Жәркен ақынның жыр әлемiне шолу жасағанда «Айналмас шен мен шекпенге, Өлеңiм – арым, ұятым» деген жүрекжарды сөзi алдымен ойға оралады. Себебi, өлеңдерiнiң – айтылған әрлi әр сөзiнiң, шуақты шумақтарының жаны жаурағанды жылытар оты бар екендiгi ақиқат. Ақынның ағынан жарыла айтқан «Дәмдi сөздi аузыма, Құдай өзi салып тұр» деген сырына да құлақ асасыз. Ортаға салған осы пiкiрiмiздi дәлелдеу үшiн нақты мысалдарға жүгiнгенiмiз жөн болар.
Айталық, жүрегiнен жыр сауған Жәркен ақынның өнердi өлеңге айналдырған қаншама шұғылалы шығармалары бар. Соның iшiнде, әлемге әйгiлi француз суретшiсi Винсент Ван Гог пен қазақтың көрнектi қылқалам шеберi Үкi Әжиевтiң өмiр-тағдырлары мен кейбiр шығармаларының сыр-сипатын өлеңде өрнектеген поэмаларын бөле-жара атап айту өте орынды.
Тiршiлiгiнде тiрi жанға керегi болмаған, еңбектерiн ешкiм елемеген Ван Гог өзi өлген соң ғана дүйiм ел, дүние жүзiне даңқы асқан дарынды суретшi екендiгiн мойындатқан едi. Жәркен сол бiр өле-өлгенше кедейшiлiк күн кешiп, өмiр бойы өрен өнерiнiң қызығын көрмей, тау мен дала кезiп, қаңғыбас атанып, ақыр соңында айықпас дертке душар болып, атылып өлуден басқа амалы қалмаған қанатты қылқалам шеберiнiң қилы тағдырын асқан ақындық шабытпен жырына қосқан.
Бүгiнде қазақ қылқалам шеберлерiнiң арасында тамаша талантымен танылып, атақ-даңқы алысқа тараған суретшi Үкi Әжиев туралы дастан да сәттi туынды. Онда бала кезiнен тау-тас аралап, табиғатпен туыстасып кеткен жас суретшiнiң шығармашылық жолының әдемi әдiптелiп, өнердiң таңғажайып туындыларының сөз арқылы суреттелуi ғажап.
Ақын тау мен қаланың сан алуан өрнегiн салып, батырлардың бейнелерiн сомдаған атақты суретшiнiң бояуларын сөйлетедi. Бұл жерде Жәркен ақынның поэмасы тақырыбы жаңалығымен қатар, формалық жағынан да жаңашыл екендiгiн айту парыз. Поэмада Үкiнiң «Медеу», «Күз», «Теңiз», «Гоби үстiндегi түн», «Қызымның портретi», «Автопортрет», т.б. суреттерiндегi бояулар баяны жыр жолдарына көшкен. Ақын суретке қарай отырып суретшiнiң көрерменмен бояу тiлiмен бөлiскен ой-армандары туралы сыр ақтарып, оқырманмен пiкiрлесiп отырғандай. Оның дәлелi ақынның әр суреттен өзiндiк ой қорытуы.
Болғандықтан күн қуатты, жер семiз,
Пiспей қалар ештеңе жоқ келсе күз...
...Жою жайлы соғыстың, сұм қаруын,
Адамдардың сөзi әлi де жоқ пiскен.
(«Күз»)
Суретте күрсiне толқыған көк теңiз ақ кенепке көкшiл болып көшкен екен. Осы «Теңiз» аталған суреттi салу барысында суретшi көп iзденiп, ақыры туындысының арқауын тапқан. Ақынның бiздерге түсiндiруi соны айғақтап тұр:
...Еске алғанда Хиросима тағдырын,
Бүкiл жапон күңiренедi теңiз боп.
Бұл қиялдан туған туынды емес, суретшiнiң Жапонияға шеккен сапары салған ойдың жемiсi.
Ал «Гоби үстiндегi түн» суретiнiң әсерiн ақын қалайша қисынды қиыстырған десеңiзшi. Төрт мұхитты түгел сарқып құйсаң да Гоби шөлiнiң сусынын қандыру мүмкiн емес дей келе, суретшiге қосыла ақын да:
...Өзiм де осы Гоби шөлi секiлдi,
Сусыным бiр қанбай қойды-ау өмiрге...
