• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:15

Зиялылық заңғары

0 рет
көрсетілді

Әр дәуірдің, тіпті әр жылдың топ жарғандары болады. Олардың атқарған ісі, өнегесі өлшеусіз. Тіршілігінде биіктігімен, кемелдігімен көрінеді. Алдыңғы толқын мақтан етсе, тұстастары тұғырының мықтылығына сүйсінеді. Кейінгі толқын үлгі етсе, жастар ұқсап бағуға талпынады. Болмысы бүтін жаратылған азаматтың бойында мұндай құбылыс білім мен білік ұштасқанда, шын дарын жан-жақты ісімен толысып танылғанда шоқ жұлдыздай жарқырап шығады.

Қалай десек те, адам өмірі өлшеулі, бұл аттап өте алмайтын ақи­қат. Сол ақиқаттан кейін кімнің тұлға, кімнің мықты екені, кім­нің уақытша бет-беделді бол­ғаны аңғарылады. Ойлы ақын, әлемдік деңгейдегі азамат Олжас Сүлейменов айтатын «Тау алыстаған сайын биіктейтін» тұс алдыңнан шығады.

Соған бір дәлел – менің өмір­лік ұстазым, ғұлама ғалым Өмір­бек Арысланұлы Жолдасбеков­­тің өне­геге толы өмір жолы дер едім. Ол туралы біртуар қайраткер Дінмұхамед Қонаев: «Өте намыс­қой, ер мі­нез­ді, нар көтермес жүкті жал­ғыз сүйреуге бар азамат» дегені белгілі.

Өмірбек Арысланұлы қарасаң көз тоятын кең пішілген кемел де кемеңгер, өзі де, сөзі де ірі ұлттың ірі тұлғасы еді. Білімі терең, ой өлшемі ерен, алары кетсе де, көкейіндегісін іркіп қалмай «қазақ рухының нағыз Геркулесі» (Әбіш Кекілбайұлы) топ жарып айтатын, айтқанда дәйегі темір қазықтай қадалып тұратын.

Қазақтың ардақтысы саналатын айтулы ғалым халқымыздың қабырғасын қақыратқан өткен ғасырдағы алапат аштықтың қарсаңында, яғни 1931 жылдың наурызында өмір есігін ашыпты. Екі өкпеден қысқан небір қиындыққа қарамай анасы жалғыз ұлын білім жолына салады. Алғыр бала алда жүреді. Сұм соғыс бас­талып, қиындыққа қиындық қо­сы­лады. Бірақ ол кездің балалары қайсар да шымыр болған ғой. Мұғалімдері саналылыққа баулып, отаншылдыққа тәрбиелеу кезінде «кім бес алса, жауға бес оқ атқанмен бірдей» деген сөзді қанат тұтып, бәрі де жақсы оқыған. Ол оза шауып­ты.

Мектепті алтын медальмен бітір­ген ауыл баласы М. Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекет­­­тік университетінің механика-­мате­ма­ти­ка факультетіне іркіліс­сіз түседі. Арманын қыран­дай сам­ғатқан талантты жас тарихы ғасырлармен өлшенетін оқу ор­нының профессор-оқыту­шы­ларының назарына ілініп, қо­ғам­дық жұмыста да ат оздырып, ерекше ілтипатқа бөленеді. Білім ордасын үздіктер қатарында бітіріп шығады. Жалғызым деп жүрген жалғыз анасы үшін еліне қайта ора­лып, Шымкент қаласындағы Қазақ технология институтына оқы­­тушылық қызметке кіріседі. Ме­ха­ника факультетіне декан бола­ды. Ана үмітін ақтап, Майя Мұха­ме­дәлиқызымен отау тігеді, ұлы өмір­ге келеді. Қатарға қосыла бастайды.

