• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ФРАКЦИЯСЫ: Өлім-жітім көрсеткіші басым аурулармен күрес

348 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаеваның төрайымдық етуімен «Өлім-жітім көрсеткіші жоғары аурулармен күресу бойынша мемлекеттің атқарып жатқан жүйелі шаралары туралы» тақырыбына «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Отырысты вице-спикер: «Қа­­зақстан Республикасы Пре­зи­дентінің Өкімімен 9 маусым елімізде Ақтөбе қаласында жасал­ған террористік актінің сал­дарынан әскери қызметшілер мен азаматтардың қаза болуына байланысты ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Осыған орай біз, Мәжіліс депутаттары да тер­рористік акт салдарынан құрбан болған отандастарымызды бір минут еске алып аза тұтайық», – деген сөзбен бастады. Аталған мәселе бойынша негізгі баяндаманы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жасады. Депутаттар алдында, сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Мелита Вуйнович, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Ықсанова, Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Қа­сымов сөз сөйледі. «Нұр Отан» партиясы фрак­ция­сының жетекшісі Гүлмира Исімбаева өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасында ден­саулық сақтаудың партия қамқор­лығындағы ерекше сала ретінде атап өтілгендігін айтты. Отандық денсаулық сақтау жүйесі үшін – ел халқына көр­сетілетін медициналық қызмет­тердің сапасын арттыру және оның қолжетімді болуы бас­ты міндет болып есептеледі. 2021 жылға қарай Қазақстанда бол­жалды өмір сүру жасының ұзақ­тығы 73 жасқа жетуі керек, өлім-жітім деңгейі 10%-дан да төмендеуі керек. Сонымен қатар, фракция жетек­шісі республиканың ден­саулық сақтау жүйесіндегі бір­қа­тар пробле­малық мәселе­лерді атап өтті. Мәсе­лен, қазақ­стандықтардың өмір сүру жа­сының ұзақтығы ЭЫДҰ ел­дері­не қарағанда 10 жылға төмен. Қазақстанда жалпы өлім-жітімнің негізгі себепшісі бо­лып табылатын 5 дерт бар. Бірін­шісі – жыл сайын 30 мың адам (26%) қайтыс болатын қан айна­лымы жүйесінің дерті. Қан айна­лымы жүйесі дертін емдеуді қар­жыландыруға жұмсалатын мем­лекет шығындары жыл сайын өсіп келеді. Екінші себеп – қатерлі ісік аурулары. Ісік дертімен ауыратындарды емдеуді қаржыландыруға жұм­­салатын мемлекет шығын­дары жыл сайын өсе түсіп отыр. Осы орайда, жиналыста елі­міздегі онкологиялық диспан­сер­лердің жағдайы туралы арнайы айтылды. Үшінші орында жазатайым оқиғалар, жарақаттар және ула­ну­дан болған өлім-жітім (11%) тұр. Осы көрсеткіш бойынша өлім-жітім деңгейінің төмендеуі бай­қалғанымен, осы жағдайдан 16 мың адам көз жұмады. Со­нымен қатар, қаржыландыру көрсеткіші жыл сайын өскенін көрсетіп отыр. Статистика бойынша «алтын уақыт», яғни апаттан кейін бір сағат ішінде тиімді жедел медициналық көмек көрсетілмейді. Төртінші орында – ана өлімі. Ресми деректер бойынша ана өлімінің коэффициенті соңғы он жыл ішінде тұрақты түрде төмендегенін көрсетіп отыр. Қаржыландыру да арта түсуде. Бесінші орында – бала мен нәресте өлімі. 2009 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда нәресте және бала өлімі 2 есеге төмендеген. Сонымен қатар, 0-ден 5 жасқа дейінгі бала өлімінің 81%-ын нәресте өлімі құрайды. Балаға медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру да жыл сайын өсіп отырғаны байқалады. Денсаулық сақтау және әлеу­­­меттік даму министрі, үй­лес­тіру кеңесінің басшылары де­путаттарға медициналық көмек көрсетудің біріктірілген моде­лінің, негізгі әлеуметтік маңызы бар жұқпалы емес аурулардың және халықтың демографиясына ықпал етуші: асқынған инфаркт миокарды, ми қан айналымының қатты бұ­зылуы (инсульт), қауіпті ісік­тер, жарақаттар, жүктілік пен босану бойынша ауруларды бас­қару бағдарламасының негізгі бағыттарын ұсынды. Талқылау барысында де­путаттар медициналық қызмет­тердің қолжетімдігі және сапасы мәселе­лерін, дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету пробле­ма­ларын, уақтылы қызмет көрсетпеу жағдайлары, медицина мекеме­лерінде бірқатар салалық маман­дардың жоқтығы туралы мәселе­лерді көтерді. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі медициналық көмекке халықтың қолжетімдігінің тең және әділ болуын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Жиналыстың қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау жү­йесін жетілдіру бойынша Үкі­метке ұсыныстар әзірленді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»