Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде жексенбіде Ақтөбе қаласында болған лаңкестік оқиғаға қатысты қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері өздерінің үндеуін жариялап, мәлімдемелерімен таныстырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бір топ мүшесі өткен брифингке Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов, Ахмет Мурадов және ҚХА Кеңесінің мүшелері Анатолий Башмаков пен Айгүл Сәдуақасова қатысты.
Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі экстремистік сипаттағы келеңсіз оқиғаға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі өзінің отырысын өткізіп, үндеу қабылдағанын, онда экстремистік сипаттағы әрекеттерді айыптайтынын жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары сөзінің соңында қалың жұртшылықты қауіпсіз және тұрақты Қазақстанды нығайту және дамыту жолындағы Елбасының сындарлы саясатының айналасына ұйыса түсуге, қырағылық пен сабырлылық танытып, тұрақтылықты сақтауға шақырды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде діннің атын жамылған лаңкестерде қасиетті ештеңе жоқ екендігін қадап айтты. «Бұл оқиға Оразаға бір күн қалғанда орын алды. Осының өзі дінді бетперде етіп ұстанған адамдар үшін қасиетті ештеңе жоқ екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, бұл оқиғалардан әрбір қазақстандық сабақ алуға тиіс. Ең алдымен, біз мемлекетіміздің зайырлы сипатын, Конституцияда жазылған зайырлы мемлекет деген атымызды толық қалпына келтіру жөнінде көп жұмыстар атқаруымыз керек. Ақтөбедегі оқиға осыны тағы да еске салады. Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі әрбір қазақстандықты сабырлы, қырағы, ынтымақшыл болуға, қашанда еліміздің басты байлығы – достықты көздің қарашығындай сақтауға шақырады. Осы үндеу үлкен әңгіменің басы деп ойлаймыз», деді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмет Мурадов өз сөзінде еліміздің қай түкпірінде болған оқиғаның әрбір қазақстандыққа қатысы бар екенін айта келе, радикалдық, экстремистік, лаңкестік әрекеттерге тиісінше жауап беру қажет екендігіне тоқталды. Оған елдің мызғымас бірлігі арқасында мықты тосқауыл қоюға болатындығын жеткізді. «Аталған оқиғаға қатысты құзырлы орындар тарапынан қабылданған шешімдер алдағы уақытта оның қайталануына жол бермейді деп сенеміз», деді Мәжіліс депутаты.
«Кез келген проблема конституциялық және бейбіт жолмен, құқықтық тәсілмен шешілуі тиіс. Ақтөбеде орын алған оқиғаны айыптай отырып, алдағы уақытта қазақстандықтарды қырағы болуға, патриот болуға шақырамын», деп түйіндеді өз сөзін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анатолий Башмаков.
Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасованың айтқаны зерттеу барысында нақтыланған халықтың пікірімен астасып жатты. «Жалпы, қазақстандықтар өздерінің ой-пікірлерін білдіргенде, елімізде бірлік болсын, елімізде мызғымас ынтымақ болсын дегенді көбірек айтады. Бұл – әлеуметтанушылар тарапынан зерттеу жүргізілгенде жиі кездесетін тұжырымдар. Сондықтан Ақтөбеде болған оқиғаны сарапшы ретінде қарастырсақ, халық мұндай лаңкестік оқиғаларға жол бермеуге, осыған бір халық болып, бір ел болып, бәріміз бірге қарсы тұрайық деген пікірлерін айтып жатыр», деді.
* * *
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов бұл зұлымдық әрекетті бір шеті ұрпақ тәрбиесінде кеткен кемшіліктен екендігімен, ата-аналар жауапкершілігінің төмендеп кеткендігімен түсіндірді.
«Ақтөбеде болған жағдай бәрімізді үлкен уайымға салды. Бұл жағдай бәрімізді біріктіру керек деп есептеймін. Ең бастысы, біз қазір елдік мүддемізді, ынтымақтастығымызды көрсете білуіміз керек. Тағы да бір айтарым, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру қажет. Бұл – біріншіден. Екіншіден, біз ата-аналардың жауапкершілігін өте жоғары деңгейге көтеруіміз қажет. Барлығы өздерінің тәрбие жұмыстарына жауап беруі тиіс», деді Нұрлан Ерімбетов.
Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева өз сөзінде ел басына күн туған кезеңде бірігу керектігіне баса назар аударды. Еліміздегі бейбіт өмірді шайқалтқысы келетіндерге жол бермей, сол үшін күресуге, үрейге бой алдырмай, елдің тұрақтылығын қорғауға шақырды.
* * *
Орталық коммуникациялар қызметінің келесі қонағы Қазақстан Коммунистік халық партиясының құрметті хатшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев та ҚКХП Ақтөбедегі террористік актіні айыптайтынын жеткізді. «Радикалдық ағымдағылардың террористік әрекетінің кесірінен жазықсыз азаматтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тауып, бірқатарлары ауыр жараланды. Тағылық әрекет қасиетті Рамазан айының қарсаңында болды. Кінәлілер көп ұзамай ұсталып, жазаларын алатынына сенімдімін. Ақтөбеде орын алған оқиға лаңкестікке қарсы көпшілік болып күресу керек екендігіне көзімізді жеткізді», деді В.Косарев.
* * *
«Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Бөрібек «Бірлік» партиясының 5 маусымда Ақтөбеде орын алған жалған діни ағымның террорлық әрекетін қатаң түрде айыптайтындығын жеткізді. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында жасалған тағылық оқиға зұлымдықтың шегіне жеткен әрекет екендігін көрсетеді, деді ол.
Сондай-ақ, Бауыржан Бөрібек партия атынан қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айта отырып, әрі қарай қоғамда ынтымақ мен бірліктің салтанат құруына мүдделілік танытатындықтарын білдірді.
* * *
Кезекті брифинг «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдеріне тиді. Әуелі сөз алған партия төрағасы Азат Перуашев Ақтөбеде орын алған оқиғаға байланысты «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің президиумы арнайы мәлімдеме қабылдағанын айта келіп, сөзді Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбиновқа ұсынды.
Берік Дүйсенбинов Ақтөбе қаласында жантүршігерлік лаңкестік шабуылдан жазықсыз жандардың опат болғандығын, шабуыл жасағандар жұртшылықты қорқыту, азаматтардың өз мемлекетіне деген сенімін бұзу мақсатын алдына қойғанын атап өтті.
«Ақ жол» партиясы болған лаңкестік шабуылға өзінің наразылығын білдіреді. Және оны ұйымдастырушыларды батыл түрде айыптайды. Қасиетті Ораза айының қарсаңында жасалған қанды қырғынды ұйымдастырушылардың шын діни сенімге, ислам болсын немесе басқа болсын, ешқандай қатысы жоқ екенін көрсетуде. Біз құқық қорғау органдарын конституциялық тәртіпті қолдауға және біздің азаматтарымыздың құқықтарын кез келген жерде қорғауды қамтамасыз етуге шақырамыз.
Біз барлық қазақстандықтарды Ақтөбе өңірінің тұрғындарына ынтымақтастық білдіріп, біздің тәуелсіздігімізді байсалды да сенімді түрде қолдауға шақырамыз», делінген «Ақ жол» партиясының мәлімдемесінде.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»