• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Жалғыз ұлдың күйігі

581 рет
көрсетілді

Қапелімде өмірлік қосағы мәңгілік ұйқы құшағына енді де, Үкісары апа жалғыз ұлына қарап қалды. Жамалбегі пысық, епті болып өсті. Тосыннан сұрапыл соғыс басталды да сөйткен Жамалбегі майданға аттанып кете барды. Хат арқылы амандығын білдіріп тұрды. Үшкір хат қолына тиген күні Үкісары апаның үйінде кішігірім той-домалақ болушы еді. Отан қорғаушылардың аман-есен оралуын тілеп, ақ баталарын беріп жататын. Көңіл күптілігін басатын сағыныш хаттарымен бірге қазақ ауылына қайғы бұлтын үйіріп, «қара қағаздар» да келетін... «Құдай сақ­тай көр!»– деп құты қашып жү­ретіннің бірі осы апамыз еді. ... Міне, жеті ай болды, Жамалбектен хат-хабар үзілгелі. Пошташыдан сыр тартып көрсе, «жаманат хабар жат­пайды ғой, әлдеқандай себеппен хаты тежеліп жүрген шығар...», – деп үміт­тендіріп қояды. Осылайша уақыт зулай берді. Жылдар алмасты. Соғыс бітті ұлын зарыға күтумен. Ел ішінің «жал­ғызының жоғалғанын сезбей өтсе екен» деген күңкілі құлағына еміс-еміс жетпей қалып та жатқан жоқ. Ондайда жұлын-жүйкесі, көңілі тас керең бола қалады. Жалғыз кейуананы жүдетіп-мұқалт­пау ниетімен інісі баласын оның бауырына салып, септесті. Кейін ол бала сабақ ыңғайымен қолынан сусып, өзге мектепке кетуге душар болғанда, жа­қын-жуығы Сейдалы деген баланы қасына қосты. Әйтеуір, қасіреттен қа­жыған ананы қолдап-қуаттаудың қамы ғой. Сейдалы зайыбы Қазына екеуі ана­ларын мейіріммен бағып-қақты. Үлкен кісінің шапағаты шығар, Сейдалы озат шопан ретінде ел аузына ілікті. Тіпті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Ке­ңесінің депутаттығынан үміткер тұр­ғысында бағын сынап бақты. Соғыс зардабын біржола өшті деу, бекершілік екен. Үкісары ана соның за­пыранын көзі жұмылғанша жұтқан шер­менде кісі еді. Сексеннің сеңгірінде қатты науқастанып, сарытөсекке таңыл­ғанда: «Жамалбегім елмен табысса, құ­шақтарыңды айқара ашып, төрлеріңді ұсыныңдар, менің жоқтығымды білдір­меңдер. Мен үшін бетінен сүйіп тұрыңдар!»– деп Сейдалы мен Қазы­наға өсиетін айтып үлгерген еді жа­рықтық. ... Осылайша, Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында жалғыз ұлының өліміне сене алмай, өмірден өткен еді кейуана! Жақсылық ЖҮНІСҰЛЫ, ҚР Мәдениет қайраткері. Арқалық.