• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Демократияның тарихи тағылымы

342 рет
көрсетілді

Отандастарымыз Елбасы шешімін осылай бағалап отыр

АТА ЗАҢҒА АДАЛДЫҚТЫҢ АЙҒАҒЫ

Ғұмыр бойы партия, кеңес органдарында басшылық қызмет жасадым. Кеңестік қоғамда талай құбылыстардың куәсі болдық. Қай кезде де ардың туын биік ұстап, хал-қадерімізше елдің игілігіне күш-жігер жұмсадық. Со­ның бәрінен де еліміз тәуелсіздік алғандағы қуанышымызда шек болмады. Бар мақсат-мұратымыз осы жолға жұмылдырылды. Тәуел­сіз еліміздің іргесі беки түсуіне атсалыстық. Сол  бір кезде ата-баба армандаған ұлы көштің көшбасшысын халық дәл таба білді. Ол Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еді. Тәуел­сіз­дігіміздің елең-алаң шағынан бүгінге дейін қаншама қыруар істер атқарылды. Қаншама биік белестерге шығып, абыройымыз ас­қақтады. Ол күллі әлемнің көз ал­дында. Дана халқымыз болса асыл азамат, төрткүл дүние та­ныған біртуар тұлғаға деген ал­ғыс сезімдері мен ақ ниеттерін айтып келеді. Оның бәрін санамалап шығудың өзі қиын. Соның бірі бастамашы топ­тың Елбасы Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы­ның өкілет­ті­гін 2020 жылдың 6 желтоқ­са­ны­на дейін ұзарту жө­нін­дегі рес­публикалық референдум өт­кі­зу туралы Қазақстан хал­қына үндеу қабылдауы еді. Ол Елбасының халқымыздың бейбіт өмірі мен бақытты тұрмысына ке­піл бола­тындығына сенген­дік­тің анық белгісі, жарқын бола­шақ­қа деген арман-тілектен туын­даған-ды. Сон­дықтан ол үндеуге бәріміз де қосылдық, қуаттадық, қолдадық. Осы тұста менің бір байқағаным, Елбасына деген жас толқынның ықыласы бөлектігі. Өткен жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Маңғыс­тау­ға жұмыс сапары кезінде біздің Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде болып, студенттер мен емен-жарқын әңгімелесті. Ал олар  Ел­басына тікелей тапсыр­масы­мен Ақтауда халықаралық деңгейдегі жаңа заманғы технологиялар уни­верситетінің негізін қалағаны үшін алғыс сезімдерін білдірді. Бұл күндері университет бүкіл Каспий аймағының халықаралық білім беру базасына орай жұмыс жасауда. Білім ордасы жаңа заманға сай студенттік корпу­сы­на көшті. Студенттер қалашы­ғы­ның құрылысы жалғаса түсуде. Ал күні кеше теледидар ар­қылы Мемлекет басшысы, тәуел­сіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуін тыңдадық. Онда бес миллионнан астам қазақ­стан­дықтардың жүрек қалауы мен талап-тілегіне орай Парламент де­путаттарының референдумды қол­дау жөніндегі шешімді қа­былдамай тастағанын жеткізді. Және де бастамашы топқа, депу­таттарға, барша қолдау білдірушілерге алғыс айтып, бүкіл­ха­лықтық бастаманы аяқсыз қал­дырмай, Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізетіндігін айтты. Бұл дегеніміз елдіктің жолында ер­лік­тің де, кеңдіктің де, Ата За­ңы­мыздың алдындағы  теңдіктің де тамаша үлгісі. Талайларға та­ғылым болатын  оқиға. Біз Елба­сын қашанда, қайда да қолдай­мыз, сенім артамыз. Осындай асыл аза­матымыз барда арқа­мызды асқар тауға сүйегендей алаңсыз­быз. Бірлігіміз берік болып, тату­лы­ғы­мыздың тамыры тереңдей берсін.

Шабаз ИМАНАЛЫҰЛЫ, еңбек ардагері, Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ректорының кеңесшісі.

