• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

Басталды!

728 рет
көрсетілді

Жексенбі күні елордадағы «Астана – Арена» стадионында  VII Қысқы Азия ойындары салтанатты түрде ашылды. Ондағы 27 мемлекеттен келген спортшылар делегациясы мен шетелдік қонақтар және республикамыздың облыстарынан жиналған отандастарымыз алдында Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев сөз сөйледі.

Құрметті қонақтар!

Қымбатты спортшылар!

Қадірлі жанкүйер қауым!

Қазақстан халқы атынан VII Қысқы Азия ойындарына жинал­ған баршаңызды ыстық ықылас­пен қарсы алғаныма қуаныш­тымын. Әлем халқының тең жартысы мекендейтін Азия құрлығындағы бұл дүбірлі жарыс – биылғы жыл­дың ең үлкен спорт мерекесі. Біз мұндай құрлықтық ша­ра­ны ТМД және мұсылман елдері арасында тұңғыш рет өткізіп отыр­мыз. Бұл жасампаз шараның Қазақ жерінде өтуі – елімізге көрсетіл­ген құрмет пен сенімнің жарқын айғағы деп білемін. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесінің беташар оқиғасы болады. Менің шақыруымды қабыл алып, байрақты бәсекенің ашы­луына келген мәртебелі мейман­дарға ризашылық білдіремін. Азия Олимпиадалық кеңесі­нің президенті Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырзаға және Ха­лық­ара­лық Олимпиада Комитетінің президенті Жак Рогге мырзаға алғыс айтамын. Олимпиялық ойындар бүгін­де елдер мен халықтар арасын­да­ғы достықтың алтын арқауына айналды. Байырғы байтақ мекенде бізді Азиада рухы жақындастыра тү­се­ді деп сенемін. Бұл біздің «Мақсаты бірдің – рухы бір» деген ортақ ұра­ны­мызда көрініс тапқан. Шығыс пен Батысты жалға­ған ұлан-ғайыр Қазақ жеріндегі Азиада ойындары Астана мен Алма­тыда қатар өткізіледі. Еуразиядағы ізгілік пен бейбітшіліктің бесігіне баланған Астанада бүгін олимпиада алауы тұтанып отыр. Елордамызда қысқа уақыт ара­лығында халықаралық  дең­гей­дегі ірі спорт кешендері пай­далануға берілді. Өздеріңіз көріп отырған, 30 мың адамға арналып салынған осы «Астана-Арена» стадионы соның жарқын айғағы. Ал Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақта әлемдік талай рекордтар дүниеге келгенін бар­ша­ңыз білесіздер. Мен осы Азиада ойын­дарын­да да көптеген рекордтар жаңа­рады деп сенемін. Қымбатты достар! Спортта шекара жоқ, ол халықтарды біріктіреді. Биылғы жылы Қазақстанда өтіп отырған Қысқы Азия ойындарының тарихында бірінші рет оған қатысушылардың саны 27 елден асты. Мыңға тарта спортшылар спорт­тың он бір түрінен ме­даль­дарды сарапқа салады. Қысқы Азия ойындарымен біз Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арнал­ған шаралар бетін ашамыз. Жаңа ғана Азия олимпиялық ке­ңесінің жалауы көтерілді, спорт­шы­лар мен төрешілер ант қабылдады. Мен әділ күресті ең лайық­тылардың жеңіске жетуіне тілек білдіремін. Жанкүйерлерге қызықты көрі­ніс­тер мен жаңа әсерлі сезім тілеймін. Азиаданың ізгі алауы мәңгі достықтың белгісіне айналсын. Қадірлі қауым! Осымен VII Қысқы Азия ойын­дарын салтанатты түрде ашық деп жариялаймын! * * *

Азиада аламаны

Астана мен Алматыда VII Қысқы Азия ойындарының жарыстары өтіп жатыр

БАСТАЛДЫ!

