• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Текетірес

352 рет
көрсетілді

Мұз айдынына қос Кореяның хоккейші қыздары аянбай-ақ қаржысты. Бірінші ке­зеңде Солтүстік Корея құрамасының ша­буыл­шысы О Чол Ок  9-шы минөтте есеп ашқанымен, араға 1,5 минөт салып оңтүс­тік­тік құрбысы Лю Кью Сун теңестірді. Жапония мен Қытай құрамасын 10:0, Қазақ­стан құрамасынан 11:0 есебімен оңбай ұты­лып, көңілдері жүдеп жүрген қыздардың қуанғаны-ай! Бұл үш ойында бірінші рет салған голы. Алайда, ойлағандары болма­ды. Солтүстіктің қыздары мінезді, әрі шеберліктері де жоғары екен. Үш кезең барысында Ли Ен Сун, Вон  Чол Сун, О Чол Ок, Ро Сун Бок және Рю Хьон Ми есепті  6:1-ге жеткізді. Қаны, тегі бір болса да кеше ғана бір біріне зеңбіректің оқпанын қаратқан екі мемлекет құрамаларының ойынын тамашалауға Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Рогге зайыбымен келді. Кеше  Қазақстан құрама­сына соққылар сериясы арқылы гол берген Жапония Қытай құрамасымен күш сынас­ты. Қандарында самурайлық рухы бар жапон қыздары жеңсе де, жеңілсе де бек­заттық мінездерінен танбады. Команда капитанынан бастап, жанкүйерлерге ізетпен бас иген Күншығыс арулары Аспан асты елінен келген хоккейші құрбыларына табандап ұрыс салды. Бірінші кезең алма-кезек шабуылмен өтті. Дене тұрқы нәзіктеу жапондарға қы­тай­лық қыздар қара күшті көбірек қол­данды. Онысы нәтиже берді. Ги Хутинг гол соқты. 1:0.  Екінші кезеңде қытай­лардың таңдаған тактикасы өздеріне сор болып жабысты.  Екі рет екі бірдей ойыншысы 2 минөттік айыпқа тартылып, жапон бестігі сансыратып жіберді. Қытай қақпашысы Хан Данни көп шайбаны қақты. Аспан асты елі  қорғаушыларының естері шыққаны соншалық, қақпашының артына өтіп кетіп жатты. Жапондар тамаша екі гол салды. Аоки Канае және Тамоко Сакагами. Шешуші үшінші кезеңге қытайлар қатты кірісті. Қыспаққа алды. Күшке салды. Жапондар қысылғанынан тәртіп бұза бастады. Екі рет төрттікпен қалды. Қарсыластары мұндай мүмкіншілікті жібермеді. Екі рет гол соқты. 3:3. Овертайм. 5 минөт қосымша уақыт белгіленді. Бұл жолы жапондардың жолы болды. №18 хоккейші Тамоко Сакагами гол соғып, команданы алға шығарды. Есеп 4:3, жапондар пайдасында. Қазақстан, Қытай және Жапония құрамаларының арасындағы тартыс тағы да шиеленісті. Жарыс жеңімпазы 3 ақпан күні ғана белгілі болады. Бақтияр ТАЙЖАН.