• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

Ел қуатының әлеуетті негізі

446 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Мұнай және газ министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың кеңей­тілген алқа мәжілісі болып өтті. Оған Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері және экономикамыздың отын-энергетика саласының ірі кәсіп­орын­дарының басшылары қатысты. Министрліктің 2010 жылғы жұ­мыстарының қорытындылары сараланып, 2011 жылғы міндеттері айқындалған алқа мәжілісінде Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев баяндама жасады. Елімізде өткен жылы 79,7 миллион тон­на мұнай және газ конденсаты өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға ар­тық. Мұнай бойынша еліміздің экс­порттық әлеуеті 71,2 миллион тон­наны құрап, 2009 жылғы жал­пы көрсеткіштен 4,5 пайызға асып түсті. Баяндамашы атап көр­сеткендей, еліміз бойынша мұнай және газ өндіру көлемін жылдан-жылға көбейту үрдісі және әлем­дік рынокта бұл қуат шикізат­тарына деген бағаның артуы экономикалық табысымыз көбе­й­іп, ел бюджетінің толығуына ерек­­ше ықпал етуде. Мұнай экспорттау бағыттары негізінен үш ірі құбыр жол­да­рымен жүзеге асырылуда. Атап айт­қанда, өткен жылы сыртқы рынокқа шығарылған мұнайдың 40,2 пайызы КТК, 21,5 пайызы Атырау-Самара, 14,2 пайызы Атасу-Алашанькоу құбыр жолдары­мен жөнелтілді. Қазіргі таңда ми­нистрліктің алдында тұрған бас­ты міндеттердің бірі отандық үш мұнай өңдеу зауыттарын шикі мұнаймен қанағаттандыру және мұ­най өнімдеріне деген ішкі ры­нок сұранысын барынша толық қамтамасыз ету болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі үш мұнай өң­деу зауыты 13,7 миллион тонна шикі мұнай өңдеп, 2009 жылмен са­лыстырғанда, 12,8 пайызға арт­тырды. Мұнай өнімдері түрлері өндірісінің көлемі де 2009 жылғы 7,3 пайыздан 2010 жылы 31,1 па­йызға өсті. Мұнай және газ министрлігі өткен жылы ішкі рыноктың жа­нар-жағармай өнімдеріне деген сұ­ранысын толық қамтамасыз етіп, бұл өнімдер бағасының алып­­сатарлар тарапынан негізсіз қымбаттатуына жол бермеді. 2­010-2011 жылдардың қыс мау­сы­мы қарсаңында еліміздің бар­лық әлеуметтік-өндірістік нысан­да­рына қажетті отын түрлері арзандатылған бағамен босатыл­ды. Ішкі рыноктағы мұнай өнімдері бағасының тұрақтылы­ғын сақтау мақсатында өткен жылы облыстарға 1 696,3 мың тон­на АИ-92/93 маркалы бензині, 1 010,9 мың тонна АИ-80 мар­ка­лы бензині, 2 651,5 мың тонна дизель отыны шектелген бағамен жөнелтілді. 2010-2011 жылдардың күз-қыс айларындағы жылыту маусымы кезеңінде әлеуметтік-өндірістік ны­сандарды отынмен жабдықтау мақсатында облыс әкімдіктеріне әрбір тоннасының бағасы 32 мың теңгеден аспайтын 339,4 мың тонна мазут босатылды. Сол си­яқты өткен жылдың күзгі орақ жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін ауылшаруашылық тауар­ла­рын өндірушілерге 738 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлсе, осы өнім түрін сататын басқа операторлар ауылша­руа­шы­лық тауарларын өнді­руші­лер­ге қа­жетті қосымша көлемдегі дизель отынын әрбір литрін 62 тең­ге­ден, яғни рыноктық бағадан 5-7 тең­геге арзан сатты. Сондай-ақ, жем-шөп қорын дайындау мау­сы­мында ауыл еңбеккерлеріне 36,5 мың тонна дизель отыны арзан­да­тылған бағамен берілді. Алдын-ала белгілі болған деректер бойынша, 2010 жылы рес­публикамызда 37,4 миллиард текше метр газ өндірілген. Осы мерзімде 21,1 миллиард текше метр та­уарлы газ өндіріліп, бұл көр­сет­кіш 2009 жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға артқан. Есепті мерзімде еліміздің газ тарату жүйесін да­мыту және елді мекендерді та­биғи газбен қамтамасыз ету ны­сандарын салу үшін рес­пуб­ли­ка­лық бюджеттен 12,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Минис­тр­ліктің есепті кезеңде атқарған жұ­мыстарын айта келіп Сауат Мың­баев 2010-2014 жылдарға арнал­ған үдемелі