– дейдi. Өмiрдiң философиясы өлеңде осылайша өрнектелуiне қалай ғана сүйсiнбессiң.
Суретшiнiң «Қызымның портретiнiң де» мерейлi сезiм, мағыналы мақсатпен кескiнделгенiн бiрден сезесiз. Өмiр озар, ажар тозар, сол кезде қызғалдақтай құлпырған қыз күнiңдi сағынарсың. Сонда осы сурет арқылы сол сағым жылдар ойыңа оралар. Суретшiнiң ой-тұжырымы осы. Ақын болса жастық шақтың бояуын сақтап қалған қылқаламда бiр құдыреттiң бар екендiгiн, яғни суретшiнiң шын шебер екендiгiн еске салып отыр.
Көңiлi көктем суретшiнiң аяулы арманын ақын жерiне жеткiзе жырлаған-ақ:
Барлық бояу, бала жастан досым ең,
Мен иiсiңдi сезем де көсiлем.
Бояу иiсi,
Жөргек иiсi,
Гүл иiсi
Дүниенiң арылмасын төсiнен...
Суретшi «Ұйқастырып жырларындай ақынның, Бояулардың басын қосып жатырмын» деп сыр ағытса, ақын оның астарлы iшкi ойын екi жол өлеңмен түйiндей салады:
...Күллi адамзат тiл табысса бояудай,
Планета кетер едi гүлденiп...
Қысқаша қайырып, тұжырымды пiкiрiмiздi айтар болсақ, ақын Жәркен Бөдешұлының жоғарыда әңгiмеге арқау болған қос поэмасы тақырып, мазмұн, түр жағынан да, көркемдiк өрнегi – тiлi, стилi жағынан да қазақ поэзиясына жаңалық әкелген, рухани олжа салған толымды туындылар.
Жалпы алғанда Жәркен ақынның поэмалары саналуан әрi сан тақырыпқа арналған. Бұл орайда Махамбет ақынның Қараойдағы бейiтiне барып қайтқан сапардан кейiн жазылған «Жол киесi», әзiз ақын Мағжан Жұмабаевтың пешенесiне жазылған тауқыметтi тағдырдың мехнатты жолы арқау болған «Бозторғай-жүректе», атамекенiне ат iзiн сала алмай, арманда кеткен әрi ақын, әрi әншi Әсет Найманбайұлы туралы «Ақ марқа» поэмалары құбылмалы қоғам, алмағайып заман басқа түсiрген ауыртпалықтың тоқсан толғауы десе болар.
Жiлiктеп бөле-жарып, жеке-жеке талдауға мақала ауқымы көтермейтiн болған соң, таңдамалы санатындағы соңғы кiтабы «Құбылысқа» қосылған тоғыз поэмасының мазмұнына емес мақсатына, түйiнiне тоқталып, бiр-екi ауыз пiкiр айту парызымыз.
Айталық, «Жалғыз» поэмасының түпкi мақсаты жаратқан Иемiз – Құдайдан бастап бар дүние-әлемде бәрi жалғыз екендiгiн еске сала отырып, сол даралықты санаңмен саралап, бағасын бағамдай бiлу жөнiнде философиялық ой түйiндеген толайым туынды. Осы бiр шығар күндей шындықты жетемiзге жеткiзудi мақсат еткен ақын көкiрегiн кернеген ағыл-тегiл ойларын ортаға салуға асық:
Бұл жалғанда кiм жалғыз?
Ақ борықтай Ай жалғыз,
Айдан нұрлы Күн жалғыз,
Жарқырап тұрған Шолпан да,
Жалғыздығын сезiнер...
Жыр боп мәңгi жасарға,
Абай жалғыз қашанда,
Абай жалғыз болғасын,
екеу емес Мағжан да...
Көңiлде бар көп түйткiл,
айтыла бермес көбiнде,
Өмiр жалғыз болғасын,
екеу емес өлiм де...
Кiм жалғыз бұл жалғанда?
Қара жер жалғыз қашанда,
Адамның жетпес ақылы қолдан оны
жасарға...
