• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Шаңғышылар Шымбұлақтан қол бұлғайды

692 рет
көрсетілді

Азиада, әрине, айтыстың ор­ны емес. Бірақ «Көрмес түйені де көрмес» деген есті елдің азаматы емеспіз бе, бір сарыжағал басы­лымнан бір айтыскердің бет-аузы қи­сай­мастан «Меніңше, Қазақ­стан екі әлемде өмір сүріп жатыр. Біріншісі – «Хабар» арнасында көрсеті­ліп, «Егемен Қазақстанда» жазы­лып жатқан Қазақстан, екіншісі – қарапайым қазақ өмір сүріп жатқан Қазақстан» деп «әулиелік» таны­тыпты. Кешегі «Кеңес одағы» деген елде өмір сүрсе әлгі айтқышыңыз қызыл жағалы коммунистердің ал­дында осы сөзі үшін біраз «терлеп-тепшуіне» тура келер еді, бірақ өзі кекетіп-мұқатып отырған өз елінің бүгінгі өскенін, өнгенін, дамығанын көргісі келмегенімен, керауыз «жаз­ғыштардың»  бір елі аузына екі елі қақпақ қоймайтын дегдарлығын да мойындауы керек еді. Жә... Бәрін айт та бірін айт, әлгі ай­тыскер мысалға келтірген «қара­пайым қазақ» бұрын Шымбұлақ­қа қалай жетуші еді? Әуелі автобуспен немесе таксимен «Медеу» мұз айдыны кешеніне көтеріле­тін. Ол жерде жолаушыларды «Шым­бұ­лақ­қа дейін 8 мың тең­геге жеткізіп саламыз»  деп, кө­не­тоз «Нива» кө­лік­терінің иелері күтіп тұратын. Өзімізді қойшы, шетелдік туристер алдында жерге қарататын бұл мысал, міне, бұдан бірнеше жыл бұрын ащы шындық еді. Ал «Хабар» мен «Егемен Қазақстан» дә­ріп­тейтін Азия ойындарының Қа­зақ­станда өтуі дейтін тәтті шын­дық осы «жабайылықтың» көзін жойды. «Chimbulak Development» компа­ниясы «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы ку­рор­тының арасындағы асу да асу белдерді жалғайтын аспалы ар­қан жолын тартып, күллі қарапа­йым қазақстандықтар мен шетел­дік туристерді қуантып таста­ды.  Мұны біреулер айтпаса айтпас, көрмесе көрмес, бірақ патша көңілді күллі жұрттың қуанышын бөлісу үшін «Хабар» көрсетеді, «Егемен Қазақ­стан» жазады. Сонымен... Тау шатқалындағы аспалы ар­қан жолының ұзындығы 4 572 метр, яғни ол ұзақтығы жөнінен әлем­де АҚШ (4 979 м.) пен Фран­циядағы (4942 м.) аспалы арқан жолдарынан кейін үшінші орында тұр. Аспалы арқан арқылы жо­ғары-төмен қатынайтын кабиналар саны 114, ал оның әрқайсысына 8 адам беймарал сыяды. Жүйріктігі де ерен. Бұрын ескі «Ниваның» улы түтінін жұта отырып 1 сағатта көтерілетін биігіңізге қазір 15-20 минөтте жете аласыз. Секөндіне 6 метр жылдамдықпен жүйткитін аспалы арқан жолына бекітілген кабиналар 1 сағатта 2 мың туристі тасиды. Ал бағасы көне «Нивадан» әлдеқайда арзан! Бүлдіршіндерге, зейнеткерлер мен мүгедектерге, ҰОС ардагерлері мен оларға теңес­тірілгендерге жеңілдік жасалған. Мұндайда «Бәрекелді!» демегенде енді қайда «Бәрекелді!» дейміз! «Шымбұлақты» шын мәнінде шаңғышылар мекеніне айнал­ды­рып, туристер таңғала тамаша­лай­тын кешенге айналдыру үшін 200 миллион көлемінде инвестиция тартылыпты. Ол қыруар қар­жыны «Хабар» көрсетіп, «Егемен Қазақ­стан» жазатын Қазақстан­ның «Қаз­ком­мерц­банк» АҚ мен «Қа­зақ­стан­ның даму банкі» АҚ бөлген. Сонымен, кеше қарағайлары көкке найзадай шаншылған, шың­дары ақ шашты ақсақалдай қол бұл­ғаған және шыршалары тоты­дай таранған «Шымбұлақ» тау шаң­ғысы спорттық базасында Азиа­даға ақ тілекпен келген шебер шаңғышылар бәсекені бастап кетті. Төменге құлдилауда жүрегі түкті, буыны мықты, төзімі берік, талай жарыстарда оза шауып шыңдалған шаңғышылар ғана топ жарады десек, 31 қаңтар мен 4 ақпан аралы­ғын­да болатын жа­рыста қазақ­стандық жанкүйер­лердің үмітін Д.Кошкин (Ал­маты), А.Тельминов (Алматы), П.Черниченко (Алма­ты), И.Закурдаев (ШҚО), Т.