Жексенбі күні бірнеше жылдан бері тағатсыздана күткен күніміз де келіп жетті. Осы күні Астанадағы «Астана-Арена» жабық стадионында Қысқы Азия ойындары салтанатты жағдайда ашылып, Әл-Кувейт қаласынан бастау алған Азиаданың алауы алып аренада орнатылған Ойындардың бас қазандығында тұтанды. Бұл еліміз тәуелсіздігінің 20 жыл­дық мерейтойының беташары іспеттес болған іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, салтанатты рәсімге арнайы шақыртумен келген Қырғыз Респуб­ликасының президенті Роза Отунбаева, Әбу-Дабидың мұрагер ханзадасы Шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян, Азия Олим­пиадалық кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах, Ха­лық­аралық Олимпиада комитетінің төр­ағасы Жак Рогге зайыбымен және Қысқы ойындарға қатысушы елдердің ресми делегациялары мен спортшылар, еліміздің жер-жерінен осы салтанатты шараны тамашалауға келген отандас­тарымыз бен шет ел туристері қатысты. Алдын-ала атап өтетін нәрсе, Азиа­даның ашылу салтанаты өте орасан, отандастарымыздың өз елінде бұрын-соң­ды көрмеген зор ауқыммен ұйым­дас­тырылды. Мұнда 10 мың шаршы метрді құрайтын экранның кеңістігінде 27 мың адамды 2 сағат 40 минөт бойы бейжай қалдырған жоқ. Ал Азиаданың ашылу салтанаты тура 10 минөт қал­ған­да кері уақыт санаумен басталды. Сөйтіп, алып таблодағы кері уақыт санау 19.00-ге келгенде ашылу рәсімін­дегі мәтінгерлік хабарламалар тәртіпке сәйкес, Ойындарды қарсы алған елдің мемлекеттік тілі – қазақ тілінде және ағылшын тілінде жүргізілген соң, екі ақ боз ат мінген азамат мемлекеттік туды ұстап, алаңның жиегімен жүріп өтті. Осыдан кейін мемлекеттік туды Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші-ком­пози­тор Ескендір Ха­сан­ғалиев, атақты спорт­шылар Әмин Тұяқов пен Жәнібек Сауранбаев алаң­ның солтүстік трибуна­сы жағында ор­натылған сахнаға қарай алып шығып, Құрмет қарауылының ка­питаны Қанат Түзеұлы бастаған сарбаз­дарға табыс етті. Одан әрі мемлекеттік әнұран шыр­қалып, Азиадаға қатысушы елдер рет-ретімен көрермендер алдынан көрін­ді. Біздің ел жарысты алаңға қа­был­даушы ел ретінде ең соңынан шықты. Жердің киесі мен елдің иесін таныт­қ­ан дәстүрлі фольклорлық қойылымдар бірінен соң бірі 27 мыңға жуық көрер­меннің көзайымына айналды. Төл тарихымыз бен ұлт мәдениетінің терең тамырынан сыр шерте білген барлық әуен мен ырғақ, көрініс пен қойылым айызымызды қандырғандай болды. Әсі­ре­се, қанатты пырақ аттардың сим­воликалық мәні айрықша әсер қал­дыр­ғаны сөзсіз. Өйткені, ол жай ғана қа­нат­ты ат емес, ол әлем өркениетіне көсіле шабатын нағыз пырақ болатын.  Тұлпарлармен бірге дархан даналықты дарытатын аспан, жер, су, ауаның қадір-қасиетін білдіретін бейнесюжеттер экраннан көрсетіліп отырды. Ұлт­тық атрибуттардың үйлесім тапқан тұсы көк аспанға самғап ұшқан қыран­мен сәйкес астасып жатты. Болашаққа көз жүгірте білетін, елдің ертеңін елден бұрын ойлай алатын көк бөрінің ұрпақтары өздерінің ешкімнен де кем еместігін тағы да бір дәлелдегендей. Әрбір театрландырылған музыка­лық қойылымның өзіндік мән-мағы­насы да болды. Нұржамал Үсенбаева­ның орындауындағы ән аясында күннің ыстық шуағы мен нұрының астынан дүниеге сәби келді. Ананың жылы әрі пәк жүрегі мен ыстық ықыласына бөленіп өсіп, жүрегіне ұялаған махаббат Жер-Ана төсі – жазираға жетелей берді, жетелей берді... Содан барып сахналас көк айдын­ның ортасында қазақ жерінде дүниеге келген ғұламалар мен көсемдердің есімдері, туған жерлері жазылған үлкен кітап парақтала бастады. Жер-Ананың қадір-қасиетінен осындай әлемге әйгілі болған ұлт перзенттерінің халыққа мақтаныш болатынын әлемге жар салғандай әсер қалдырды. Шынымен де бұл айтылғандардың бәрі мақтануға тұрарлық құдіретті құндылықтар ғой! Сахна төріне жайғасқан оркестрлер назды