Бастапқы мақсат-мұраты ғы­лым әлеміне бойлап бару еді. Ол жолдың да оңай еместігін ерте тү­­сінген жайсаң жан белді бекем буып өзін баулыған Мәскеуге бет тү­зейді. Аспирантураға түсіп, ас­систент бола жүріп, талмай тал­пы­нып, жүйелі ізденіп, соның нәти­жесінде ғы­лым кандидаттық дис­сертациясын сәтімен қорғап шығады.

Елге адал қызмет етсем, жайдары заманда жас ұрпаққа қажет білім ісіне иненің жасуындай болса да үлес қоссам деген ниеті көш ілгері озып, бұл жолы сол тұстағы жұрты­ның астанасы Алматыға ат басын тірейді. Алған жоғары білі­міне, қорғаған тақырыбына қа­рай Отанымыздағы ірі білім орда­сы, Қазақ политехникалық институтына, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника­лық зерттеу университетіне доцент болып қызметке тұрады.

Келісті кескін келбетімен, толысқан түр-тұлғасымен, алымды алғырлығымен, бүтін болмысымен, терең білімімен тәнті еткен Өмірбек Арысланұлын алдыңғы толқын оқытушылықтан жоғары қызмет баспалдағына жол ашады. Кафедраға жетекшілік етеді, декан, проректор жұмысына сатылап өседі. Күнделікті тірлікпен шектелмей, алға жылжыған қоғамның талабын, жастардың келешегін ескеріп, аталған оқу орнының аясында «Механизм, машина және автоматика теориясының маманы» деген бағытта аспирантура ұйымдастырды. Н.Левитскиймен бірлесіп «Механизмдер мен машиналар теориясы» курсының бағдарламасын жасайды. Сол бо­йынша елімізде алғаш рет механизмдер мен машиналар теориясынан мамандар даярланады. Ол кейін Әл-Фараби университетінде қолданбалы механика бойынша кең ауқымды зерттеулерге ұласты.

Өмірбек Жолдасбековтің ерек­ше танылған тұсы – Қазақ ұлт­тық универси­тетіне рек­торлық қыз­метке кірі­суінен бас­­талады десем, артық айт­қандық емес. Ол он алты жыл ішін­де білім мен ғы­лым саласына да, оқу орнын зама­науи та­лап­қа сай өркендетуге де бар күш-жі­герін жұмсады. Ай­наласына үміт еткен жастарды жинады. Солар­дың қатарын­да мен де бол­дым. Қай кезде де ұлы ұста­­зым­­ның жаны­нан табылдым. Қа­зір де шә­кірттік ­парызымды шын ниет­­пен атқаруды борышым деп білемін.

Мақаланың атауына негіз бол­ған зиялы сөзінің түп-тамыры те­реңде. Ақылы кенен, ойы өрісті, бол­мысы келісті, бүгінгінің шеңбе­ріне ше­геленіп қалмай, «Ұшқа­ны білінбейтін ұшқыр заман» (Шәкәрім ) желісіне көз жіберіп, соған табан тіреген адамды зиялы десек, жарасары хақ. Өмірбек Арысланұлы сондай зиянсыз зиялы еді. Бірден айтайық, ол – дүниенің тұтқасы озық техника болатынын ерте бағамдап, инженерлік саланы дамытуды алға шығарды. Оның не­гізі білім мен ғылымды қатар да­мытуда жатқанын терең түсінді. Сол үшін де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университе­тін аты­на затын сай етіп құруды қол­ға ал­ды. Әр көшеде шашы­раң­қы орна­ласқан ғимараттар­ды қалайда бір ор­талыққа топтас­тыруды мақсат етті.

Кезінде белгілі математик ғалым Асқар Закарин ректор болып тұрғанда білім орда­сының қалашығын салу туралы Үкі­мет арнайы қаулы (1966 жыл) қа­былдатқан. Бірақ ол орындалмай, қатпар-қатпар қалың қағаздың астында қалып қойған.

