Елдің жеткен табысын айтқанда, кейбіреулер оны ар-тық мақтандай көреді. Біле білсек, ол біздің жүріп өткен жолымыздың дұрыстығының дәлелі. Президент келтірген мына бір цифрды аттап өту қиын. 1994 жылы елімізде ішкі жалпы өнімнің мөлшері жеті жүз доллардан шамалы ғана асқан екен, биылғы жыл басында ол 9 мың АҚШ долларынан асыпты. 12 есе өсіпті! Мұндай өсім тәуелсіздікке қолы жеткен ешбір елдің алғашқы 20 жылында болмаған екен. Жұрт өнеге тұтып айтар Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур елдерінде де мұндай өсім қарқыны болмаған, тіпті жартысына да жетпепті.
Құқық қорғау саласының адамдарын да сол табыстар тебірентеді. Осынау үлкен істе олар да өздерінің үлесі бар деп есептейді. Біз ісімізге кедергі келтіретін қылмыстарға қарсы күрес арқылы үлкен міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосамыз. Бұл жайында Президент Жолдауында да айтылған.
Әсіресе, Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы айтқандарын халық айрықша құптап қарсы алатыны анық. Расында да, соңғы кезде бұл күрес жаңа сипатқа ие болды. Қармаққа шортандардың іліне бастағанын халық құптап отыр. Соңғы екі жылда республикалық деңгейдегі 40-тан астам басшы, 250-ден астам облыстық, қалалық деңгейдегі басшылардың жемқорлыққа байланысты қылмыстық жауапқа тартылуы талайларды қылмыстан тартынуға мәжбүр етті. Тіпті министрлер, небір түкірігі жерге түспейтін компаниялардың басшылары да жазадан құтылмады. Енді кім де болса, заңнан аттаған күнде жазадан құтылмайтын күн туды.
Жұрт сот адамдарын жазалаушыдай, қатыгездеу көреді. Әсте де олай емес, қылмысқа қаталдық ол ең алдымен адамға қамқорлық деп қабылдаған жөн. Ешкім де адамдардың құқына, меншігіне қол сұқпауға тиіс. Ол үшін жазаланатынын сезінуге тиіс. Сонымен қатар, қылмыстық заңдылықта қайырымдылыққа айрықша мән беріле бастады. Қоғамдық қауіп тудырмайтын қылмыстарға еркінен айырмайтын жаза қолдану ойластырылуда. Соның арқасында биылдың өзінде жеңіл және орташа қылмыс жасаған 2 мыңдай адам еркінен айыру орындарынан босатылатындығын халық қолдайтыны анық.
Жолдауды тыңдағанда, көптеген ойға келдік. Өткені-мізді екшеп, алдымызға қарадық. Сірә, жұрттың бәрі солай етті ғой деймін.
Қалдарбек ДОСЫМБЕТ, Медеу аудандық сотының төрағасы.
Алматы қаласы.