әуендермен, күмбірлеген күй әуезімен қойылымдарға жарасымды өр­мек тоқыды. Стадионға жиналған отан­дас­тармен бірге шетелдік мейман­дардың да көңіл аспандары күлімсірегендері жүз­деріндегі жымиған келбеттерінен-ақ білуге әбден болады. Содан барып Абайдың «Желсіз түн­де жарық ай» әуенінің сүйеме­лдеуімен айдын ортасына шаңырақ бейнелес көрініс кештің сән-салтанатын еселей түсті. Әлемдегі бейбітшілік пен еліміздегі ұлт бірлігінің терең мағыналық сипатын дәріптеген шаңырақ өз бейнесімен үлкен мағынаны меңзегенін отырған әрбір көрерменнің санасына саялағандай болды. Ұлттық саз-әуені­міз жайлы    композитор Ринат Гайсин: «Біздің ұлттық әуендеріміз ешқандай мемлекетке, ешбір ұлтқа ұқсамайды. Әр мемлекеттің дәстүрі бар. Әр мем­лекеттің әуендері бар. Мен ойлаймын, жалпы қазақтың музыкасы, мәдениеті ерекше. Осының бәрі ашылу салта­натында көрініс тапқанына қатты қуа­ныштымын», – деп ағынан жарылды. Үш сағатқа созылған ашылу жасампаз шараның ұйымдастырылу жұмы­сы­на ресейлік режиссерлік топтың белсене қатысқандарын арнайы атап өткіміз келеді. Адам жанын жадырататын тал­ғамы жоғары кештің өз деңгейінде өт­кізілуі үшін бұл шығармашылық топ­тың да терең әрі байсалды ізденгендері көрініп-ақ тұр. Халықаралық талапқа сай, 30 мың адамға арналған стадион қонақтары сахнада беріліп жатқан қандай қо­йылым болмасын, ерекше ықыласпен қошеметтерін білдіріп жатса, әсіресе қазақстандықтар жағынан нағыз пат­риот­тық сезімді аңғардық. Көрініс эк­рандағы найзағайға кезек берді. Осы кезде, тасқа қашалып салынған кісі бей­­несі мен бұғылар көрсетілді. Жауын­­герлердің би композициясы ба­ры­сында биіктен түс­кен алтын адам­ның мүсіні мен көп­теген ұлт өкілдерін өзінің бейбіт аспаны­ның астына шо­ғыр­ландырған қазақтың шаңырағын кө­рермендер ерекше ықы­лас­пен тама­ша­лады. Оркестрдің сүйе­мел­деуімен өтіп жатқан тұнып тұрған өнерді шетел қонақтары қызуқанды тамашаласа, жер-жерден жиналған өз отандас­тары­мыздың қойылымды көру кезіндегі белсенділіктері үздіксіз соғыл­ған қо­ше­меттерден-ақ сезіліп тұрды. Алаң төріне жезтаңдай әншілер де келіп жетті. Дәл осы мезетте сахнаға Батырхан Шүкенов пен Роза Рымбаева ұлттық рухымызды одан әрі жігерлендіретін, Отан-Анаға деген сүйіспен­шілігімізді арттыратын тамаша әндерін тарту етті. Бұл кезде ұлттық нақышта, ою-өрнектермен көмкерілген, шаңы­ра­ғы барынша кең, босағасы берік киіз үй стадион алаңының қақ ортасынан жар­қырай түсіп, босағаның рөлі мен маңы­зын адам баласы үшін игілігі мол екендігін аңғартты. Жалпы, Жер-Ананың сәнін келтіріп, ажарын ашатын табиғи заңдылықтың бірі – жаңбыр екендігі даусыз. Оны мұсылман елдері Алла тағаланың бізге жіберген нұры деп жатады. Сөйтіп, экранда «шелектеп» жауып жатқан нөсер көрінісі мен кадрдан тыс Жа­ра­тушының шапағаты мен нұры жайлы кең мағлұмат беріліп жатты. Көз алды­мызға жаңбыр елестеп, табиғат біткен­нің бәрі тазарып жатқандай әсер қал­дырды. Сөйтсек, экрандағы жаңбыр дегеніміз сол-ақ екен, стадион ішінде шын мәніндегі жаңбыр жауып кетті. Бірақ, әрине жасанды жаңбыр. Тұнып тұрған логика, терең мағыналы сценарий... Алаң ішін көк пен жасыл түс аралас теңізді суреттейтін бейнекөрініс жаулап алғандай. Бір кезде, теңіздің бетінде бір қозғалыс байқалады. Өзі үлкендеу келген. Анықтап қарасақ кеме. Теңіз толқынынан әрі-бері шайқа­лып келеді. Жаңбыр болса әлі жауып тұр. Стадион іші 30 мыңдық адамнан ауасы тарылып жатқанда жаңбырдың жауғаны бүкіл Азиада қонақтарына жаңаша серпін бергендігін айтпай кетуге болмас. Жалпылама түрде айтқанда, бұл композициялар мен қысқаша эпизодтар мағы­насы түркі тілдес елдерге таңсық негізде ұйымдастырылған болса, ұлт­тық нақыш­қа барынша көңіл бөлінген­дігін көкі­рек керіп мақтанышпен айта ала­мыз. Азиада­ның ашылу салтанаты­на келген