• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Сенімге сабыр, ақыл серік болсын

494 рет
көрсетілді

Немесе терроризм табиғаты және дін Біз мұсылманбыз, адамның қасақана өлтірілуіне бейжай қарай алмаймыз. Әрине, әрбір өлім мен өмірдің ар жағында тағдыр, киелілікпен байланысқан бір спиритуалды жіп бар екенін жоққа шы­ғар­маймыз. Әйтсе де кез келген өлікті жоқтаймыз. Құнын да сұраймыз. Қазақ құқық тарихында оның іздері мен санасы сайрап жатыр. Кезінде «социализм мен атеизм» әлемдегі тепе-теңдікті, әрбір мемлекеттің саяси таразысын ұстап тұрушы еді. Ол кетті, орнына «ислам» келді. Дін мен саясат, оның ішінде де өркениетаралық қырғи-қабақтықтың антитезисі. Синтезін ешкім болжай алмайды. Ал енді ашық қоғам ретінде Қазақстан осы үдерістің сыртында қала ала ма? Ешқашан! Демек, қазақ үшін тағы бір сын тұр. Ол – терең білім мен сана. Ал оны қажет ететін жалпыхалықтық әлеует бар ма? Бар! Бірақ әлеуеттен бұрын әлеумет мәселесі оны ойлауға мұрша берсе. Шындығында, бүгінгі таңда ең үлкен бәле – лаң, террор деген жік шықты. Жалпы, адамзат ғасырлар бойы бәле атау­лыдан құтыла алмай келеді. Бәленің аты жамандық па, лаң ба, зобалаң ба – бәленің аты бәле. Әйткенмен де терроризмде бір мәселе бар. Жалпы, «изм» болған жер мәселесіз болған ба? Алдымен террорист деп адамды ма, топты ма, мемлекетті ме, нақты кімді айтамыз? Жай ғана Таяу Шығыс тұрғынының көзімен қарасаңыз, нағыз террорист Америка болып шығады. Ал Американың көзімен, жалпы, Батыс­тың көзімен қарасақ, бар мұсылман табиғатынан террорист болып танылады. Не болса да терроризмде бір бәле бар. Бәлелер көп, бірақ терроризм бүгінгінің «модаға айналған бәлесі». Құрысын бәле, өзімен кетсін! Дегенмен, террор бүгін бәленің бәлесі, олай болса, террорды түсіну үшін, бәленің не екенін білген дұрыс. Террор негізінен ұғым ретінде бүгін жүйе, билік, саясат ұғымдарымен көрші тұрады. Бір оқиға немесе құбы­лыс­тың террор екендігін қалай анықтаймыз? Террор деп тану үшін ол құбылыстың қандай сипаттары болуы керек? Міне сұрақ! Жауап жоқ. Бар, бірақ әртекті. Демек ол жауап емес. Дегенмен, бүгін қоғамдық санада террор туралы түсініктер беріліп, анықтамасы да жасалынып қойған. Қарапайым бір қазақ, өзін өзі жарып жіберіп жатқан қандастарын, жастарының әрекетін террор деп анықтауы мүмкін. Бірақ сол қазақ «енді қайтсін» деп жаңағы оқиғаны ақтауға да тырысуы мүмкін! Бірақ мәселеге саяси немесе әлеуметтік тұрғыдан емес, философиялық қабаттар арқылы үңіліп көрсек, террор деген бәле адамға тән құбылыс екен. Ол белгілі бір мәдениет немесе белгілі бір уақытта пайда болатын нәрсе емес екен. Жалпы алғанда, адамға тән нәрсе. Яғни, тек исламда террор бар, тек мұсылмандар террорист деген анықтама түбірімен қате екен. Олай болса, террор тек осы ғасырдың мәселесі ме? Жауапты өзіңіз берсеңіз де болады. Ол сіздің террорға деген көзқара­сы­ңызға байланысты. Террор ұғымын өте кең, әр қырынан қарастыруымыз керек. Бірақ бұл көзқарас саясатшылар мен социо­логтарға ұнамауы ықтимал. Мейлі мен бүгінгінің адамын түсінуім үшін де террорды талдап түсінуге мәжбүрмін. Енді сұрақ. Террорды жаратушы адам болса, ол қандай болмыс? Әуел