Ақтау.

* * *

ЕЛБАСЫНЫҢ ХАЛҚЫНА СЕНГЕНІ БҰЛ!

Көне тарихтың ежелден бері келе жатқан бір ақиқатына сүйенер болсақ, әрдайым өзі­нің қасиетті елі мен киелі халқының және жал­пы адамзаттың мүддесі үшін адал қызмет еткен әмірші мен билеушінің ғана есімдері мен істері ұмытылмай ғасырдан ғасырға кө­шіп, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып ауысып оты­рары бар. Әріге бармай-ақ, қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылғы кезеңіндегі қи­лы-қилы оқиғаларды тізбелеп ойға алар бол­сақ, кешегі кеңестік жүйенің ыдырауына бай­ланысты «Енді не істейміз, ендігі күніміз не болар екен?» деп абдырап қалған халықтың бірі едік біз. Мәскеудің айдағанына жүріп, айтқанына көніп жұмыс істеп үйренген дағды бойынша көшіміздің көлігін қай жаққа, қай арнаға бұрарымызды біле алмай дал болып отырып қалған жағдайымызды да, өзіміздің тәуелсіздігімізді жариялағанымызбен, өз бетімізше ел болып, мемлекет болып кетерімізге әуелі өзіміз сене алмай, жалтаңдап күй кешкен күнімізді де ұмытқан жоқпыз. Міне, осы бір ой мен істің дағдарысты ша­ғын­да қазақ тарихының сахнасына сол қазақ­тың бір перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шығып: «Туған елім, екі тізгін, бір шыл­бырды қолыма берген екенсіздер, сеніңіздер ма­ған!» деген өр дауысымен үн қатты. Міне, со­нан бері қазақ елінің тәуелсіздігінің бар тағ­дырын, соның бар ауыртпашылығы мен ұлы жауапкершілігін өз мойнына ала білген Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев өз халқының көңі­лінен шығып келеді. Тіпті, көңілден шық­ты деу­дің өзі аздау болар, Елбасы өз елі мен өз хал­қының жағдайын ойлауға келгенде еш­кім­нің ойына келмеген, ойына келсе де, бас­тау­ға да, атқаруға да батылдығы мен ерік-жігері жете бермейтін істерді бастап кеткендігін қайтерсіз! Аз жылдың ауқымында-ақ түрлі әлем­дік қауымдастықтың дәл ортасынан ойып тұ­рып орын ала білген Қазақстанның әлемдік аренадағы бүгінгі абыройы мен бүгінгі беделін бір ғана адамның, Нұрсұлтан Назар­баевтың есімімен ғана байланыстырарымыз тағы да ақиқат. Жарылыстан көз ашпаған қа­зақ даласының соры мен жан азабы болып кел­ген Семей атом полигонын жабу арқылы Елбасы адамзаттың да әлемдік мүддесіне адал екендігін сол айдай әлемге мәлімдеген еді. Сарыарқаның төсіне Алатаудың бөктері­нен ел астанасын көшірудің өзін Елба­сы­ның көрегендігі және көзсіз батырлығы деп санағанымыз абзал. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан әлі де шыға алмай, жұмыссыздық белең алып, әркім тапқан ай­лы­ғын, қарттар зейнетақысын уақытында ала алмай жүрген сол бір өлара тұста жаңа Қазақ­станның жаңа астанасын салуға кірісуге Назарбаевтан басқа өзге ешкімнің де батылы жетпес еді. Мұны астананы Ақмолаға көшіру кезінде болған түрлі көзқарастар мен түрлі ой-пікірлер дәлелдей түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің туған халқын кесек сөйлеуге, ірі істер атқаруға жетелеп келеді. Кешегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитінің өткізілуі және Астана Декларациясының қа­был­дануы әлемдік тарих беттеріне алтын әріп­термен жазылатын елеулі әрі айтулы оқи­ғалардың бірі. Ақиқатын айтар болсақ, Астана Саммитін өткізу арқылы тәуелсіз Қазақ­стан­ның әлемдік өркениетті елдермен иығы теңесті, абыройы аспандап, тағы бір биіктерге көтерілдік. Кеңестік жүйеде бір болған мем­лекеттерді, одан қалды Орталық Азияны қой­ып, барлық түркі әлемінде тұңғыш рет Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауы бұл ең әуелі әлем мойындай білген біздің Ұлт Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ақы­лы