Қаймағы бұзылмаған республиканың шалғай аудандарының бірі – Қаратөбе. Ежелден халқымызға тән барлық тамаша қасиеттер – кеңпейілділік пен қонақжайлылық, дархандық пен қанағатшылдық, қолдағы барға шүкіршілік ету, аталы да баталы сөзге тоқтау бұл елдің бүгінгі тұрғындарының бойынан да толықтай табылады. Бұған өзгені тыңдай білу мәдениетін де қосуға болады.
Осындай тектілік пен мәрттік ахуалы Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің жұртшылық алдындағы қорытынды есебі кезінде де айқын аңғарылды. Аудан басшысының 25 минутқа лайықталған есебі нақты талдаулар мен салыстыруларға құрылуымен ерекшеленді. Қаратөбе – республикадағы мал шаруашылығын өрістетуге қолайлы өңірлердің бірі. Осы артықшылық аудан экономикасының басты көзі болып қала бермек. Есеп беру барысында төрт түлік малды өз төлі есебінен өсіру жолдары басымдыққа ие екенін білдік. Оның өсімі өткен жылмен салыстырғанда 100 пайыздан асып түсіпті. Мал өсірушілерді материалдық тұрғыдан көтермелеу қайтарымсыз субсидиялар беру есебінен іске асыпты.
Осындай көңіл көншітер істермен қатар, әлі де болса шешімін таппаған мәселелер де жеткілікті екенін есеп беруші жасырып қалған жоқ. Соның бірі кәсіпкерлікті дамыту ісінің бүгінгі талаптар деңгейінен төмен тұрғаны. Бұл түйіткілді тарқатудың басты жолы пайдалы іспен айналысқысы келетіндерге шағын несиелер беру болмақ. Сондықтан да алдағы жылы біз осы мәселеге баса назар аударып отырмыз, деді Наурызбай Қадырбайұлы.
Қаратөбе секілді тұрғындар санын 100 пайыз өз қандастарымыз құрайтын республиканың алыс аудандары мектептерінде білім сапасы төмен болып келеді деген біржақты көзқарастар жоқ емес. Дәл осындай сарындағы әңгімелер айтылып та, жазылып та жүр. Әйтсе де Қаратөбе топырағындағы білім сапасы мұндай сыңаржақ пікірлерді жоққа шығарады. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша өткен жылы аудан мектептерін бітірген түлектер облыста алдыңғы қатардан көрініпті. Атап айтқанда, 227 түлектің 73-і мемлекеттік грантқа ие болса, Қаратөбе мектеп-гимназиясы республикадағы ең үздік 100 мектептің қатарына қосылыпты.
Аудан әкімі Н.Қарағойшин есебінің тағы бір ерекшелігі – Қаратөбе секілді алыс ауданға жас мамандар мен кадрларды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарға жан-жақты тоқталғаны дер едік. Талдаулар төмендегіні көрсетеді. Бюджеттік несие қаражаты есебінен жас мамандардың белгілі бір бөлігі тұрғын үй сатып алуға қол жеткізген. Дегенмен, олардың бәріне коммуналдық тұрғын үй беру мүмкіндігі жоқ екені жиын үстінде ашық айтылды. Сондықтан да аудан басшысы бөлінген қаражатқа тұрғын үй сатып алу ғана емес, сонымен бірге, тұрғын үй салып алу мүмкіндігі жөнінде де ойлы ұсыныс білдірді. Тек сонда ғана жас мамандардың ауылға тұрақтануы үшін бюджет есебінен бөлінген қаражат тиімді жұмсалмақ.
Қаратөбе ауданының орталығында өткен жылы табиғи газ алауы тұтанды. Келесі кезекте оны әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге тарту міндеті қойылған-ды. Қаратөбе ауданына жаңадан тағайындалған әкім Наурызбай Қарағойшин дәл осы шақта іскерлік көрсете білгенін, аз уақыт ішінде көптеген нәтижелі іске қол жеткізгенін Қаратөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Бақытов айтып берді.
Алдағы жылы табиғи газ құбырлары аудандағы Соналы, Үшағаш және Қалдығайты ауылдарына тартылмақ. Оның жобалау-сметалық құжаттары әзір. Қаржыландыру мәселелері шешілген. Осы мәселеге қатысты залдан қойылған №12 Ақмешіт сайлау округінің депутаты Есен Ғұмаровтың сауалына аудан әкімінің есебіне қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Берік Толымбаев жоғарыдағыдай жауап қайтарды.
Аудан тұрғыны Альфия Мұхамбетрахимова әкім есебіне орай өз пікірін былайша білдірді: Қандай іске де жауапкершілік қажет. Елге газ келуіне байланысты оны пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын мамандар қажет. Ауданда осындай қызмет түрі әзірге өріс ала алмай отыр. Сонымен бірге, бізде балабақшаға деген сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан да мектеп-гимназия жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты одан босаған орынды балабақшаға беру орынды деп санаймын.
Тұрғын тілегіне орай аудан әкімі тарапынан оң жауаптар қайтарылды. «Бұл мәселелер биыл тиісті шешімін табатын болады», – деді ол.
Тақырыпқа шығарып отырғанымыздай, Наурызбай Қарағойшиннің тұрғындарға берген қорытынды есебінде іскерлік ахуалы айқын аңғарылды. Құрғақ сөз бен құрғақ уәдеге жол берілмегені, қандай мәселе қозғалса да оның нақты шешімдермен үндестік таба білгені аудан басшысы есебінің тағы бір жетістігі болып қалмақ. Сондай-ақ, залдан сұрақ қойған тұрғындарды ең алдымен жеке бас қамдары емес, елдік мақсат-мүдделер, оның оң шешімін табуы толғандыратыны да жоғарыда айтылғандай тұрғындардың аудан басшысы есебіне қатысу мәдениетінің биіктігін көрсеткені анық.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.