Әлбетте, ақын жалаң жалғыздықты әуезе етiп отырған жоқ. Оның көксегенi ғұмырлы ғұламаларға жарасқан жалғыздық әлемi. Осыдан шығарған түйiнi де түйсiндiретiн шалқар ойға шомылдырады:
Жалғыздықты – даралық, даналық
деп түсiнем,
Тағдырлар бар сан алуан, iшiнде
ала-құласы.
Жалғыздықтан жаралған адамзаттың
баласы.
Данасы мен дарасын мәрмәр тасқа
қашайды ел,
О, жалғыздық, жасай гөр,
о жалғыздық, жасай бер.
Осыдан келiп жарық дүниеде Ақынның да, Дананың да жалғыздығы секiлдi Өмiрдiң де жалғыз да жалған екендiгiне, сағым өмiрдiң бiр сәттiк екендiгiне көз жеткiзе түсесiң.
Келесi поэма «Шер». Осынау шағын дастанға қазiргi заманның зар-мұңы шертiле отырып, соның себеп-салдарына ой жүгiрткен ақынды алдағы күндер алаңдатады. Жәркен ақынның бұл туындысының құрылымы да өзгеше. Оқыс оқиғадан аяғы сынып, балдаққа сүйенiп қалған жарына жаны ашыған, қайғырып-қамыққан ақын көшеде кешегi қанды қырғын Ауған соғысына қатысып, майданнан мүгедек болып оралған жауынгерге жолығып қалады. Оның да сүйенгенi қос балдақ. Осы ұқсас екi тағдырдың тартқызған тақсыретiн баяндай отырып, ақын бүгiнгi қоғамның зарыға шертер зардаптарын жайып салады:
Жолбарысы кеткесiн жұтаң тартты нарқамыс, Айбынды еркек ай қарап, аласарды ар-намыс. Сыйынып аруақ, Тәңiрге, көз салсаңыз жан-жаққа. Өркениет заманы сүйенiп тұр балдаққа... Ақыл ақсақ. Ар ақсақ. Намыс ақсақ. Сана ақсақ. Қиял ақсақ. Ой ақсақ. Сенiм ақсақ. Серт ақсақ. Ақсақ. Ақсақ. Бәрi ақсақ...
Өтпелi кезеңнiң өкiнiштi тұстарын тiзбелей келе, ертеңгi күндерге алаңдап, тән жарасы жазылар-ау, ал жан жарасын қайтемiз деген философиялық салмақты сауалымен-ақ бағасын асырып тұр.
Жәркен ақынның тағы бiр философиялық туындысы – «Қаныштың картасы» поэмасы. Осынау ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев өмiрiнiң үзiк сырын шығармасына арқау еткен ақынды пәлсапалық парасат биiгiнен танытқан бұл поэма да қазақ поэзиясына олжа салған өрелi туынды. Поэма ақын мен ғалымның сырласуы, iшкi монологтары арқылы айшықталған.
Қаныштың әрi қарапайым, әрi теңiздей терең ойларына: «Қазаныңа қазағым, ет қайната бергенше, тасырлатып тас қайнат. Сұрғылт тастың құны артық. Бәрiн жалмап жұтады, бұл жалғанның тозағы. Тастан өзге өмiрдiң бәрi шiрiп, тозады». Осынау жыр жолдары жас ұрпаққа «Қой бағып, жылқы қайыра бергенше, өмiрдiң жаңа жолына түс, өндiрiске аралас, бүгiнгi уақыт талабына бетбұрыс жаса» деген кемеңгерлiк кеңеске, тас арқылы: «Туған жерден аумайды, жат емшегiн саумайды» мадақ сөздi қоса айтуы да зерделi жанды ойландырса керек. Ақын атақты ғалымның аузына: кен байлығының кереметтiгiн, халықты асырайтын, табылса таусылмайтын қазына, сондай-ақ оның отаншыл, ұлтшыл адамдар секiлдi кiндiгi атамекенге мәңгi байлаулы екендiгi туралы тәпсiлдi тегiн салып отырған жоқ. Жер байлығы – ел байлығы. Елi бар ер, елi жоқ ер қор. Тастай қатып туған жерден табан аудармасаң ғана азаматсың. Оқырманмен бұдан артық ой бөлiсу мүмкiн бе, иә қажет пе? Тау-тастың қойын-қойнауы толы қазба байлық, елiңнiң ырыс-несiбесi әрi ол тоңып-жаурасаң панаң дегендi айта отырып, ақын одан да санаңа сабақ алатын парасатты ой сабақтай бiлген. «Панасы бар тау артық, қайыры жоқ паңдардан» дегенiне қалайша қосыла кетпейсiң.