мен ойының, кемел кемеңгерлігінің және дүниежүзілік оқиғаларға байланысты ой айта алар, ширыққан мәселелерді ебімен шеше білер білікті саясаткерлігінің абыройы. Күні кеше Астана қаласында ашылған VІІ Қысқы Азия ойындарының салтанатты шеруі тағы да Қазақстанның, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да­на­лығы мен даралығын, кезінде «Елім-айлап» өз жерінен тұрақ таппай, шап­қыншылыққа ұшы­рап, жөңкіле көшкен, онан кейін ашаршылық пен небір замана нәубеттерінің зардабын тартып, сүйегі ақ сөңке болып шашылып қалған, жан сақтау үшін әлемнің төрт бұры­шына тарыдай ша­шырап кеткен менің ұлтым да, менің халқым да енді тезірек есейсе екен, тезірек әлемдік өркениетке барып қосыл­са екен, өзге жұртпен қатар тұ­рып, тең сөйлесіп, еркін жүрсе екен деп ойының қармағын әріге салған Елбасы өз елінің бүгінгі ұлдары мен қыздарын, біздің бәрімізді қыран болса екен деп соған баулып, тұлпар болса екен деп жаратып жатқандығын ұғына білейік. Егер біз әлі де жас мемлекетпіз деп бүгінгі өркениеттің жа­лы­нына жармаспасақ, келешекке көз тікпесек, болашаққа ұмтыл­масақ, ойымыз да тоқырап, ісімізден береке кетіп, бүгінгідей биікке шыға алмас та едік, уақыттың өзімізге тартқан сый-сыбағасынан да құралақан қалып та қоймас па едік?!. «Біз осылайша аз жылда абырой артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық, осы­ның бәрі жұртымызды жаһандық ауқымда ойлауға баулу мақсатында жасалуда», деп Елбасы өзінің биылғы Жолдауында анық әрі нақты айтып отыр. Рас, біз айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық! Ең әуелі Елбасы бастап, өзі қолға алған айбынды істерді жүзеге асыру арқылы айбынды ел бола алдық. Сол арқылы өзіміз де ой мен тәжірибе жинақтап, қуатты ұлтқа айнала білдік. Туған халқы Елбасына әрдайым сеніп келгендігі хақ. Сол сенім арқылы барлық қазақ­стан­дықтар «Біз қуатты Қазақстан үшін Елба­сымен біргеміз» атты ұран көтеріп, Прези­денттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасын көтеріп, өздерінің адал ниеттері мен шынайы көңілдерін білдірген болатын. Әрине, барлық қазақстандықтар референдум өткізуді қолдаймыз деу арқылы өз Елбасына әрдайым сенгендіктерін әлі де сенетіндіктерін қуаттаған еді. Бұл сенім Елбасының өзін де толғандырғаны анық. Күні кешегі Үндеуінде: «Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қол­дауы­нан артық биік баға болмайды», деп айтуы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз халқына деген тағы да бір адал көңілі мен қалтқысыз сыйы мен құрметін айғақтайды. Елбасының референдум өткізуден бас тар­тып, Президент сайлауын өткізу туралы ұсы­ныс енгіземін деуі Ұлт Көшбасшысының шы­найы демократтық қасиетін тағы да танытты. Бәрінен де, кез-келген мүддеден бұрын Конс­титуцияның биік тұратындығын Елбасы осы шешімімен тағы да бір айғақтап, көрсетіп беріп отыр. Ал енді осы Үндеуден біз Елба­сының өз халқына қалтқысыз сенетіндігін аңғардық. Шынын айтқанда Президенттің өкілеттігін ұзарту жолында референдум бола ма, жоқ әлде Президент сайлауы өткізіле ме, соның бәрінде де қазақстандықтар Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевты қолдап, тағы да сенім білдіретіндіктеріне өз басым кәміл сенімдімін. Елбасы өз халқына сенсе, туған халқы да Елбасына сенеді! Ажырамас осы бір қос ұғым – Сенім арқылы біз өзіміздің бүгініміз бен болашағымызды Елбасымен байланыс­тырарымыз анық. Назарбаевы бар Қазақстан тұрақты дамитын ел! Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, облыстық мәслихат депутаты,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Көкшетау.

