• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Мерейлі міндеттер межеленді

349 рет
көрсетілді

БЕРЕКЕЛІ БІРЛІГІМІЗ – БАЙЛЫҒЫМЫЗ Елбасы Жолдауында айтылған мақсаттарға жеткізетін басты құндылығымыз осы

* * *

«Президент Жолдауы жыл сайын ел болып елеңдеп күтетін маңызды құжатқа айналды. Биылғы Жолдаудың жөні де, жолы да өзгеше. Негізгі бағыт та, басымдық та жаңа әлеуметтік саясатты іске асыруға арналады. Елбасы ең маңызды 3 мемлекеттік бағдарламаға тоқталды. Ол – білім беру, денсаулық сақтау жә­не тілдерді дамыту мәселе­лері. Бұлар біздің қаламыз үшін де айрықша маңызға ие екендігі белгілі. Ал Жолдау олардың да­мып, өркендеуі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Демек, алдымызда мемлекеттің тұғы­рын биік ұстауға бағытталған ме­желі міндеттер тұр. Ендігі жерде Елбасы Жолдауының әр тармағын тарқатып, тапсырма­лар­ды тыңғылықты жүзеге асы­ру – баршамызға ортақ міндет». Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жолдауын талқылауға арналған актив оты­ры­сында Астана қаласының әкі­мі Иманғали Тасмағамбетов осы­лай деп жиналған қауымға сөз арнады. Шаһар басшысы өз баяндамасында Елбасы Жол­дауын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік жоспар қабылданғанын мәлімдеп, оның әр тармағын уақтылы орындау қажеттігін баса айтты. Отырыста мемлекеттік тілді пайдалануды сапалы, жаңа дең­гейге көтеру мәселесіне айрық­ша назар аударылды. Қала әкімі 2017 жылы қазақ тілін меңгер­ген қала тұрғындарының үлесін 80 пайызға, 2020 жылы бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін өсіру межесіне абыроймен жету қажеттігін атап айтты. Ал екінші кезекте 2013 жылы денсаулық сақтау сала­сы­на бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу нәтижелі аяқталуға тиіс екендігі, себебі, бұл халыққа көрсетілетін қыз­мет­тің, әсіресе, алғашқы ме­дицина-санитарлық көмектің жо­ғары сапалы болуын қам­та­масыз ететіні тілге тиек болды. Осыған байланысты И.Тасма­ғам­бетов қаланың денсаулық сақтау басқармасына халықтың, ең алдымен балалар мен жас­өс­пірімдердің, бала туу жасындағы әйелдердің денсау­лық жағдайын қадағалаудың жаңа тетіктерін әзірлеуді тап­сыр­ды. Сондай-ақ, Иманғали Нұр­ға­лиұлы өзінің орынбасарлары Василий Крылов пен Аида Ба­лаеваға және Қанат Сұл­тан­бековке Астананың әлеуметтік даму бағдарламасын бақылауға алу, қала экономикасының нақты секторын жандандыру бағдарламасын дайындау, қысқа мерзімде салалық жоспар әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Астана.