• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Жомарттықты, ізгілікті дәлелдейтін кез келді

454 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрлігінде «Әрбір балаға – отбасының ба­қыты» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Онда жетім балаларды асырап алуды насихаттау мәселесі көтерілді. Ресми есептерге жүгінсек, осы күні қоғамымызда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ба­лалардың жалпы саны 38386-ға жетіпті. Оның ішінде осы балаларға арнал­ған ұйымдарды 80 пайыздан астам әлеу­меттік жетімдер мекендейтін көрінеді. «Әлеуметтік жетімдер дегеніміз – ата-аналары бар болғанымен, «тірі жетім» атанған балалар. Бұл балалардың ата-аналары өз құқықтарынан айрылған, мас­күнемдікке салынған, балаларының ден­саулығына, дамуына, өсуіне ешқан­дай кепілдік бере алмайтын жандар. Сондықтан балалар арнайы ұйымдарда тәрбиеленіп жатыр», – дейді Білім және ғылым министрлігі Балалар құқын қор­ғау жөніндегі комитеттің басшысы Раиса Шер. Оның айтуынша, осы балалар­дың өмірге деген көзқарасы дұрыс қа­лыптасуы үшін ізгі жүрек адамдар­дың жан жылуы қажет. Жиын барысында Президент жанын­дағы Әйелдер ісі және отбасылық-де­мографиялық саясат жөніндегі ұлттық комис­сия хатшылығының бас сарапшы­сы Гаухар Нұрахметова әлеуметтік же­тімдіктің профилактикасы, отбасыны нығайту, қоғамдағы кері үдерістерді оң шешудің жолдары айрықша маңызға ие болып, үгіт-насихат жұмыстарына кеңі­нен көңіл бөлініп жатқанын ортаға салды. Осыған байланысты 2011 жылдың 14-ші қаңтарында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары М.Әшімбаев жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ба­лаларды асырап алуды насихаттауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары­ның осы жылға арналған жоспарын бекіткен көрінеді. «Ендігі мәселе осы жағдайды қоғамда жиі көтеріп, адам­дардың есіне салып тұру. Біз жетімін жылатпаған елміз. Дініміз де, діліміз де адамгершілік, ар-ұят сияқты биік ұғымдар төңірегінде қалыптасқан. Сон­дықтан жетімді жылатпау міндеті тікелей қазақ этносына жүктеледі», – деді Г.Нұрахметова. Әрине, керекті құжаттарын жинасаң, баланы тез-ақ асырап алуға болады. Ал оны азамат етіп тәрбиелеу, оның тойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру оңай шаруа емес. Осыған байланысты сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Ғазиз Телебаев қоғамда үлгілі, ау­қатты отбасылар жетім балаларды асырап алып, ізгілік көрсетіп жатса, на­си­хаттың үлкені сол болар еді. «Өйт­кені, азаматтық, жомарттық халқы­мыз­да бар қасиет. Жүкті жұмыла көтеру біз үшін шетін емес. Жетімді асырап алып жатқан әлгіндей азаматтар өзгелерге де ой салары анық», – деді ол. Баспасөз мәслихатына қатысқан Бай­ланыс және ақпарат министрлігі Ақ­парат және мұрағат комитеті төр­аға­сының орынбасары Ербол Шаймерден: «Жетім баланы асырап алу туралы үгіт-насихат жүргізу – ең ізгі жобалардың бірі. Бұны шын мәнінде өмірге лайық­тап, қоғамға әсер ете алатындай деңгей­де насихаттау БАҚ өкілдеріне тікелей байланысты. Сондықтан әсерлі роликтер жасау, нәрлі мақала жазу да істің шешімін табуына бірден-бір көмек», – деді. Жиын соңында жетім балаларды асырап алуға байланысты журналистер нақты сауалдар қойды. Оның бірі «ба­ланы асырап алуға қандай құжаттар қажет?» – деген сауалға жауап берген Раиса Шер баланы асырап алуға ең алдымен ниет қажет екенін айтты. Со­сын ең қажетті құжаттар деп ата-ана болуға ниеттенген адамдардан өтініш, үй ішіндегі басқа жандардың келісімі, үй-жайының бар екендігі, табыс көзі туралы анықтамаларды атады. «Ниеті бар отбасының бәрі бірдей ауқатты емес екені анық. Бұл отбасылар бала асырап алғысы келсе, жоғары жақтан қандай да бір жәрдем бола ма?» – деген сауалға Үкімет 15 мың теңге көлемінде арнайы жәрдемақы тағайындап отырғаны айтылды. Айгүл СЕЙІЛОВА.