* * *

ПАРАСАТТЫ ТҰЖЫРЫМ ЖАСАЛДЫ

Қазақстанға әлем жұртшы­лы­ғы елеңдеп, көз тігіп отыр. Оның себебі өткен жыл мен биылғы жыл тәуелсіз ел төрінде есте қа­ларлық дүбірлі оқиғалардың орын алуымен жалғасқаны дер едім. Күні кеше демократия салтанат құрып, Елбасы халыққа Үндеу жариялады. Туған Ота­ным­дағы қандай да бір жаңалық болмасын мені бей-жай қалдыр­майтындықтан оны теледидардан тыңдадым. Конституция берген құқықтар мен бостандықтар қоғамдағы кімге болсын ортақ екенін Президент бұл жолы тағы бір дәлел­деді. Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президентінің өкі­леттігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзартуды ұсын­ған ынталы топ бастап, бес миллион халықтың қолдауына байла­нысты Конституциялық Кеңестің шешіміне орай Елбасы соңғы тұжырымын жасады. Қазақстан – ерікті де еркін ел. Осы бағытта барша халықты адастырмай, көш бастаған Нұр­сұлтан Назарбаев елінің де, өзі­нің де абыройын асқақтатты. Мер­зімінен бұрын Президент сай­лауын өткізу туралы Үндеуін­де «Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таң­даудың орнына мен халқы­мыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын» деген сөзі мені терең толғандырды. Бұл дер кезінде жасалған батыл шешім. Елбасы өзіне, туған халқына сенеді. Ке­ңес дәуірінде ел басқарып, талай сайлауды бастан өткердік. Сайлауда халықтың жеке пікірі, Конс­титуциялық құқығы жүзеге асы­рылады. Қандай кезде де қазақ­стандықтар Президенттің жанкеш­ті еңбегін жоғары бағалайды, құсұйқылы күн кешетінінен де толық хабардар. «Елі сүйген Елбасы» деген баға бекер емес. Бүгінгі бақытқа кенелткен Тәуелсіздік пен Елбасын бөле-жара қарай алмаймыз. Ол Құді­реттің «Азды құрап, ел ет, сазды құрап жер ет» деген киелі сөзін жанына жалау еткен біртуар азамат. Біз үшін ол Тәңірдің сыйы, халқына адал қызмет етудің үлгісін танытқан тұлға. Қоғам болған соң кейде бәрі де тең түсе бермейтін сәттер болатыны заң­дылық. Бірақ, қай кезде қазақтың асығы дәл бүгінгідей алшысынан түсіп еді? Оған шүкір етейік. Үндеу ақпараттың күшімен дүние жүзіне тарайтыны анық. Бұл жаһанды тағы бір жалт қаратады. Шекарамызды таспен емес, доспен бекіткен Көшбас­шының бұл байламы талайларды таңдандырар. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы Ата Заңның талап­тары­на орай сайлау арқылы өзінің өкілеттігін ұзартуға батыл қадам жасады ғой. Ал, билікті білектің күшімен алып жатқандар аз ба?! Өзгелерге үлгі болатын қадамды қазақтың баласы жасағаны қан­дай қуаныш. Мұсылманның басты байлы­ғы мен мақсаты – бейбітшілік. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезінде: «Тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұғынуымыз керек» дегенін де жадымнан шы­ғар­ған емеспін. Адами қасиеттің биігіндегі Нұрсұлтан Әбішұлына деген қазақстандықтардың ыстық ықыласы шексіз. Демек, Президенттік сайлау өткізу арқылы халық алдындағы жауапкершілігіне парасатты тұжырым жасаған Елбасының Үндеуін жетісулық­тар да бір кісідей қолдап отыр. Әрдайым біз Елбасымен біргеміз. Аға ұрпақ өзіміздің де, ұрпағымыздың да тағдырын өзі­не ғана тапсырып, өркениет кө­шіндегі дана басшылықпен алға адымдайтынымызға бек сенімдіміз.

