Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда кейбір конституциялық заңдарға енгізілетін түзетулерді қарау туралы мәселе талқыға түсті. Нақтылап айтқанда, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жүктелді.
Мәселені қарастыру барысында заң жобасымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» заңдарға өзгерістер енгізу көзделетіні белгілі болды. Аталған заңдық құжатты өндіріске алу жөніндегі қысқаша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев жасады. Комитет басшысы таныстырған заңдық құжатты Елбасы өзінің Қазақстан халқына үндеуінде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді Парламент қарауына ұсынатындығын айтқан болатын. Міне, осы жәйтті назарға алған болуы керек, депутаттар заң жобасын өндірістік айналымға алуға өз келісімдерін берді.
Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу Мемлекет басшысының шешімімен тағайындалса, оны жүзеге асыру 2 ай ішінде жүргізілуге тиіс. Сайлау мерзімін Орталық сайлау комиссиясы анықтайтыны белгілі. Осы ретте заңдық құжатта президенттік өкілеттік 5 жыл мерзімге белгіленгендігін айта кету керек. Елбасы да өз үндеуінде өкілеттігінің екі жылға қысқаратынын қаперге салған еді. Енгізілген өзгерістер бойынша мерзімінен бұрын сайланған Президенттің ант қабылдауы сайлау қорытындысы жария етілгеннен кейін бір ай ішінде орындалады. Ал ант қабылдау мерзімі Орталық сайлау комиссиясы тарапынан белгіленеді. Осы жерде Президент Конституциялық Кеңес Төрағасының «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Заңның Конституцияға сәйкестігін айқындайтын.
Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысына түсіндірмені қаперге алғандығын айта кеткен жөн. Өйткені, Конституциялық Кеңес Парламент тарапынан ұсынылған Президент өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізу туралы заңдық құжатты Конституцияға сәйкес емес деп тапқан-ды.
Отырыс аяқталған соң біз депутаттарды мәселенің мәнісін түсіндіру мақсатында әңгімеге тартқан едік. Ирак Елекеев өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы қадамы арқылы референдум өткізілсін деген 5,5 миллион азаматтың дауысы елеусіз қалмайтындығын және болашақта Конституцияға өзгеріс енгізуге жол берілмейтін негіз қаланғандығын ерекше атады. Мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуге байланысты заңдық құжатқа түсінік бере кеткен Рамазан Сәрпеков осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылатынын да еске салды. Осы ретте журналистер тарапынан қойылған «Парламент таратыла ма?» деген сұраққа орай жауабында депутат оған ешқандай негіз жоқтығын көлденең тартты.