Пименов (ШҚО), Е. Черепанова (Алматы), М. Анташкевич (ШҚО) және Л. Федотова (Алматы) сияқты шаң­ғы спортының шалқұйрық тұл­пар­лар­дай берендері сенімді ақтайды деп күтеміз. Айтсақ айтқандай, алғашқы күні таудан төмен қарай құлдилай сырғанаудан ерлер арасынан қазақстандық Дмитрий Кошкин бірінші орынды (1.27.52) жеңіп алып, Азиада чемпионы атанса,  Игорь Закурдаев атты тағы бір жерлесіміз екінші орынға ие бол­ды. Сондай-ақ, әйелдер ара­сы­нан Оңтүстік Кореялық сайыпқыран Ким Сан Джу (1.37.61) алтыннан алқа тақса, екінші орынды қазақ­стандық Людмила Федотова иеленді. Үшінші орынды Оңтүстік Кореяның тағы бір дүлдүлі Джунг Хейма қанағат тұтты. * * * СУПЕР-ГИГАНТ СЛАЛОМЫНДА Таудан құлдилай сырғанаудың қиындығы көп. Оның үстіне еңіске қарай бұралаң бұрылыс­тардан тұра­тын жарыс жолы тау шаңғысы спортының басқа түрлеріне қара­ғанда ұзақтау. Мысалы, ерлер үшін ең үлкен қашықтық – 3 км. 800 м. болса, ең қысқасы - 2435 м. Қорқынышы да жетерлік. Мы­са­лы, сағатына 140 км. жылдам­дық­пен жүйткіп келе жатқан же­ңіл мәшинені көзге елестетіңіз. Жол-көлік апаттары осындай жоғары жылдамдықтың салдарынан орын алып жатады. Ал шаңғышы қыз-жігіттер таудан төмен қарай қыран­ша сорғалаған кезде сағатына 120-140 км. жылдамдықты бағынды­рады. Тынысты тарылтып, көзден жас парлатар бұл жылдамдықты дер кезінде тепе-теңдік сақтап, шұғыл бұрылыста шалт қимылдай білген шебер спортшы ғана еңсере алады. Түйетайлы биіктен секіріп өту бір көргенге ғана оңай, әйтпесе барыстай секірген сәттегі қашық­тық 40-50 м.-ге жетеді. Жүйкеге де, жүрекке де сын түсетін сәт осы. Сондықтан таудан шаңғымен құл­дилау спорты нағыз саңлақтар­дың ғана қолынан келері сөзсіз. Кеше «Шымбұлақ» тау шаң­ғы­сы базасында болған супер-гигант слалом жарысына әр елден келген 24 шаңғышы шықты. Жа­рыс, әсіресе, Қазақстан мен Оң­түс­тік Корея шаңғышылары­ның арасында тартысты өтті. Жарыс жолына 14 болып шығып, құс ұшар биіктен құлдилай сырғана­ған Игорь Закурдаев шұғыл бұрылыстардан тұра­тын 2, 5 км. қашықтықты 1:04.61 уақытта еңсеріп, жеңімпаз атанды. Екінші орынды бұрнағы күні алтын медаль иегері атанған Дмитрий Кош­кин иеленді. Ол тиісті қашық­тықты 1: 05. 27 уақытта бағын­дыр­ды. Азиада алтыны мен күмісінің санын көбейте түскен қос жерлесімізді жанкүйерлер аты­­нан құттық­тай отырып, олар­ды енді әлем, Олимпиада қашық­тықтарында да жеңімпаз атанады деп сенеміз. Үшінші орын Оңтүс­тік Кореялық Ким Восунг (1: 06. 58) қанағат тұтты. Айтпақшы, жанкүйерлердің көңіл-күйін өзі­нің ерекше шабан­дығымен «таң­ғал­дырған» шаңғы­шы да болмай қалған жоқ. Мысалы, Непал елінен келген шаңғышы «асықпаған арбамен қоян алады» дегендей, басқа спортшылар бір минөтте өтіп жатқан қашықтықты іш пыс­тырар уақытта (2:37.65) сырғанап өтті. Әйелдер арасындағы бәсекеге 10 шаңғышы қатысты. Жарыс жо­лына бірінші болып шыққан Ксения Стройлова таудан құл­дилай сыр­ғанауды 1: 15. 28 уақытта өтіп, бәсе­кені сылбырлау бастады. Оңтүс­тік Кореялық Ким Сун Жо қазақстан­дық шаңғышыға қараған­да шап­шаң­дық танытып, бұл межені 1:10.83 уақытта сырғанап өтті. Бұдан кейін жарыс жолына шық­қан­дардың еш­қайсысы кореялық шаңғышы қыздан аса алмады. Бі­рақ қазақстандық шаңғышы Люд­мила Федотова бұл қашықтықты 1:11.33 уақытта ба­ғын­дыра білді. Сөйтіп, Ким Сун Жо – бірінші, Людмила Федотова – екінші, ал тағы бір кореялық шаң­ғышы Жунг Хеймен – үшінші орынды иеленді. Сонымен, «Шым­бұлақ» тау шаңғысы база­сын­да өткен супер-гигант слалом бәсеке­сін­де біздің шаң­ғы­шылары­мыз бір алтын, екі күміс медальға қол жеткізді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.