Төленді САРЫБАЕВ, Алматы облысының құрметті азаматы.

Алматы облысы.

* * *

КЕМЕЛДІЛІКТІҢ КЕСІМДІ ШЕШІМІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына үндеуі ұлағатты ұстаным ғана емес, өр­кениетті елдер қатарына қосы­лу­ға бағыт ұстаған тәуелсіз мемлекетіміздегі демократиялықтың қан­шалықты дамығанының жемісі де. Тұңғыш Президенттің өкі­лет­тігін 2020 жылға дейін ұзар­туға байланысты осындай жолды таңдауы қашанда қара басының бедел-биігін елінің намысы мен табысына арнайтын Нұрсұлтан Әбішұлының кесек шешім қа­был­дайтын келбетін көрсетсе керек. Елімізді экономикалық-әлеу­меттік және саяси жағынан ны­ғай­­тып, әлемге танытуда, орта­лық­ты Астанаға көшіруде, ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізуде батыл қа­дамдарға барған Тұңғыш Президентіміз референдум өткізу жө­нінде де салмақтылық пен сали­қа­лылық танытты. Бұл баста­ма­ны 5 миллионнан астам қазақ­стан­дықтар қолдағанына қара­мас­­тан Конституциялық Кеңеске жүгініп, оның Ата Заңымызбен қаншалықты қабысатынын зерде­ле­туінің өзі оның сарабдал сая­сат­шылығына, тұлғалы мемлекет қайраткерлігіне жатады. Ал референдум өткізуден бас тартуы және Президенттік өкілеттігін екі жылға қысқарта отырып, мерзімінен бұрын өткізілетін Президенттік сайлауға қатысуға әзірлігін баян­дауы Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының демократиялық қағи­даттарға адалдығын және өзіне деген сенімділігінің дәлелі дер едім. Халыққа да осындай басшы керек, сайлауға қатысатын қазақ­стандықтардың 5 миллионнан ас­тамының референдумды өткізуді қолдауы да сондықтан. Мейлі сайлау болса да Елбасы осындай қолдауға ие болады, оған кәміл сенімдіміз. Президенттің қара­пайым халықтың арасындағы беделі өте жоғары. Еліміздегі ба­қуатты тұр­мыс, ұлтаралық және конфессия­аралық татулық пен саяси тұрақ­тылық Елбасы есімімен тығыз байланысты екенін халық түсінеді. Елімізді мекендеген барша ұлт­тың арасында сүттей ұйыған татулықтың дем берушісі және ұйтқысы да Елбасы. Прези­дент­тің осындай сара саясатының жемісін мен де көріп келемін. Өзімнің ұлтым ұйғыр, осы өңірде еңбек жолымды бастадым, елдің құрметіне бөлендім, тамаша дос­тар таптым. Ешкім кеудемнен и­тер­ген жоқ. «Қазақстан ұйғыр­лары «Назигум» республикалық мәдени орталығы» Ақтөбе облыс­тық филиалын басқарамын. Бұ­дан артық не керек адамға. Конституция талаптарын қас­тер­лейтін, демократиялық даму­ды ұстанатын қасиетінен Нұрсұл­тан Әбішұлы бұл жолы да жа­ңылған жоқ. Қайта осы қадамы арқылы күні кеше ғана еліміздегі ынтымақ пен бірлікке аузын ашып, көзін жұмып кеткен әлем елдерінің қатарын көбейте түсті деп ойлаймын. Мен әр түрлі дең­гейдегі жиындарда Елбасының кө­семдігі мен шешендігіне, елдің ілгерілеуіне қатысты істерді қол­ға алғандағы көрегендігіне тәнті­мін. Елбасының Қазақстан хал­қына биылғы Жолдауы елдегі әлеу­меттік мәселелерді шешуімен жұртшылық көңілінен шығып, оған деген ел сенімін бұрынғы­дан да нығайта түсті. Қазір ха­лық­тың аузында осы Жолдауда белгіленген міндеттердің жүзеге асуының өмір сүру деңгейін бұ­рынғыдан гөрі де арттыратынды­ғына деген сенім. Себебі, жұрт бәрін көріп, бәрін өз бастарынан өткеріп сезініп отыр. Мемлекет басшысына деген ыстық ықылас алда да артпаса кемімейтініне кә­міл сенемін. Елбасы мұндай қол­дау­ға мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауында да ие бола­тыны сөзсіз. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы демократиялық жолмен сайлау өткізуді таңдап, тарихи тағылым­ды шешім жасады. Мұ­ның өзі кейбір бізге қызғана қарайтын мемлекеттердің өзіне еліміздегі де­мократияның дең­гейін мойын­да­татын шешім бол­ды расында. Ел­басының өрке­ниет­тің мүддесі­мен үйлесімді бұл шешімі өзге елдерге де үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Тілепжан ИБРАГИМОВ, «Қазақстанның 30 жылдығы» ЖШС директоры.

