Еуропаның ESA зерттеу ұйымы бірқатар жылдардан кейін Голландия жерінің судың астында қалатыны бұлтартпас шындық екенін көрсететін айғақтар тапты.
Нидерландтың солтүстік-шығыс қапталында болып жатқан өзгерістер картасын жасап шығу үшін 2014 жылдың қараша айынан 2016 жылдың сәуір айына дейін Sentinel-1 спутнигі арқылы түсірілген 2,5 миллионға жуық түсірілімдер анық көрсетіп берген. Өлшемдердің басым бөлігі елді су тасқынынан қорғап тұрған тоғандар мен көп қабатты ірі ғимараттар аудандарында жасалған. Сонда жүргізілген өлшемнің айырмасы бірнеше миллиметрге жеткен.
Осының нәтижесінде жасалып шыққан картада елдің бірқатар аудандарында, әсіресе, Эйсселмер көлінің батыс жағалауы мен Гроннинген қаласының шығыс аумағында жердің теңіз деңгейімен салыстырғанда төмен түсуі жылына 20 миллиметрді құрап отырған.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 30 желтоқсанында солтүстік полюстегі температура бірінші рет нөлден жоғары сатыға шығып кетті. Бұл Арктикадағы мұздың еруін жеделдете түсуде. Осының өзі Атлант мұхитының деңгейін көтере бермекші.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