Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға кезекті Жолдауына дейін екі нәрсені ойлап жүретін едім.
Біріншісі – соңғы жылдардағы диссертация қорғау жұмысы жайлы. Өзім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы философия қорғау кеңесінің мүшесі болып келдім. Қорғалған диссертациялардың мәні шынында төмен болып жүрді. Кейбір қорғалып жатқан докторлық диссертация мәні жайында жаным ашып, қатты сын айтып та қалатынмын. Бірақ, ол жұмыстың нашар екенін кеңес мүшелерінің бәрі бірдей біледі. Дегенмен, өздері қолдағандықтан, көзін жұмып отыратын. Сондықтан мен де «ақ қарға» болмаймын деп, кеңестің ыңғайына жығылатынмын. Сөйтсем, елімізде осындай диссертациялық кеңестер саны 200-дей екен. Қорғағандар біршама, бірақ мәнісі төмен. Құр бос атаққа ие болды. Сондықтан да қорғағандардан ғылым саласына 60 кандидаттың біреуі, 37 доктордың біреуі ғана келетін. Қалғандарына ғылыми атақ тек мақтан үшін керек болған. Осыдан Президентіміздің бұл жұмысты тоқтатып, магистратура мен докторантураға бұрылу керек деген бағытын барлық ынтаммен қабылдаймын және жақсы болса деп тілеймін.
Екіншіден, егемендік алған алғашқы кезде елді асырап келген колхоз-совхоздардың таратылғанына жаным ашитын. Өйткені, жеке шаруалар колхоз-совхоздардың орнын баса алмайтынын сезген болатынмын.
Бүгінгі Жолдауда 2016 жылы еліміз экспортқа 60 мың тонна ет шығаратын болады, ол 4 миллион тонна экспортқа шығарылатын астыққа тең екені айтылған. Ол үшін ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Демек, ауыл шаруашылығы кешендері ашылатын болғаны. Ол үшін ауыл шаруашылығына 130 миллиард теңге қаржы берілетінін айтты. Бұл жаңадан 20 мың адамға жұмыс орнын ашады. Сондай-ақ, сол арқылы 100 мыңнан астам адам тұрмыс жағдайын жақсартады. Олай болса, бұл жаңа кешен ауыл шаруашылығының экономикасы мен мәдени дәрежесін көтеруге ықпал жасайды.
Соған сәйкес біршама шаруашылық салалары да көтеріледі. Мәселен, ауылшаруашылық мәшинелерін жасау, химияландыру, тамақ өнеркәсібін дамыту, техника жөндеу, зоотехникалық, ветеринарлық жұмыстар жақсы жолға қойылады. Мал шаруашылығының түрлі салаларында асыл тұқымды мал көбейтіледі. Олай болса, бұл кешендер жаңа белес, бұрынғы колхоз-совхоздардан тиімді және жоғары, батыстың фермерлерінен де жоғары нәтиже береді деп түсінемін. Бір ғана тілек – бұл кешендер шөбі мол, бұрынғы мал бағылған жерлерге орналастырылса демекпін. Олай болса, Президентіміздің бұл ұсыныстарын үлкен көрегендік деп білемін.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Алматы.