Ақтөбе облысы, Қобда ауданы.

* * *

ХАЛЫҚ ОҢ ШЕШІМ ЖАҒЫНДА

Елбасы референдумның өтпейтіні жөнінде халыққа үндеуін жариялады. Тәуелсіздік алған жиырма жылға жу­ық уақыттың ішінде еліміздің эконо­ми­касы серпінді дамыды. Дағда­рыс­тар­дан  сүрінбей, жығылмай өттік. Қа­зір мамыражай уақытта өмір сүріп отырмыз. Ауылдағы ағайынның жағ­дайы да жаман емес, көңілі де, көшуі де тоқтаған. Өзім ауыл шаруа­шы­лы­ғын ұйымдастырушы, кәсіпкер бол­ған­дықтан,  бұл саланың кейінгі кезде  инновациялық жолмен дами бастаға­нына  қуаныштымын. Техниканың бар­лығын жаңарту үстіндеміз, құр­ғақ­шылық жылдары да бидай егудің жаңа технологиясын пайдаланғандық­тан қамба құр болмайды. Өткен жылы беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға басшылық жасадық. Бұл еліміздің беделін арттырып ғана қойған жоқ,  Қа­зақстан  ұйымдағы  56 елге бейбіт өмір сүруді, демо­кра­тия­лық құндылықтарды құрметтеуді өз үлгісінде көрсетті. Мұны тізбелеп айтып отырғаным, осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген идеялары мен саясатының арқасында болатын. Ал оның  ішкі, сыртқы саясатының  дұрыс­тығынан Қазақстан осындай әлем танитын дәрежеге жетті. Рас, референдумды жақтадық. Бұл халықтың Нұрсұлтан Әбішұлы бас­таған идеяларын аяғына дейін жеткізсін деген тілегінен туған еді. Енді Елбасы бұл жолы да өзінің ешкім дау айта алмас, көптің көңілін тағы да тапқан дұрыс шешімін жасап отыр. Ол осы шешімі арқылы Конс­ти­туциямызды сыйлайтындығын, демократиялық құндылықтарға құр­метпен қарайтынын білдірді. Хал­қымыз «ұлық болсаң – кішік бол» демейтін бе еді? Өзін ешқашан халқынан бөле-жарып көрмеген ірі саясаткер осы ұстанымда қалды деп ойлаймын. Әйтпесе, референдум арқылы өкілеттігін созып алса, оған қарсылық болмайтындығын  бас­тама­шы топтың ісі көрсетті емес пе? Сайлаудың да сәтті өтеріне дауымыз жоқ. Әлемдік деңгейге көтеріл­ген сардар саясаткер сайлау­ға түсер, оған демократиялық ба­ғыт­та дамып отырған ел болған­дық­тан  баламалар да табылар. Бірақ бүгінде бір атаның балаларындай ұйып, аштықтың, жоқшылықтың не екенін білмейтін ұрпақ өсіріп отырған қазақстандықтар үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың орны бір бөлек деп білемін. Мен мұны жергілікті жерде, халықтың арасында біте қайнасып жүргендіктен, білгендіктен айтып отырмын. Халық қашанда дұрыс шешім жағында. Оны дауыс беру кезінде уақыт өзі  дәлелдей жатар.

