АСТАНА. 30 мамыр. Ирактың Аль-Фаллуджа қаласына таяу жерден үкімет әскері лаңкестердің бірнеше құпия жерасты жолын тапты. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Мәліметтер бойынша, қақтығыс кезінде жеңіле бастаған содырлар дәл осы жерлерге жасырынған. Ал ең ұзын жерасты жол кірпіш зауытының маңайынан қазылған. Сонымен қатар, осыдан бірнеше күн бұрын үкімет әскері ТГИЛ лаңкестік ұйымының 80 мүшесінің көзін жойған.
Аталған террорлық топ Аль-Фаллуджа қаласын 2014 жылы басып алған. Осыған байланысты қазіргі таңда қаланы азат ету үшін арнайы операция жұмыстары жүріп жатыр. Әскерилердің бірнеше шабуылынан кейін біраз адам қаладан шығып үлгерген. Алайда, мәліметтер бойынша, әлі 50 мыңға жуық адам Аль-Фаллуджадан кете алмай отыр.
Айта кетейік, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Иракта бір жылдың ішінде 15 мыңға жуық бейбіт тұрғын содырлардың қолынан қаза тапқанын мәлімдеді.
Аян Әбдуәли.
Дерек, фото: 24.kz