Сондай-ақ, сөз арасында, қисынын келтiрiп айтылған: «Өрт шалса да күймейдi, тасқа түскен өрнегiң – Не жазсаң да тасқа жаз, еш кетпейдi еңбегiң» пiкiрi де тарихта тасқа таңбасын қалдырған түркiнiң көне жазбаларын тiлге тиек етiп, көшпелi болсақ та көне мәдениетi, байырғы жазуы бар еңселi ел болғандығымызды, менсiнбей, мұрын көтерген өркөкiректердiң меселiн қайтарып, көкiрек көздерiн ашу үшiн айтып отырғаны да түсiнiктi. Сөйтiп, ұлт тағдырын, қазақ елiнiң бүгiнi мен болашағын ойлап, ұлы мақсатын ұрпағының бақыты жолына арнаған кемеңгер ғалым Қаныш өмiрi өлеңге, өнегеге айналып тұрғаны да Жәркен ақынның жыр қашаудағы жетiстiгi.
Жәркен ақынның дастандарына дара-дара тоқталып, әрбiрiне әлiмiзше – ой-санамызға салып саралап, түйiн түймесек обал болатындай. Сондықтан поэмалары жөнiндегi сөзiмiздi жүйелей жалғастыра бермесек болмас. Ендеше, ендiгi әңгiме әуенi тарихтан терең сыр ашқан «Аңырақай бекетiнде», «Жақия», «Жол киесi», «Бостандық басы» поэмаларына ойыссын. Бұл поэмалар да тақырыптарынан-ақ байқалып тұрғандай, қалмақ шапқыншылығы кезiндегi қазақ батырларының елiн қорғау жолындағы қиянкескi күресi және отаршылдықтың қыл бұрауынан құтылып, бодандықтан бостандыққа ұмтылған намысты ұлтымыздың ұландары Исатай мен оның ұлы Жақияның, он жыл бойы ат үстiнен түспей арпалысқан айбарлы Кенесары ханның ерен ерлiктерi айызыңды қандырып, құмарыңнан шығаратын шуақты жыр шумақтарымен өрiлген. Бұл поэмалардан санаңда сабақтап, зердеңе тоқып алатын ортақ ой бiреу. Елдiгiңдi сақтау үшiн ерлерiңдi ардақтап, олардың ерлiктерiн өмiрлiк өнеге, ұлттық ұран деп дәрiптеу қажет. Сонда ғана тәуелсiздiк туы мәңгi желбiреп тұрмақ. Ұлтымыздың ұлы мұратын ғасырлар бойы ұлық тұтып, халқының бақытты ғұмыр кешулерiне даңғыл жол ашатын сол даңқты дарабоздардың мұрагерлерiне аманаты осы поэмаларда ар-намысыңды оятып, жан-жүрегiңмен сезiнетiндей отты, жалынды жырлар арқылы жеткiзiлген.
Тәуелсiздiктiң елең-алаңында, ел-жұртымыз ендi есiп жиып, етегiн қымтай бастаған тұста – сонау тоқсаныншы жылдардың басында Орал қаласында болған оқыс оқиға әлi ұмытыла қойған жоқ. Жергiлiктi казактар азаттығымызға арам пиғылмен қарсы шыққан болатын. Өшпендiлiк өртi ендi болмаса тұтанар тұста – қаршадай қазақ әйелi ортаға шығып, ақ орамал тастап, бозторғайдай шырылдап пәтуаға шақырмағанда қанды қырғын болуы кәдiк едi. Ақын Жәркен осы сойқанды тоқтатқан ақылгөй Ананың ерден бетер ерен ерлiгiн жан-жүрегi жарыла, ақтарыла жырға қосып:
...Менiң халқым талай ғасыр
бұйыққан,
Көшiн алып шықты бүгiн тұйықтан.