баста адам жаратыларда періштелер айтқан екен. «Ей Алла, жер бетінде зобалаң тудыратын мақұлұқты неге жаратасың», – деп. Адам егер болмысынан террорист болса, біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз? Тіршілік, мән, ар, жауапкершілік көз алдыңа тізіліп келе қалады. Террорды герменевтикалық тұрғыдан қарасақ, өмірімізге қатысты өте маңызды ескертулер беретін сияқты. Енді террорды үңіліп әрі қарай оқи түсейік. Террорды «бүгінгінің модаға айналған бәлесі» дедік. Адам әрдайым бәледен арылмаған болмыс десек, өмір дегеніміз де осы мағынаға жақындап қалатын сияқты. Бәлесіз, қиындықсыз ғұмыр кешкен адамды өмір сүрді деуге бола ма? Адамның ғұмыры бойынша уайымсыз, қайғысыз, қиын­дықсыз өтуі мүмкін бе? Жоқ. Адамның өмірі қым-қиғаш шытырлы орман. Осы қиындықтарды көре-көре, жеңе-жеңе адам болады. Демек, адамды адам еткен қиындықтар және онымен күрес. Діни тұрғыдан бұл дүние адам үшін жара­тылған. Бұл дүниеге адам сынақ үшін келген. Бұл дүние – сәл тереңдеп енсек, бәрі нақты, белгілі. Генетикалық тұрғыдан белгілі бір әке, шешеден туғанымыз, ақыл-ой, мінез, тіл мәселесінде белгілі жерге дейін анық. Белгілі бір мәдениет, уақыт, қоғам, белгілі бір діни негізінде өмірге келеміз. Әрі қарай өмір жалғаса береді. Оған қоса, Алла адамға мүмкін­діктер, қабілет, ақыл берген. Сонымен келген дүние белгілі, мүмкіндіктер де берілген. Адам өркениеттерді, құнды­лықтарды жаратушы. Адам демек, дүниеде нақты дайын нәрселерді қанағат тұта алмайды. Ол өзін, дүниені, қоршаған ортасын оның арғы жағын, мәнін, ақиқатын іздеуші де. Себебі, оның мүмкіндіктерінің ішіндегі ең зоры – ақылы бар. Алланы да осы ақылымен іздейді. Өзін қоршаған ортада адам берілген мүмкіндіктері арқылы мәсе­лелерін шешу жолында реалист келеді. Сол арқылы ол дайыннан неғұрлым көп нәрсе алу үшін технологиялар жасап шығаруда. Бұл тұрғыдан ол өзін шектеген емес. Сонымен адам мүмкіндіктерін, қабілеттерін қолданып, жүзеге асырып, жоспар құрып, ой қуып, физикалық, технологиялық, философиялық мәндегі құндылықты жаратушы, яғни өзін өзі ашып, шарасынан тасып жататын болмыс. Енді террорды, адамның адамдығына жасалған қастандық демей не деуге болады? Ал енді осындай қастандықты бір адамға, бір мәдениетке таңып қойсаңыз, ол қоғам, мәдениет адамдық санаттан шығып, іштей тұншығып, бір күні наразылық көрсетпес пе? Осындай наразылықтың барлығын террор деуге бола ма? Террор негізінен адамның бар асыл арманын солдыру деген сөз. Адамға жасалған ең үлкен қастандық – ол адамның күш-жігерін, ақыл-қайратын жетілдіруге қарсылық. Өйткені, адам рухы кемелдікті, өзін танытуды қалайды. Ал осы мәселеге көңіл бөлінбесе мәселе туындайды, соғыс оты тұтанады. Сондықтан адамның арманы, ұмтылуы, айнала­сындағылардың да арманына кедергі болмауы керек. Өкінішке қарай, олай бола бермейді. Міне, жоспарымызды, ой, арманымызды тұншықтыру, кедергі келтіру террордың жатыры. Бірақ кедергісіз дүние бар ма? Адам, қоғам болмаса да, табиғат кедергі жасайды. Уақыт кедергі. Өмірдің түрлі белес, кедергілері бар. Әрине, әрбір кедергіден террор шықпайды. Адам кедергі, қиындықтарды жеңіп адам болады. Ал адам іс-әрекет­терінде, күрестерінде