Елордада «Мәдени Азиада» бағдарламасы аясында – «Сарыарқа» сауда орталығында Спорттық тауарлар мен кәдесый өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.
Оны тамашалаушы жұртшылық спорттық киім үлгісінің сан түрімен танысып, ол жайында арнайы маман-сатушылардан кеңес алуда. «Азия спорт» дүкенінің сатушысы, көрмеге кәдесыйлармен келген Серік Матаев елімізде байрағы көтерілген Қысқы Азия ойындары отандық спортшыларға тың серпін береді деген сенімде екенін айта келе, бұл өтіп жатқан шара Ақ Азиадаға деген ел құрметінің белгісі екенін жеткізді.
Азиадаға арналған аталмыш шарада келген қонақтарға қолдарынан келгенше қолғабыс жасап елгезектік танытып жүрген еріктілерді де жолықтырдық. Өздерін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріміз деп таныстырған Гүлжиһан Өзденбаева мен Зарина Асабаева еліміздің абыройын көтеретін дүбірлі додада қызмет көрсету үлкен бақыт дейді күлімсіреген қалыптары. Бұларға бөлінген жұмыс Азиадаға арналған түрлі мәдени шаралардың басы-қасында болып, оған келуші жұртқа жол көрсету екен. Біз олардың өз міндеттерін мінсіз атқарып жүргендерінің куәсі болдық. Осы ретте жан-тәндерімен беріле жұмыс жасап жүрген еріктілерге еріксіз риза боласың.
«Мәдени Азиада» шеңберінде өткізіліп жатқан бұл шара 10 ақпанға дейін жалғаспақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.