Астанада Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров адам құқықтарын қорғау саласындағы БҰҰ сарапшысы, «Азаптауларға қарсы күрес: Қазақстанда ұлттық алдын алу тетігін құру» жобасының іске асырылуын бағалау үшін келген Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эмили Саммерспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы БҰҰ Конвенциясына біздің еліміз ратификациялаған Факультативтік хаттама аясында «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымының қазақстандық омбудсмен офисімен бірлесіп жүзеге асырған жобасының нәтижелерін оң бағалады.
Сондай-ақ, Азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігін Қазақстанда құру мәселесі бойынша пікірталас өтті, қазіргі уақытта оның тұжырымдамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеуде, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.