қанағат тапса, ол жерде лаңкестік болмайды. Адамды өзінің нұқсандығы да террорист етпейді. Кедергілердің террор жатырына айналуы үшін, сол кедергілердегі зомбылық және оның тарихымен тікелей байланысты. Сондықтан зорлық-зомбылық террорды ұғынуда ең басты ұғым. Террор негізінен қорқу, үрейді білдіреді. Үрей мен қорқу адамның үміті мен сеніміне қатысты деген сөз. Әлемде террор болып жатқан жүйелерді қарасаңыз көптеген мәселе­лерге тап боласыз. Жүйелер яғни, адамдық қатынастарда, отбасында да болуы мүмкін. Террор әртүрлі қатынастарда болуы ықтимал. Менің адам сияқты адам болуым басқалардың қолдауына байланысты. Яғни, адам ретінде бағалайтын адамдарға қатысты. Ал бірін бірі бағалай­тын адамдардан тұратын жүйеде махаббат бар деген сөз. Өзін өгейсінбейтін, бөтен көрмейтін қоғамда адам үмітке толы, сенімді жүреді. Ал өгей, бөтен сезінген адамның рухы террордың жатырына, үрейге, қорқуға айналады. Өзі қорыққандықтан да өзгені қорқытқысы келеді. Сонымен, террорда зорлық, зом­былық элементі бар. Екіншіден, тарихқа қатысты, яғни өткені бар, аяқ астынан пайда болмайды. Үшіншіден, адамның өзін-өзі дамытуға деген қысым, кедергіге қатысты, төртіншіден, үміт пен сенімге қатысты қыры бар деп есептеймін. Өзіне өзі сенімін жоғалтқан адам – өлген адам. Сенімсіздік өмірді солдырады. Адамның бұл дүниеде тыныштықта өмір сүруі тікелей сенімге қатысты. Ал террор осы құндылықты қарауылына алып отыр. Сенім – адам үшін ең басты құндылық. Дегенмен, сенімнің де екі жағалауы болады. Сенімнің қасында әрдайым ақыл тұруы керек. Ол оны әрдайым «ұйықтап кетуден» сақтайды. Адамда сенім болуы үшін ең алдымен өз өзіне деген сенімі болуы шарт. Өзіне өзі сенімі жоқ адам өзін күнәлі сезінеді, өзіне қол салады. Алдымен өзіне өзі сенімі жоқтарда, өзіне деген құрмет те жоғалады. Екінші жағалауы бар дедік, өзіне өзі сенімді адам бір жағынан ақиқатты көре білуде де қиындықтарға тап болуы ықтимал. Өзін-өзі әлемнің кіндігі есептеуі де ғажап емес. Эгоизмі құтырып шыға келуі де ықтимал. Аяғы фанатизмге апарып соғады. Ал енді адам сияқты адам болуым үшін өзімді әлемнің тұтқасын ұстаушы, ақиқатты бір өзі танушы, қағидашыл емес, менің сенімім мен танымым барлық адамдар үшін жалғыз жол деген «діни фанатизмнен» аулақ болуға тырысуым керек. Өйткені, менің әлемімнен тыс жерде де әлем бар екендігін, бұл әлемнің әміршісі, иесі емес екенімді әрдайым ұмытпауым керек. Ол үшін Ясауидің жолы, ілімі шарт! Сонда мен бар адамға «Алланың көзімен» қарай бастаймын. Әлемде менен басқа да тіршілік иелерінің өмір сүру кеңістігінің болуынан асқан тепе-теңдік, төзімділік, толеранттылық үлгісі немесе заңдылығын қойған Алланы ұмытпауым керек. Сенімнің негізі жағалауы осыны ескертеді. Ол үшін адам рухани ояу болуы шарт. Ал енді рухани ояу болу тағы да формаға емес, ішке, арға, жүрекке үңілуді қажет етеді. Мұны, түркі әлемінде, ілім ретінде қалыптастырып кеткен Ясауи бабамыз еді. Оны танымақ, зерттемек, мойындамақ, қабылдамақ сияқты «мақтар» санамақ болып тұр әзірге. Адам сенімінің жалғасы иманға, иман нұрына ұласады. Имансыз болу мүмкін емес, өйткені, сенбеу мүмкін емес. Алдымен адам өзіне