• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Қазақстанда әйелдер үлесі жоғары сала көп

348 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова «Әйелдер цифрлы технологиялар дәуірінде инклюзивтік экономика құру жолында» атты жаһандық әйелдер саммитіне қатысу үшін Варшава қаласына келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Министрлік деңгейіндегі алқалы жиында сөйлеген сөзінде Г.Әбдіқалықова «Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев еліміздің алдына әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына қосылу жөнінде міндет қойғанын атап өтті. Бұл мақсатқа қол жет­кізу үшін Қазақстанда мемле­кет­тің есептілігін арттыруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, экономиканың әртараптан­дыры­луына және адам капиталының жан-жақты дамуына бағытталған ауқымды институттық реформалар жүргізілуде. Мемлекеттік хатшы Қазақ­стан­да қазіргі заманғы инклюзивтік экономиканың дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары, оның ішінде Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкімен бірлескен жобалар арқылы мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Г.Әбдіқалықова жасалып жат­қан шаралар әйелдердің ел экономикасын дамыту ісіне қатысу үлесін арттыруға мүмкіндік ту­ғызғанын атап көрсетті. Бүгінде әйел­дердің бизнестегі үлесі – 50%, ал 42%-ы шағын және орта бизнес кәсіпорындарын бас­қарып отыр. Әйелдердің жұмыс­сыздық деңгейі 2006 жылғы 9,2%-дан 2015 жылғы 5,6%-ға дейін, ал еңбекақының гендерлік алшақ­тығы 2006 жылғы 62%-дан 2015 жылғы 67%-ға дейін азайды. Қазақ­стан «Жұмыс істеп жатқан әйел­дер, ерлермен салыстырмалы үлесі» атты көрсеткіш бойын­ша, 2015 жылғы Дүниежүзілік эко­но­микалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 26-шы орынға ие болды. Саммит шеңберінде Мемле­кеттік хатшы Польша Респуб­ли­касының Премьер-министрі Б.Шыдломен кездесті. Тараптар Қазақстан-Польша қарым-қатынасының өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Польшаның Казақстан үшін Еуропалық одақтағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес екенін айта келіп, ел басшылығы Қазақстанның Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіруіне қолдау көрсеткеніне және Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатынына риза­шылық білдірді. Польша Республикасы Пре­зидентінің зайыбы А.Корн­хаузер-Дудамен кездесуі барысында Г.Әбдіқалықова Бірінші ханымға Саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Саммиттің Құрметті патроны ретінде алғысын білдірді. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы екі ел арасында білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Білім саласындағы екіжақты үкіметаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда Варшава, Краков, Лодзи, Познань және Жешув университеттерінде 500-ден астам қазақстандық студент білім алуда. Саммиттің алдағы екі күнінде Мемлекеттік хатшы Германия, Франция, Вьетнам, Малайзия елдері делегация басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланып отыр.
Соңғы жаңалықтар