Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглу телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Халықаралық мәртебелі ұйымның Бас хатшысы Қазақстан халқы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығымен және Астана Саммитінің табысты өткізілуімен құттықтады. Сонымен қатар, Бас хатшы Қазақстанның алдағы ИКҰ-ға төрағалығына үлкен үміт артатынын мәлімдеді.
Осы ретте тараптар ИКҰ қызметінің өзекті мәселелерін талқылады. Үстіміздегі жылдың наурыз айына жоспарланып отырған маңызды мәселелер қатарында Шарм әл-Шейхте өтетін Ислам Конференциясы Ұйымының Саммиті мен Египет Араб Республикасында орын алып жатқан оқиғалар сөз етілді.
Әріптестер ұйым аясында және халықаралық мәселелер бойынша нақты және тығыз байланыстарды одан әрі қарай жалғастыруға уағдаласты.