Кеше Үкіметтің селекторлық отырысында Ақтөбедегі қанды оқиғаға қатысты ақпараттар айтылды.
Отырысты ашқан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов алдымен барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады. «Өкінішке қарай осы қасиетті айда Ақтөбе қаласында қанды оқиға орын алды. Бірнеше адам қаза тапты. Жарақат алғандар да бар. Бұл өте өкінішті жағдай», деді К.Мәсімов. Бұл оқиға жайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады.
Қ.Қасымовтың мәлімдеуінше, 5 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 14.28-де теріс ағымдағы дін ұстанушылар қару-жарақ иемдену мақсатымен «Паллада» дүкеніне шабуыл жасаған. Дабыл кнопкасын басып үлгерген дүкен сатушысын қылмыскерлер пышақтап өлтірген. Оқиға орнына ең бірінші болып «Жедел күзет» ЖШС күзет ұйымының 2 қызметкері жетіп, оның бірі бірден оққа ұшып мерт болса, екіншісі жарақаттанған.
Осыдан кейін полиция қызметкерлері де келіп, қылмыскерлер оларға қарулы қарсылық танытқан. Атыс барысында 3 полиция қызметкері жараланған. Қылмыскерлер патрульдік машинамен бой тасалаған. Олар дүкеннен 17 мылтық, 3 газ тапаншасын, оқтар мен пышақтарды алып кеткен. Ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің саны нақтылануда, дүкенде түгендеу жүргізілуде.
«Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қарулы қылмыскерлер екі топқа бөлінген. 6 қылмыскерден жасақталған бірінші топ «Пантера» қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, онда бір адамды пышақтап өлтірсе, екіншісін жарақаттаған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері 3 қылмыскерді атып өлтірсе, біреуі жарақаттанған. Ал екеуі бой тасалап үлгерген. Дегенмен, олар сәл кейінірек қала сыртынан табылып, көздері жойылды. Екінші топ автобусты басып алып, жолаушыларды түсіріп жіберген. Осыдан кейін Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімі аумағына кіреберіс қақпаны автобуспен бұзып кірген және әскери қызметшілермен, оқиға орнына жеткен полициямен атысқан. Қарулы қарсылыққа тап болған қылмыскерлердің бір тобы тосқауылға түсіп қалса, екінші тобы қашып кеткен. Атыс барысында 1 қылмыскер өліп, тағы бірі жарақаттанған. Ал Ұлттық гвардияның 3 әскери қызметшісі қаза тауып, 6-уы жараланған. Олардың барлығы да қарусыз болған, ішкі режімге сәйкес қызметтерін атқарып жүрген», деді министр.
Қ.Қасымов қазіргі уақытта Ақтөбе облысында лаңкестікке қарсы операция режімі енгізілгенін, еліміздің ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы күшейтілген қызметке көшірілгенін атап өтті.
«Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қаза тапқан және жарақаттанған Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері мен полиция қызметкерлерінің отбасына материалдық көмек көрсету шараларын қабылдауда», деді министр.
Бұдан кейін Ақтөбе қаласындағы қоғамдық-саяси жағдай жөнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады.
«Қазіргі кезде облыста қоғамдық-саяси жағдай тұрақты және жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының толықтай бақылауында тұр. Қарақшылық шабуыл туралы мәлімет келіп түскеннен кейін жергілікті баспасөз, әлеуметтік желілер арқылы халыққа сабырлық танытып, ғимараттан шықпау, жүрісті шектеу туралы хабар берілді», деді Б.Сапарбаев.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірлік жедел штаб құрылып, ішкі істер департаменті бастығының жетекшілігімен лаңкестікке қарсы орталық жұмыс істеп тұр. Барлық құқық және арнаулы органдар арасындағы іс-қимыл үйлестірілген. Барлық коммуналдық қызметтер, қоғамдық көліктер, медициналық мекемелер штаттық режімде жұмыс істеуде.
«Ұлттық бірыңғай тестілеу 7 маусымға ауыстырылды. Толықтай алғанда облыс халқы лаңкестікке қарсы операцияның жүргізілуіне түсіністікпен қарауда. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетілетін болады», деді Б.Сапарбаев.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 7 маусымға ауыстырылғанына байланысты ақпаратты Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев толықтырып өтті.
«Кеше кешкісін балалардың қауіпсіздігі үшін екі пункттегі Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мерзімін 7 маусымға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ата-аналар мен ұстаздарға қажетті мәліметтер берілді. Барлық пункттерде ҰБТ штаттық режімде жүргізілу үстінде. Егер сіздің тарабыңыздан тапсырма болатын болса, онда мен Ақтөбеге өзім барып, жағдайды бақылауға аламын», деді министр Премьер-Министрге қарата айтқан сөзінде. Кәрім Мәсімов Ерлан Сағадиевке Ақтөбеде ұлттық бірыңғай тестілеудің дұрыс өтуін бақылауға алуды тапсырды.
«Барыңыз, жиналыстан кейін ұшып кетіңіз. Облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені бақылауға алыңыз», деді Үкімет басшысы. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова оқиғадан жарақат алғандар санын мәлімдеді.
«Дәл қазірге дейін 38 адам медициналық көмек алып, 2-еуі қаза тапты. Жеңіл-желпі жараланған 15 адам қабылдау бөлмелерінде қаралып, амбулаториялық емделуге жіберілді. 20 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 14-іне ота жасалды, тағы 3-еуіне қазір ота жасалуда. 9 адамның жағдайы өте ауыр. Кеше 6 жетекші хирург мінген санитарлық авиация ұшып кетті. Ота жасауға толық қатысты. Олар бүгін таңертең оралды», деді Т.Дүйсенова.
Бұл мәселеге орай қорытынды сөзінде Үкімет басшысы оқиғаға қатысты қолға алынған іс-шараларды жіті қадағалайтынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы бұл мәселені өз бақылауында ұстап отыр. Күш-қуат органдары бұл операцияны соңына дейін жүргізуі тиіс. Әкімдіктер, барлық мемлекеттік органдар сәйкесінше шаралар қабылдауы қажет. Ал одан әрі қарай қорытынды шығаратын боламыз. Біз бұл ретте бірқатар кешенді шаралар қабылдауымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын», деді К.Мәсімов.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»