қонақ­тардың басым көпші­лігі де осы пікірде. Сан түрлі отшашулармен қатар ар­найы экраннан көрсетілген бейне- көріністен жіті қараған жанға ұлттық құндылық­тары­мыз бен салт-дәстүр­лері­мізден едәуір мағ­лұматтар береді. Мұн­дағы қыран бүркіт бапта­ған саятшы мен күмбірлеген дом­быра үні де қай қазақтың да қанын қыз­дыр­­май қоймай­тыны анық. Мың бұралған арулар билері мен зергерлік әшекейлер жасап жатқан бармағынан бал тамған шеберлер әрекеті де оны қараған өзге жұрт­тың да таң­дайын еріксіз қақ­тырары сөзсіз. Қызылды-жасылды көмкерілген кө­рі­ністер әсем билермен жалғасын тауып, ел намысын ту етіп жиналған жұрт­тың көңілін көтере берді. Сырға толы қобыз үні мен шаңқобыздың са­зын да оны сағынған жұрт ынтыға тыңдады. Шаңқобызбен сазды әуенді Еділ Құ­сайынов нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласы­на бөленді. Енді бір сәт Самұрық құс ұшты сахнада. Халық әні «Ақбақай» әуенімен қалықтаған қыран көрінісі де ерекше сезім ұялатты. Бельгиядан арнайы келген әнші Лара Фабианның шыр­қаған әнін стадиондағы халық ерек­ше ілтипатпен тыңдады. Әсіресе, жастар жағы­ның оған деген құрметінің шексіз бол­ғанын айрықша атаған жөн. Осыдан соң жасанды қар түсіру мен көрермен­дер жағынан салтанатты шараның көркін қыз­дыра түсу мақсатында ар­найы ұйым­­дастырылған қар лақтыру шарасымен шоу өз жалғасын тауып жатты. Қорытынды сәт басы. Сахна төріне Азия Олимпиадалық кеңесінің туын Серік Қонақбаев, Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Әлия Жүсіпова, Кенже Сәр­секенова, Май Хван  сынды елімізге белгілі спорт қайраткерлері көтеріп шық­ты. Осы­дан кейін АОК-тің ресми әнұраны орын­далып, оның жа­лауы биікте желбіреген Қазақстан туы­ның жанынан бой түзеді. Дүбірлі доданың маңызы саналатын ашылу салтанаты мерекесі Астанада өтіп отырғанын ескерсек, қала әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов Ақ Азиадаға қатысу­шы спортшылар мен шараны ар­найы тама­шалауға келген қала қонақ­тарына, сондай-ақ барша қазақстан­дық­тарға жү­рек­жарды тілектерін жеткізуді де назардан тыс қалдыр­мады. Жарысқа қатысу­шылар мен қонақтар алдында сөз сөйле­ген Азия Олим­пиадалық кеңесінің президенті Ахмад әл- Фахад әл- Сабах Қысқы Азия ойын­дарын жоғары дең­гейде ұйым­дастыр­ған Қазақ­стан Президенті мен Үкі­меті­не, ұйымдас­тыру комитетіне, со­ны­­мен қатар Астана мен Алматы қала­лары­ның тұрғындарына алғыс сезімін білдірді. Сондай-ақ, ол Азиада өтіп жат­қан қос қала­дағы еріктілерге, баспасөз өкілдері мен демеушілерге де өз риза­шы­лығын жеткізе келе, қысқы спорт қуаны­шын бөлісуге ша­қыра­тынын да айтып өтті. Осыдан кейін мінбеге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев көтеріліп, сөз сөйледі де Қысқы Азия ойындарын салтанатты түрде ашық деп жариялады. Азиада алауы салтанатты рәсім бары­сында бас қазандықта тұтанып, жан­күйер жұртты желпіндіріп жіберді. Әбіл­сейіт Айханов, Жақ­сылық Үш­кемпіров, Дәулет Тұр­лы­ханов, Ермахан Ыбырайы­мов, Бақ­тияр Артаев, Жәнібек Қандыбаев, Тимур Тұр­сын­баев сынды саңлақтар күм­бір­леген төк­пе күй сүйе­мелдеуімен алауды салта­натты түрде жақты. Осы тұс шара­ны тамаша­лаушы халық рухты үнмен «Қазақ­стан!, Қазақ­стан!» деп ұрандап, отандас­тары­мыз­дың тек жеңіс биігінен көріну­леріне деген тілектерін осылай жеткізіп жатты. Бұл олардың елімізге жә­не отандас спортшы­ларға деген ри­ясыз ақ пейілден туған жүрекжарды ықы­ластары еді. Иә, еліміздің абыройын асқақтатар осынау байрақты сында жерлестерімізге сәт­ті­ліктер серік болғай. Артында ар­қала­нып дүйім жұрты тұрғанда отан­дастары­мыз олжаны көптеп салады деген үміт­теміз. Аталған шарадағы жан­күйерлер белсенділігі бізді осындай үлкен үмітті ойға жетелейді. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, Б.СӘРСЕНОВ.