Университетті әлемдегі мықты оқу орындарының қатарына қосу жайы әрдайым көкейінде жүрген Өмекең ректорлыққа келе салып, шаң басқан әлгі қаулыны жаң­ғыртуға қарекет етті. Салынатын ғимараттардың, оған қажет жер­дің, жұмсалатын қаржының есе­бін шығарып, ҚазМУ-дың жаңа қалашығын тұрғызу бойынша үш айдың ішінде Үкіметтің жаңа қаулысын шығаруға ұйытқы болады. Бұл – 1970 жыл болатын.

Кеткен есені танымды ұрпақ­тың білімдарлығымен қайтаруды ой түбіне бекіткен ойлы азамат, Абай дананың «болмасаң да ұқ­сап бағуын» санасында саралап, Ұлы­британиядағы Оксфорд пен Кембридждей, АҚШ-тағы Гар­вардтай жасауға талпынады. Оқу ордасы білім беру мен ғы­лымды қатар алып жүруге тиіс дейді. Тоқсан гектар жерде құрылыс жүр­гізілді. Оны қадағалап Өмекең жүр­ді. Санаулы жылдан кейін сту­дент жатақханалары, оқу, әкімші­лік ғимараты бой көтерді. Қала­ның ішіндегі қалашық елге, ең бастысы сол елдің келешегі саналатын ұрпаққа қызмет ете бастады.

Студенттермен бірге, оқытушы­лар саны да артты. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалға жүгі­нер болсақ, 1971 жылы универ­ситетте 52 ғылым докторы, 309 ғы­лым кандидаты болса, 16 жылдан ке­йін 30 академик, 200 ғылым докторы, 700-ден аса ғылым кандидаты жұмыс істеді.

Білім ордасы сол кездегі КСРО бойынша озық үш университет­тің біріне айналды. Ақиқатын айт­сақ, бұл Өмірбек Арысланұлы­ның жанкешті еңбегінің нәтижесінде қол жеткен жетістік еді. Осы арада, айтулы қаламгер, ой әлемінің кемең­­гері, сөз әлемінің зерделі зергері Әбіш Кекілбайұлының: «Біздің ­на­ғыз ұлттық университетіміз Өмір­бек Жолдасбековтің тұсында және оның аянбай сіңірген қажыр-қай­ратының арқасында ғана дүниеге келді десек, артық айтқандық бол­мас. Тек сол кезде ғана ол қара­пайым жоғары мектептен ұлттық санамыз бен ұлттық зердеміздің қыран­дардың қияға салған ұясын­дай аса биік, аса мәртебелі Ордасы­на айналды» деген аталы да баталы сөзі ойға оралып отыр. Осыдан ар­тық бағаның болуы да екі талай-ау!

Желтоқсан көтерілісінде тепсі­ніп теңдік сұраған жастардың талабын теріске бақтырып, қара бұлт үйіргенде Өмекең секілді зиялыларды зияндылар қатарына қосып, бүкіл жұмысын жоққа шығаруға ұм­тылған күштер пайда бола кетті. Атам қазақ: «Құлан құдыққа құласа, құ­лағында құрбақа ойнайды» де­генді осындайда айтса керек. Жел­ден дауыл тұрғызғандар Арыслан­ұлын тергеп, тексеріп, ұлт­шыл деп қаралап баққанда, өзге ұлт өкілдерінен бастап, арын нанға айырбастамағандар оны қорғап қалды.

«Оның университетке сіңірген орасан зор еңбегін қалай жоққа шығарамыз. Ол өзгелерден биік тұр­ған тұлға ғой. Ойланайық, жолдастар. Өз басым оны пар­тия мүшелігінен шығаруға қарсы­мын», деп академик Зейнолла Қабдо­лов төтесінен кеткенде, оны отыр­ған­дар түгел дерлік қолдап шықты. Тап­­сырыспен жұмыс істеп жүр­­­­гендердің желбіреген туы жығылды.

Осындай ауыр күндердегі іштей күйзелістердің бәрі де менің көз алдымнан өтіп жататын. Қиналатын едім. Кейде кей пенделермен шарпысып та қалатынмын. Аққа күйе жұқпайтынын, түптің түбінде ақи­қат салтанат құратынын жасқанбай айтатын едім. Енді өтті дәурен солай бір деймін.

Тіпті орталықтан 75 адамнан тұратын комиссия жіберіп, Жол­дасбековтің қылмысын ашамыз, салған вилласын әшкерелейміз деп желпініп жеткендер ректордың қызмет саяжайынан басқа түк таппай, екі ай сандалып, бастары тасқа тиіп кері қайтты. Сөйтіп, Жол­дасбековті қаралағандардың өзі қара тұтқандай күй кешіп, ака­демиктің келбетіне бір түйір шаң жұқпады.

Осы арада тағы бір жақсы іс туралы айта кетсек деймін. Ол 1990 жылы елімізде тұңғыш рет демократиялық жолмен сайлау өткені мәлім. Қалың жұрты, біз секілді шәкірттері қолдап, келі­сімін алып баламалы негізде депутаттыққа ұсындық. Сол кезде де Өмекеңе деген үлкен-кі­шінің шынайы ілтипатын көрдік. Сайлаушылармен жүздескенде, олар ғалымды көкке көтеріп жатты.

Сайлау штабын басқаруды маған сеніп тапсырды. Сонда байқағаным, ол қарсыластарынан көш ілгері тұрды. Кездесулердегі кі­сілігі, жөні келгенде кішілігі, білім­дарлығы кімді де болса баурап алатын.

Бір жолы ғалымнан: «Сіздің достарыңыздан қастарыңыз көп, байқаңызшы» дегенде бір сайлау­шы: «Қас санауға уақытым жоқ, дос түгендеп жүрмін» деді риясыз көңілмен. Осы арада ғалымның Республика Жоғарғы Кеңесіне алты рет депутат болғанын да айта кеткенім абзал.

Иә, академик бір емес бірнеше рет топ жарып, халық қалаулысы атан­ды. Парламентте комитет төр­ағасы болды. Қайда жүрсе де айтулы ғалым сөздің емес, істің адамы екенін дәйектеп бақты. Ол осын­дай қасиетімен дараланып тұратын.

Біз жар сыйлаудың да үлгісін ұстазымыздан үйрендік. Белгілі филолог ғалым, профессор Майя Бағызбаева екеуі жарасып жүретін еді. Қай кезде де біріне-бірі сүйеу бола білді. Майя Мұхамедәлиқызы Өмекеңнің нағыз серігі, таянышы еді. Ұл, қызы да ғылыммен айналысты, өнегелі болып өсті.

Отандық ғылымның әр саласын­да тұңғыш атанғандар бар­шы­лық. Бұл тұрғыдан келгенде де Өмір­бек Арысланұлы сол тұң­ғыш­тардың қатарынан табы­ла­ды. Білім мен ғылымды тең мең­гер­ген, әлемдік деңгейдегі жаңа­­лық­тар ашқан тегеурінді тұл­ға екені еш шүбә келтірмейді. Оған Әбіш Кекілбайұлының: «Ғы­лым­­да жанқиярлық жасап, қазақ зиялы­ларының қолы сирек жеткен салада әлем мойындаған әйгілі мектеп жа­сақтады. Шығыс дүниесінде ин­­женерлік істің кең өрістеп, терең сіңісуіне ондай ынта-шынтын сал­ған тұл­ғалар арғы-бергіде кемде-кем» де­ген батыл бағасы мысал деп білеміз.

Ол елімізде машиналар мен ме­ханизмдер теориясының негі­зін қалады. Расында, мектебін де қалыптастырды. Мұның бәрі док­тор­лық диссертациясынан ­бастау алған еді.