Алтын басым азаттықтың жолында,
Арманым жоқ ыршып түссе иықтан, – деп кейiпкерiнiң аузына сөз салған ақын ұлтының жiгерiн жанып, қайтпас қайсар ерлiкке шамырқана шақырып тұр ғой. Сондай-ақ, ақынның:
...Бостандықтың бостау әлi белбеуi,
Есiнемей есiңдi жи естi жұрт,
– деген ескертпесiн де жадымызға жазып қойсақ артық болмас едi, ағайын.
Ендігі әңгiме желiсiн ақынның туған жер туралы толғауларына қарай бұрғанды жөн көрдiк десек, Жәркен жырлары жаңа қыры, соны сырымен бөлекше тұр. Осы жерде оның мен емес, тағдырым ақын деген аталы сөзi ойға оралады.
Атамекендi аялаудың өлмес өнегесiн ақын жыр жолына төмендегіше түсірген:
Туған жердiң қар, мұзы,
Аязыңмен жуындыр.
Туған жердiң бал қызы,
Бұрымыңмен буындыр...
Жәркеннiң жүрегiңдi шымырлатып, шым-шым ойға батыратын, құмарыңды қандыратын жауһар жырларын оқи бастаған сәттен көңiлiң күйдей күмбiрлеп, сезiмiң селдей тасып, ерекше емiренiп, тебiренiп, ойың толқып, толғанып, қиялың қыранша қалықтап, бiр рахат күй кешесiң. Ал бұл өрнегi бөлек өлеңдердiң кемел ойы көркем сөзбен әдiптелiп, оқырман жүрегiне тура жол тауып, ой-сезiмiнiң қылын шертiп, шындықтың шырайын шығарып тұрғандығының айғағы. Жәркен жырлары жүрек елжiретер сырлы әуенiмен, терең ойға батырып, сезiм сұлулығымен сиқырлай арбап, көркемдiгi көкiрегiңде суреттей сақталар орамды образдарымен, тұңғиық та тылсым сырларымен бөлiсiп, түсiну мен түйсiну арқылы жан дүниеңдi байытатын бейнебiр рухани қазына қоймасындай.
Ақынның өмiр-тiршiлiктiң құпия да терең қатпарлы қыр-сырын көруi, сезiнуi, тануы, оны ой-сезiм көрiгiнде шыңдауы да елден ерекше. Оның айрықша – сұңғыла суреткерлiгi – өлеңдерiнiң өзгеше өрнектiлiгi мен сезiм тербер саздылығында. Жәркеннiң табиғаттың таңғажайып көрiнiстерiн өлеңдерiнде төгiлте, тамылжыта, тамсандыра, таңдандыра өрнектеуi қандай ғажап. Сөз қолданысындағы соншама зергерлiгi зердеңе сәулесiн түсiрiп, ойыңа ұя салары да керемет қасиет қой. Ақынның сырын шертiп, мұңын шағуы оқырмандарын ойлантып, толғантудың табылған амалы. Жәркен өз жырларында оқырман ойын, қиялын, арман-аңсарын астарлап та, ашып та айтуға асық. Оның осы орайдағы орамды ойлары, тыңға түрен салған iзденiстерi қуантады. Оқырман жанын жадыратып, жүрегiн жылытып, көкейiне қона кететiн iзгi ойы орамды да арналы жыр шумақтарынан айналасына нұрлы шуақ шашылып жатқандай әсер-сезiмге бөленесiң. Қыран қиял, еркiн ойдың бесiгiн тербеткен ақынның нәшi келiскен нәрлi жыр жолдары жан сусыныңды қандырары хақ. Ақынның қай өлеңiн оқысаң да мазмұны мәндi, пайымы парасатты, идеясы имандылық пен iзгiлiктi, ар-ожданды асқақтатуға арналған арналы, шындықты шыр айналған шығарма екендiгiне иланасыз.
Қоғамдағы рухани сырқатты санаңа сiңiрiп, еңсеңдi басқан бейжай тiршiлiгiңнен сергiп, серпiлiп, жан-жүрегiңдi тазартып, аярлықпен алысып, елiңнiң бақытты болашағы жолындағы күреске бел буып, азаматтық болмысыңды намыс қайрағына жанып, жанданып, жалданып, өмiрiңдi өзгертiп, халқыңа қызмет көрсетуге тәуекел етуiңе де ақынның асқақ рухты жырлары қанаттандыратынына қайран қаласың. Ал бұлайша оқырман ойын оятып, сезiмiн сергiтiп, жан дүниесiне серпiлiс жасау тектi таланттың ғана еншiсiне бұйыратын айрықша қасиет.
