Ұлттық аза тұту күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ақтөбедегі лаңкестік акцияның салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қайғыларына ортақтасып, көңіл білдірді.
Е.Сағадиев қаза болған азаматтардың балаларына «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында (Бурабай, Ақмола обл.) тегін әрі олардың жағдайын оңалтуға қажетті деп табылатын мерзімге демалуларына мүмкіндік берілетіні жөнінде мәлімдеді.
Ұсынылып отырған орталықта балалардың толыққанды демалып, психологиялық тұрғыдан сауығуларына барлық жағдай жасалған – тұрмысқа жайлы тұрғын корпустар, үйлесімді тағам, медициналық бақылау, концерттік және спорттық алаңдар, әртүрлі үйірмелер мен көптеген іс-шаралар ұйымдастырылатын болады, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.