Еңбегі ерен, ой әлемі ұшан-теңіз ғалым техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Мемлекеттік сыйлықтың да иегері. Оның шәкірттері де аз емес. 24 ғылым докторын, 90-нан аса ғылым кандидатын дайындады. Олардың көбі қазір ұстазының се­німінен шығып, ғылымда ерекше көзге түсіп жүр.

Артында қалған мұрасына көз жүгіртер болсақ, 400-ден аса ғылы­ми еңбектің авторы болуымен қатар, 18 монография, 30 оқулық жазғаны тағы бар. Өнертапқыштық саласы бойынша 85 патенттің иегері. Ол мұның бәрі халықтың қазынасына қосқан үлесім дейтін.

Тәуелсіздіктен кейінгі аласа­пы­ран басталғанда Өмірбек Арыслан­ұлы біздің еліміз де бұрын­ғы тар шеңберден шығуы керек, әлемдік ғылымға бой ұруға тиіс­тіміз деп, өзі көптен зерттеп зер­десінен өткізіп жүрген машиналар мен механизмдер теориясы бойынша инженерлік қызметтің орны қашанда биік екенін қадап айтып: «Ғалым не керек екенін біледі, ал инженер не керек екенін және оны қалай жасау керек дегенді ой санасына тоқып жүреді. Сондықтан да біз әлемдік инженерлік академиялардан үйренуіміз керек» дейтін.

Отанымызда өзі іргетасын қалаған машиналар мен меха­низм­­дер теориясы оны әлемдік деңгейге көтерді. Өзге елдер­дің оқы­мыстылары бағалай оты­рып, өздерінің қатарына тартты. Соның бір дәлелі, халықаралық Ин­женерлік академия мүшелері Өмірбек Арысланұлын бірінші вице-президент етіп сайлады. Ислам ел­дері инженерлік академиялар фе­де­рациясы да вице-президент дәре­жесіне көтерді.

Өмірбек Арысланұлы әлемдік ғылымды, әсіресе инженерлік саланы ерекше бағалағанын жоға­ры­да айттық. Тәуелсіз ел өндірі­сін дамы­тудың негізгі өзегін құрай­тын инженерлік ғылым, сол ғылым­ның нә­тижесінде қолданысқа ене­тін түрлі құрал-жабдықтар екенін айта жүріп, соны іске асыруға ерекше көңіл аударды. Осыдан келіп тұңғыш рет Қазақ елінің Ұлт­тық инженерлік академиясын құ­рып, алғашқы президенті болды. Сол ғылым ордасы оның бас­шылығымен қолданбалы механика, механизмдер мен машиналар саласы бойынша зерттеулер жүр­гізумен қатар, түрлі құрал-сай­мандардың макетін жасауға ұйытқы болды. Біз ол кісінің бас­шы­лығымен жүк көтеретін алуан түрлі макеттер жасадық.

Егер Өмірбек Жолдасбековке ғұмыр бұйыртса 95 жасқа толар еді. Ғалымның өмірден озғанына да ­отыз жылға таяп қалды. Екін­ші өмі­рі артында қалған мол мұрасы­мен, шә­кірт­терінің қолдауымен жал­ға­сып келеді. Еңбектері жарық көріп, замандастары мен шәкірт­те­рінің ес­теліктерінен тұратын кітаптар жұрт қолына тиді. Талай талантты жастың бағын ашатын Жолдасбеков атындағы халық­аралық конкурс жыл сайын өт­кі­зіледі. Бұдан басқа да іс-ша­ралар аз емес. Біз мұның бәрін кейінгі толқынға өнеге болсын деп ұйым­­дастырамыз. Біртуар ға­­лым­ның өмір жолына қарап, алыптардың ізін басқан, ісін жал­­ғаған зия­лылық заңғары Өмір­бек Арысланұлы есімі ұлтымен бірге жасай беретініне сенеміз.

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Ұлттық инженерлік академиясының президенті