Амангелді  ЖАЛҒАСОВ, «Ақкиік» ЖШС директоры,  облыстық мәслихат депутаты.

Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы.

* * *

ДҰРЫСТЫ ДҰРЫС ДЕУ КЕРЕК

Қоғамнан, саясаттан сырт тұратын адам жоқ деп білемін. Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады деген де сөз бар. Сондықтан жасымыз тоқ­санға жақындап келіп қал­ған­мен, қоғамда не болып жа­тыр деп алаңдап тұратынымыз рас. Ал біздің егемен еліміз бас­қасын айтпағанда, ескі жылдың соңы, жаңа жылдың басында елеулі оқиғалардан кенде болған жоқ. Ең алдымен Астанада әлемдік деңгейдегі саммит өтті дүркіреп. Одан кейін іле-шала біздің өңірдің азаматтары Ел­басы өкілеттігін 2020 жылға дейін созу мақсатымен референдум өткізу жөнінде игілікті бастама көтерді. Ал одан кейінгі жерде Мемлекет басшысының қос палаталы Парламенттің бір­ауыз­ды шешімін кері қайтар­ғанын білесіздер. Енді, міне Конституциялық Кеңес те жал­пы сайлаушылардың жартысы­нан астамы қызу қолдаған бұл бастаманың заңға томпақ келетіндігін айтып отыр. Әрине, Конституциялық Ке­ңес­тің бұл шешіміне Елбасымыз бір ай ішінде өз қарсылығын біл­діруге де болатын еді. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сарабдал басшы екендігін көрсете білді. Сөйтіп, қос палатадағы депутаттарымыз қолдаса кезектен тыс сайлау өткізіп, сонда бақ сынамақ. Елбасымыздың кезекті сайлауға дейін әлі екі жылы бар екендігіне қарамастан осындай қадамға баруының өзі бір жа­ғынан өзіне, екінші жағынан хал­қына деген зор сенімін көр­сете ме деймін. Мен осы жасымда көпті көр­ген жанмын. Сол ұзақ ғұмы­рым­да адам баласы үшін тыныштық пен бейбітшіліктен асқан ұғым жоқ деп білемін. Жоғарыда еліміздегі соңғы бір-екі айдағы жақ­сы мағынадағы жаңалықтар­ды тізбелеп шықтым. Ал әлемде не болып жатыр. Тунис пен Еги­петіңіздегі жағдай анау, Мәс­кеудегі жары­лысыңыз мынау. Жаратқаннан сон­дай апатты жағдайдың бетін аулақ қылсын деп тілейік. Алда, міне, ел тәуелсізді­гі­нің жиырма жылдығы келе жа­тыр. Соған дейін заңды Президентімізді сайлап алып, мерекені берекелі көңіл күймен атап өт­кенге не жетсін! Ал сан дүбірлі додада шашасына шаң жұқтыр­маған Тұңғыш Президентіміздің бұл жолы да топ жаратындығына бір мен емес, бүкіл отандастар кәміл сенімді! Асылхан БЕКБАЕВ, соғыс ардагері, Семей қаласының құрметті азаматы. Семей.