Мемлекет басшысының Қазақстан халқына үндеуі
Құрметті қазақстандықтар!
Қымбатты отандастар!
Бүгін, 2011 жылғы 31 қаңтар күні Конституциялық Кеңес Ата Заңымызға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өкілеттігін республикалық референдум арқылы ұзартуды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңның құқықтық тағдыры туралы шешімін шығарды.
Парламент депутаттары бұл заңды референдумды қолдау жөніндегі үндеуге қолдарын қойған бес миллионнан астам қазақстандықтың қалауын басшылыққа ала отырып қабылдаған болатын.
Бұл бастаманы мен өз Жарлығыммен қабылдамай тастадым.
Алайда, Парламент конституциялық құқығын пайдаланып, аталған заңды қабылдады.
Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған шешімді қарап, Заңды Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.
Мұнымен Конституциялық Кеңес осы мәселеде республикалық референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Мен қабылданған шешіммен келісемін.
Осылайша, күрделі саяси ахуал қалыптасты.
Бұл мені Мемлекет басшысы ретінде тарихи жауапкершіліктiң бар жүгін мойныма алып, референдумның тағдыры туралы шешім қабылдауға міндеттейді.
Қымбатты отандастар!
Мен бүкілхалықтық сенім білдіргені үшін барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бастамашы топқа, депутаттарға және «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің бүкілхалықтық коалициясына алғыс айтамын.
Бұл – экономикалық даму және елімізді әлеуметтік жаңғыртудағы бағдарымызға бүкілхалықтық қуатты қолдау мен сенімнің айқын айғағы.
Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды.
Бастамашы топтың осы ұсыныс арқылы Елбасы өкілеттігін 10 жылға ұзарту ғана емес, еліміздің өркендеуі және қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы іргелі істерді жалғастыруды көздегеніне сенемін.
Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын.
Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын.
Сондықтан, мені халық дұрыс түсінеді деп сенемін.
Біз бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи тағылымы деп қабылдағанымыз жөн.
Бұл – Елбасы мен халықтың Ата Заңға адалдығын бағамдайтын тағылымды дәріс.
Демократиялық жолмен сайланған Тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым.
Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын.
Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін.
Тиісті Заң Парламентке ұсынылады.
Қадірлі қазақстандықтар!
Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін мемлекет пен халық мүддесі жолында қашанда сенім мен шындықтан айнымай қызмет етуге күш беретін бастау болады.
Алдымызда әлі атқарылатын қыруар істер бар.
Біз индустриялық-инновациялық және әлеуметтік жаңғырту бағдарламаларын батыл іске асырудамыз.
Бірге кеңесе отырып ойға алған жоспарларымызды іске асырамыз және Отанымызды гүлдендіре түсеміз деп кәміл сенемін.
Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз!