• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2016

Нақты жағдай айтылды

428 рет
көрсетілді

Кеше «Ақтөбе ақпарат» орта­лығында облыс әкімі Бердібек Сапар­баев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, террористік оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, нақты жағдайдан хабардар етті.

Өңір басшысы қазіргі кезде об­лыстағы жағдайдың жергілікті атқа­рушы билік пен құқық қорғау ор­ган­дарының бақылауында екенін, облыс әкімдігінде өңірлік жедел штаб жұмысы ұйымдастырылғанын, Ұлт­тық қауіпсіздік департаментінің жетек­шілігімен террорға қарсы орталық жұмыс істеуде екенін жеткізді. Барлық құқық қорғау және арнайы органдармен тығыз байланыс орнатылғанын атап өтті.

– Қару-жарақ дүкені мен ұлттық гвардия әскери бөліміне жасалған шабуылға қатысы бар қалған қыл­мыс­керлерді жою бойынша іс-шаралар жалғасуда. Қазіргі кезде 12 қыл­мыскердің көзі жойылып, 5-еуі ұсталды, қалған қылмыскерлердің жеке басының мәліметтері анықталып, оларды ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүріп жатыр. Бүгін меди­ци­налық мекемелерге бірнеше жара­лан­ғандар әкелінді, олардың арасында бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоқ, негізінен әкелінгендер қыл­мыс­керлер. Кеше қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына мате­риалдық көмек көрсетілетін болды. Бар­лық коммуналдық қызметтер, қо­ғамдық көліктер мен медициналық мекемелер штаттық режімде жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, біз тұрғындардың антитеррористік операцияларды жүр­гізу барысында халық көп шоғыр­ланатын жерлер мен көңіл көтеру орындарына бармауына кеңес бере­міз. Мемлекеттік органдардың жүргі­зіп жатқан жұмыстарына, оның ішін­де құқық қорғау органдарының құжат­тарды тексеру әрекетіне түсіністікпен қарап, қажеттілігіне қарай тиісті қол­дау көрсетулеріңізді сұраймыз. Түрлі әңгімелерге бой алдырмай, тек қана мемлекеттік органдардың рес­ми ақпараттарын басшылыққа алу­ларыңызды сұраймыз, – деді Бердібек Мәшбекұлы.

Қазір қалада лаңкестерді құрықтау операциясы жалғасуда. Облыс орталығында террорлық әрекетке қарсы күшейтілген режім енгізілді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы
Соңғы жаңалықтар