Қазақ поэзиясында қандай өлең жазса да шыңырау ойға батырып, асығы алшысынан түсiп жүрген Жәркен ақындай талант тарландары сирек. Тәуелсiздiк таңы атқанда арда ақын көкiрегiн жарып шыққан шаттығын бейнелеген өлең шумақтары қандай асқақ:
Ерiктiмiн, құстардай ерiктiмiн,
Қара тастан мықтырақ берiктiгiм.
Жүрегiмнiң жылынып шуағына –
Алма, жиде... ашады өрiк гүлiн...
Қолдан бермес намысын,
бөрiктi ұлмын,
Көкiрегiмдi ханға да керiп кiрдiм.
Азияның шығып ап төбесiне,
Еуропаның ар жағын көрiп тұрмын.
Азаттықтың арайына бөленген бүгiнгi заман, оның саясында тыныш тiршiлiк кешкен замандастарының жүрекжарды сырын жырына қосқан арлы ақын Қазақ елiнiң бүгiнгi шындығы болашақтың аңызы болып жалғасатынына Құдайдай сенедi, бiздi де сендiредi. Ал бұл жырының отты жасындай Жәркеннiң көреген көкiрегiне семсер сөз, қырғи тiл, шыңырау ой, асқақ арман ұя салған ақсұңқар ақын болып жаралғандығының айғағы. Ақынның ана тiлiмiздiң бағы жанып, тиiстi тұғырына қонуына деген iзгi тiлегi жалпақ елдiң жүрегiндегi сөзi – арманы екендiгiн айта кету де артық болмас.
Ақтарылар ақының, сәуiрдiң нөсер бұлтынша,
Бесiктен белi шыққанда кiлең қара домалақ,
Қазақша сайрар күн туса...
Тiлiмiз жаулап жер жүзiн ағылшын, жапон жұртынша...
Рухы биiк, саналы қазақ баласының атынан айтылған мына бiр жыр жолдары ұлтының атынан ұрпағына берген сертiндей:
Пайғамбардың демеймiн теңдесiмiн,
Жаратқанның мен де бiр пендесiмiн.
Айнымаймын тiлiмнен, дiлiмнен де,
Қашан бөлеп алғанша жер-бесiгiм...
Мiне, тап осындай тегеурiндi жыр шумақтарындағы сел сезiм жүрегiңдi селт еткiзе серпiлтiп, дарияның дауылындай жан дүниеңдi дүр сiлкiндiретiн ғаламат қуат-құдыретiмен алыс армандарға, межелi мақсаттарға құлшындырады. Жәркен жаныңды тазартып, жүрегiңдi жылытатын, рухыңды өсiрiп, өмiрге деген құштарлығыңа қанат байлайтын жауһар жырлары арқылы ақындық асқақ биiкке көтерiлген кемел талант. Ақын өлең ұйқасын қиыннан қиыстырып, оны ұшқыр ой, үкiлi сезiмге үйлестiре өруге де өте шебер. Өлеңдерiнiң өзгеше өрнектi, көркем кестелi жолдары жадыңда жатталып қалуының сыры осында.
