• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Ағайынды сиқыршылар

482 рет
көрсетілді

Екі жігіт сахнаға шықты да, алдымен ұстараның жүзін кө­рер­мендерге ұстатып, қағаз тіліп көрсетті. Сонан кейін оның бірнешеуін шықырлатып жеп қойды, артынан аузына жіп салып жіберіп, әлгілерді тізіп шығарды. Бұл көрініс неше рет көрсе де, көрерменнің денесін тітіркендіреді, таңғалдырады. Осындай түрлі көріністермен бір сәтте көптің көңілін алуан түрлі құбылтатын сиқыршылар Төрехан Жұманов пен Асан Тайыралиевтің есімдерін қазір Қостанай жұртшылығы жақсы біліп қалды. Жап-жас балалардың осы өнермен айналыса бастағанына бес жылдай уақыт болды. Бүгінде Төреханның жасы 21-де болса, Асан 16-ға енді толды. Жастығына қарамастан, олар Алматы, Астана қалалары мен Ресей сахналарында өнер көрсетіп үлгерді. Сиқыр әлемінің жұлдызы саналатын ағайынды Сафроновтармен, комедиялық актриса Марина Федун­кивпен бір сахнада өнер көрсетті. Ең қызығы, сиқыршылықты екі жасқа еш­кім үйреткен жоқ, олар түрлі әде­биеттен, интернеттен өздері ізденіп, меңгерген. – Біз атақты сиқыршылар бас қосқан жиындарға барып тұрамыз. Олармен бірге сах­наға шығамыз. Негізінен, сиқыр­шылықтың сырын ашатын әде­биеттерден үйреніп, өзіміз жат­тықтық. Сиқыршылық түр-түрге бөлінеді. Біз соның әр түріне машықтанып келеміз, – дейді Асан Тайыралиев. Қос жігіт сиқыршылық өнерді өмір, тұрмыс салтына ай­нал­дырыпты. Бірақ өздері басқа мамандық алғысы келеді. Асан Қостанай экономикалық колледжінде оқиды, Төрехан колледж бітіріп, жұмыс істейді. Сиқыршылық – бізде аса дамып кетпеген өнер. Қостанай өңірінде осы кезге дейін бұл өнермен сахнаға шыққан ешкім бола қойған жоқ. Бұл өнер ұзақ жаттығуды, еңбекті қажет етеді. Сиқыршылар алдағы уақытта шеберлігін дамытып, үлкен сахналарға шығуды мақсат тұтып жүр. Олар бос уақыттарында ізденістен жалықпайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