индустриялық-ин­новациялық бағдарламаның және Қазақстанның индустрияландыру картасының шеңберінде заманауи технологиямен жабдықталған жа­ңа мұнай-химия өндірісін қалып­тастыру мақсатында бірқатар ірі жобалардың қолға алынғанын атап көрсетті. Бұл ретте Атырау об­лысындағы бірыңғай газ-химия кешенінің, Ақтау пластикалық мас­са зауытында битум шығару өндірісінің және хош иісті көмір- сутегін өндіру жөніндегі кешен­нің құрылыстары жобалау және техникалық-экономикалық сараптау кезеңінен өтіп, қазіргі кезде бұл ірі нысандарда құрылыс жұ­мыстары басталып кеткендігін атап көрсетті. Есепті кезеңде Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының құ­рылысын салу жөніндегі дайын­дық жұмыстары жан-жақты жүр­гізіліп, 2010 жылғы 21 желтоқ­санда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің индустрияландыру картасы шеңберіндегі 80 ірі жо­баны іске қосқан кезде бұл газ құ­быры жобасын да іске қосты. Алқа мәжілісінде «Қаз­Мұ­най­Газ» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин қо­сымша баяндама жасап, еліміз­дің мұнай-газ саласындағы ең ірі компанияның өткен жылы атқар­ған жұмыстарының есебін беріп, 2011 жылы алда тұрған міндеттері туралы баяндады. Басқарма төрағасының айтуы бойынша, ком­пания еліміздің аумағындағы кен орындарында ғана емес, со­нымен бірге шет елдердегі мұнай кеніштеріндегі өз үлестерін арт­тыра бастаған. Мәселен, Сол­түс­тік теңіздегі мұнай кеніштерінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының үлес салмағы едәуір арттырылып, Ирандағы Акас мұнай кен ор­нының 37,5 пайыз мөлшерін иеленген. Мұнай тасымалдау мақ­сатында КТК консорциумымен та­сымал мөлшерін арттыру мақ­сатында келісім-шартқа қол қо­йы­лып, «Бейнеу-Бозой» газ құбы­ры бағыты бойынша Қытай кә­сіпорындарымен тиісті келісімдер жасалған. Өткен жылы компания мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу салалары бойынша белгіленген барлық жоспарды ой­дағыдай орындаған. Битум және әуе кемелеріне арналған бензин шығару көлемі арттырылған. Компания басшысының айтуы бойынша, есепті кезеңдегі ком­панияның таза пайдасы 284 миллиард теңгені құраған. Өндіріс тиімділігі 12 пайызға, еңбек өнім­ділігі 14 пайызға артқан. 2011 жылы компанияның алдында тұр­ған негізгі міндет мұнай өндіру шығындарын кеміту болып табы­лады. Мұнай өндіруге жұм­са­латын шығын тұрғысынан келгенде, біз Ресейден әлдеқайда арт­та қалып келеміз. Бүгінгі таңда компания еліміз­дің 9 облысының елді мекендерін табиғи газбен жабдықтап келеді. 2011 жылы ішкі рынокқа берілетін газ көлемін 1 миллиард текше метрге арттырып, 9 миллиард тек­­ше метрге жеткізу көзделіп отыр. 2010 жылы компания кә­сіп­орындары өндіріс қажеті үшін 1 триллион 600 миллиард теңгенің құрал-жабдықтарын сатып алса, оның 51 пайызы отандық тауар шы­ғару­шылардың үлесіне тиеді. Алқа мәжілісін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытын­дылап, еліміз үшін маңызды эко­номикалық саланың алда тұрған міндеттерін саралады. Үкімет бас­шысы өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жария етілген Жолдауының ма­ңызын айта келіп, оның ел өмірінің 2020 жылға дейінгі даму жолдарын айқындап берген құжат екенін атап көрсетті. Кәрім Мә­сімов Мұнай және газ министріне және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­шысына Қазақстан қатысатын барлық ірі жобаларда мемлекет мүд­десін барынша қорғауды тап­сырды. Қазақстан келісім-шарт­тардың тұрақтылығын барынша сақтайды, алайда, егер инвесторлар өз міндеттемесін орындамаса, келіссөздер үдерісін бастауға мүм­­кіндік алады. Сонымен бірге, Үкімет басшысы Біртұтас эконо­ми­калық кеңістік құрылуына бай­ланысты ішкі рынокты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін бейімделудің және экспорттық та­сымалдау мәселелерін реттеу­дің ерекше маңызды екендігін атап өтті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.