Жәркеннiң ақындық жарыста атын оздыруының бiр сыры – оның қазақ сөзiнiң қаймағын қалқып алып, маржандай тiзе бiлетiн шеберлiгiнде. Бұған дәлелдi әр өлеңiнен алып көрсетер болсақ, оған арнайы мақала арнау қажет болар едi. Сонда да болса көз жүгiртiп өтелiк: «Ақ қайыңды жел жатыр шешiндiрiп... Жапырақтар дабырлап, жел ескенде, Аспан мен жер ұқсайды кеңескенге... Қайғының қара бұлтын қақ айырып, Кеудеңде бiр бұрқ етiп сөндi жасын... Екеумiз күлiп тұрып қоштасып ек, Ендi бiз жылап тұрып кездеселiк... Екеумiздiң көңiлiмiз сияқтанып, Алмалы сай тасиды суға жарып... Қара қасты, қара мұрт, қарайды түн қадалып... Көлеңкелер қалғиды, шымқай жарық сәулелер, Жалтылдайды жал – қырда... Тұрды орнынан Алатау, шыққан күндi қарсы алып... Жұлдыздар көктен тамып тұр, Жылтылдап көздiң жасындай... Шөлдесем күн шуағын құйып iшем, Гүлдердiң кесе жасап қауашағын... Құспен бiрге қонақтап, аймен бiрге қалғиды... Көбелек қос қанатын, Гүлге жайып кептiрдi... Шайқап кеттi шөп шығын, Шегiрткелер секiрiп... Күздiң сары шуағына зер түстi, Ең алдымен сап-сары боп жер иiстi... Қас тұлпардай үкiлеп, ескен желдей үпiлеп... Қыс түскенде ағарып, көктем туса көгерер... Жанарым жайдай жарқылдап, намысым бөздей жыртылды... Таңға жақын талықсып қар басылды, Ақ ұлпасы үлбiреп талға асылды... Дiрiлдейдi жұлдыздар, ай қалтырап көктегi... Жүгiрдi тал мен қайық су жағалай... Ақ қайнарлар шымырлап, Күн көзiне қайнайды... Қырға шыққан қызғалдақ, айдарындай әтештiң... Желкесiн жетесiздiң қиып түсер, Шындықпен суарылған орақ тiлiң... Ай сарғайды, түн өлiп... Ақиқаттың тiзесi секiлдi олар, Жалғандықтың алдында бүгiлмеген... Жағада шынжырлаулы ескi қайық, қарайды сол қайыққа кеш мұңайып... Гүл құлпырып тұрғанда – Көбелектiң тойы көп... Сағынары жоқ адам – тiрi күйiк, тiрi өлiк... Қарашы маңдайыма кере қарыс, Әжiмi иiрiм-иiрiм терең ағыс... Бiр шымшым топырағын ап келмедiң бе, Иiскеп жүрер едiм насыбайдай... Басыма жастап тұрып ұйықтар едiм, Келмедiң бе бiр түйiр тасын ала?.. ...Тағдырдың суық қары, Самайға ерте қонды...»
Осымен ұзын сөздi қысқартып, ақынның көркем де айшықты тiлiн, тың теңеу, айрандай ұйыған ұйқастарын, сөздiң дәмiн де мәнiн бiлетiн ұсталығын айқындайтын өлең жолдарын тiзбелеудi тоқтатайын. Бұл жерде жоғарыдағы мысалдар Жәркеннiң «Нұрлы бояулар», «Жұлдызға орнын ай бермес», «Бөрiнiң асығы» аталатын үш кiтабынан ғана алынғанын ескерте кетсем деймiн. Егер оның ондаған кiтаптарын парақтасақ жүздеген бетке жүк болар айшықты тіл нәрі аз емес.
Сөз соңына қарай қадап айтар тағы бiр шындықтың шырмауын тарқата кетсем деймiн. Талантты ақын да, жоқ iздеген жолаушы да бiр. Жәркен ақынның соңғы екi кiтабы да сол сабыла iзденiстен тапқан олжасы. Бұл екi жыр жинағының да аттары заттарына сайма-сай. Иә, «Бұрылыс» пен «Құбылыс» жалғыз Жәркен ақын емес, қазiргi қазақ поэзиясының рухани қазынасын байытып, оны жаңа биiктерге көтерген көркемдiктiң көшбасы екендiгi күмәнсiз.
Мұның жарқын мысалын «Бұрылысқа» енген қысқа қайырым, мазмұны терең, мақсаты айқын, ойы ордалы өлеңдерден оқып-бiлдiк. Бұл әрине, қазақтың байырғы қара өлеңiнен жерiгендiк емес, қайта оның жайлауын жаңартып, өрiсiн өзгерту, яғни сонылыққа соқпақ салу. Iзгi ниеттен туған игi iзденiс жыр жемiсiн гүлдендiре түскен, жаңалыққа жол ашқан құбылыс болды. Иә, бұрылыс арты құбылысқа айналғанына шын жүректен қуануымыз керек. Табиғатқа тiл бiтiрiп, жаратылысты жырға айналдырып, Елдiк пен Ерлiктi, Бостандық пен Бiрлiктi, Арлылық пен Адалдықты көксеген көркем ойлы, арналы да арманды өлең-дастандарын толағайдай толғаған дарынды жырау-ақынның талантына осылайша тәнтi болдық.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.