен өз басым Нұрсұлтан Әбіш­ұлын Алланың маңдайы­мыз­ға берген бағы деп білемін. Ол қандай жағдайда болсын еліне қыз­мет істеп, бізді басқара алады. Біз ол кісіден әлі де болса үлкен үміт күтеміз және толық сенеміз. Ел басқару екінің бірінің қолынан келмейді. Біз, Қазақ елі, Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың ар­қа­сын­да іргелі ел болып, өзімізді барлық әлемге танытып отыр­мыз. Ол кі­сінің бүгінгі шешімін мен қол­дай­мын, әйтеуір Нұрекең ор­нын­да болып, елге қызмет ете бергенін қа­лаймын. Сонда біздің елде ты­ныштық болып, алға дами беретін болады. Мен Президент Назар­баев­тың арқасында Қазақ елі көр­кейе береді деп сенемін. Салман ГЕРОЕВ, зейнеткер: – Мен бүгінгі Үндеуді жария етуге қатысқан адамдардың бәрі де екіұдай болып қалды ғой деп ой­лаймын. Өйткені, еліміздің бес мил­лион халқы ол кісінің президенттік өкілеттігін он жылға ұзар­туды қалап отыр еді. Мұндай сенімге екінің бірі қол жеткізе ал­майды. Өткен жиырма жылда­ғы еңбек Елбасына деген сенімді әб­ден бекіткенін білеміз. Біздің елімізде ұлт­аралық татулық, кон­фес­сия­ара­лық келісім берік ор­на­ған. Мұн­дайға басқа елдер қызы­ға қарайды. Сондықтан біздің халқы­мыз Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы­ның әлі де елді басқарғанын қа­лайды. Бірақ, біз демократия талапта­рын да орындауымыз керек. Оның үстіне былтыр ғана Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйы­мына төраға бо­лып, демо­кра­тия­ны сақтауды бас­қа елдерден де талап еттік. Ме­ніңше, Нұрсұлтан Әбішұлы осы­ны ескеріп, референдум өт­кі­зуден бас тарт­ты ғой деп ойлаймын. Өз басым бұл шешім өте дұ­рыс бол­ды деп санаймын. Ол өз өкілет­тігінің екі жылға азаюына қа­ра­мастан, ре­фе­рендум өткізуді қол­дап қолда­рын қойған халық­тың сұ­ранысын аяқсыз тастамай, президенттік сай­лауды мерзімінен бұрын өткізу туралы шешім қа­былдады. Бұл да өте дұрыс шешім, мен қол­даймын. Халықтың тілегіне Елбасы әрқа­шан да құлақ асып отыруы керек. Ме­ніңше, Нұрсұлтан Әбішұлының сайлауда өзінің қарсыластарын жеңіп шы­ғатыны күмәнсіз. Надежда ПЕТУХОВА, Астана қалалық №1 балалар ауруханасының бас дәрігері, қалалық мәслихаттың депутаты: – Бүгін біз Президентімізді кезекті рет биіктен көрдік. Ол кі­сінің қа­былдаған шешімі, ме­нің­ше, өте дұрыс шешім болды. Референдумнан Конс­титуциялық Ке­­ңестің шешімінен кейін бас тартуы арқылы ол біздің елімізде заңның үстемдік етуін қалай­ты­нын көрсетті. Президент Конс­ти­ту­цияның сақталуына кепілдік бе­ретін тұлға ретінде оны бірінші кезекте өзі де мойын­дай­тын­ды­ғын көрсетті. Мен алда бо­латын пре­зи­денттік сайлауда оның сөз­сіз жеңетініне сенімдімін. Өйт­кені, қазір біз еліміздің барлық түкпіріндегі халықтың оған үлкен құр­метпен қарайтынын білеміз. Ха­лықтың зор құрметіне ол өзі­нің ісімен қол жеткізді. Біз әрқа­шанда оның қамқорлығын сезініп отыра­мыз. Әсі­ресе, ха­лықты әлеу­меттік тұрғыдан қолдауда ол кісінің ең­бегі өлшеусіз. Ал біз­дің әлемге атағымыздың шығуы, шет елдерде бізді танып жа­татыны тегісімен осы кісінің еңбегінің ар­қасы. Шетелдіктер бізді Нұр­сұлтан Назар­баев­тың елінен келген адамдар деп танып, біздің елді мақтай жө­неледі. Сондайда біздің Президен­ті­міздің барынша танымал, атақты әрі бүкіл әлем мойындайтын тұл­ғаға айналғаны­на көзіміз жете тү­седі. Мен көр­ген шетелдіктердің бәрі де біздің Президентімізге қызы­­ғу­шылық­пен қа­райтынын жа­сырмайды. Өйткені, кейбір ел бас­шы­ла­ры­ның дұрыс жүр­гізбеген саяса­ты­ның кесірінен эконо­ми­касы дамымай, қоғамда түсін­беу­шілік­тер туып жатады. Тіпті қан­төгіске жол берген елдер де көп. Ал біз­дің Президентіміздің дана саяса­тының арқасында елімізде ты­ныш­тық, өзара түсіністік салтанат құрған. Соның арқасында эко­номикамыз да қалыпты даму жолына түскен. Бізге тек осындай Президент керек. Сон­дықтан мен оның келесі сайлауда сөзсіз жең­генін қалаймын. Жазып алған Жақсыбай САМРАТ.