сенбесе, Аллаға сене ме? Ал, сенімсіз – өмір тұл. Өмір бар жерде сенім бар, сенім бар жерде иман бар. Діннің болуы-болмауы басқа мәселе. Бірақ енді, иман мен террорды қалайша бір өзеннен шықты дей аламыз? Себебі, иманның адамға беріп отырған бағыты мынау: «Бұл дүние – аманат. Рухың да аманат. Сол аманатты таситын сенімге ие адам – нағыз жауапкершілігі бар мұсылман. Бірақ бұл дүние сенікі емес, иесі сен емессің. Ең кәміл Алла, сен нұқсансың, кемелденуің қажет. Аманатқа қиянат жасауыңа жол жоқ. Өмірден жауаптысың...». Егер иман осылай десе, онда онымен өмірді құртқысы келетін террор арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Абай айтпақшы, «Махаббатсыз дүние бос». Махаббаты жоқ адамда қоршаған әлемге деген жеккөрушілік болады. Ол қорқытады, өзі қорқады. Сосын әлемді өзіне қаратқысы келеді, отарлайды. Діни тіршілік уақыт өте келе басқаларға құрмет ететін рухани өзегін жоғалтуда. Дін жай ғана қамсыз­дандыру фирмасы сияқты болып барады. Мұндай дін, яғни тек формаға айналған діни тіршілік, түсінік террордың жатырына айналады. Негізінде есеп үшін күніне пәлен сауап алам деген намаз, құлшы­лықпен шектелетін діни тіршілік бұл нағыз жаттану, рухтан бейхабар қалуды көрсетеді. Дінді осылай қабылдайтын адам басқаларды, өзіне ұқсамағандарды дұшпан ретінде көреді. Егер адамның адам болып қалуы өзіне қарсы жақты жоюға бағытталса, онда оның арты біртұтам. Ешқандай адам, мәдениет жеке тіршілік ете алмақ емес. Ол үшін басқаларына тәуелді. Өзінің адамдығына үңілудің жолы – рух тәрбиесі. Адам жеке тұлға ретінде кемелдікке жете алады. Бірақ террор ерік-жігері жоқ, өзіндік аты, шешімі жоқ адамдармен көрші болады. Сондықтан қоғамда ерік-жігері қуатты, рухани тәрбиелі, білімді адам қалып­тастыру тек отбасының, мемлекеттің ғана емес жалпы қоғамдық іс, оған қатысу әрбір азаматтың парызы болуы тиіс. Кешегі елімізде болған терактілерге келсек, ең басты шешім ретінде мемлекет дін саясатын нақтылауы тиіс. Зайырлылықтың да талабы осы. Осылай жалпақшешейлікке салынып отыра берсек, онда мына елдің аманаты мен кешегі ата бабалар аруағына қиянат болады. «Дін егер саяси астарлармен келіп жатса, оған саяси жауап берілсін, егер дін бұл елге тек идеологиялық және танымдық қабаттармен ғана келіп жатса, оған танымдық-ағартушылық бағытта қарсы тұру керек. Бұл сатыға кеткен еңбек еш болмайды. Бірақ біздің елге дін саясиланған қабаттар, жаһандық жобалар арқылы келіп жатыр, исламофобияның құралы болған, бұл саяси сипаты бар құбылыс. Оған тек саяси тұрғыда жауап қатудан басқа жол жоқ. Осы шешім әлемдік тәжірибенің жолы. Сондықтан елдегі уахабистердің сыртқы саяси қаржы орталықтары арқылы жасалып жатқан жобалары мен әрекеттерін жай ғана бақылап, қарап отыра берсек, халық мына саяси еркі мен егемендігінен айырылып қалуы ғажап емес. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған егемендікке кедергі келтіретін, не қауіп төндіретін кез келген құбылысқа қарсы тұру мемлекеттің басты функциясы болу керек. Осы қарапайым ғана қағиданы негізге алып, басқа жол жоқ деп қарауымыз керек. Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор  АСТАНА  
Соңғы жаңалықтар