• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

3000 адам диктант жазды

525 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында 3 мың­нан астам адам «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне арналған шара аясында жалпықазақстандық диктант жазды. Шараны ұйымдастыру­шылар­дың айтуынша, мемлекеттік тіл­де диктант жазу облыстың тоғыз қаласы мен тоғыз ауданын­да бір мезетте қолға алынған. Дик­танттың 230 таңба белгісінен тұра­тын мәтіні Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессия­сында қабылданған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі туралы тақырыпты қамтыған. Қарағандыдағы Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми кі­тап­ханада өткен акция қатысушы­ла­ры алдында облыс әкімі аппараты жа­нын­дағы «Қоғамдық келісім» ме­ке­месінің басшысы Тілеубек Кәмалиев сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. – «Мәңгілік Ел» патриоттық акті­сінің негізінде әрбір қазақ­стандық үшін қарапайым Һәм маңызды құндылықтар жатыр. Олар – отбасының берекесі, тұрақтылық, қауіпсіздік, бірлік және ертеңгі күнге деген сенім­ділік. Дәл қазір сіздер үшін мем­лекеттік тілді қаншалықты мең­гергендіктеріңізді және де жеке сауаттылықтарыңызды тексеріп алуға деген тамаша мүмкіндік туындап отыр. Барлықтарыңызға азаматтық белсенділіктеріңіз бен өмірлік ұстанымдарыңыз үшін алғыс айтқым келеді!», – деді ол. Аталған кітапханада диктант жазу үшін этномәдени бірлес­тіктердің өкілдері, мемлекет­тік қызметшілер, жастар мен зейнеткерлер жиылған болатын. Жазылған диктанттарды арнайы құрылған жұмыс комиссиясы тексерді. «Бұл акция, сөз жоқ, мемл­е­кеттік тілдің беделін көтеріп қана қоймай, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің ұстанымдарын дәріптеуге де жол ашады», – дейді Н. Гоголь атындағы кітапхананың директоры Дина Аманжолова. Акцияны ұйымдастырушы­лар хабарлағандай, Қарағанды облысында жалпықазақстандық диктантты 3479 адам жазды. Нәтижесінде қатысушылардың 30 пайызы «өте жақсы» деген бағаға қол жеткізсе, 44 пайы­зының жұмысы «жақсыға» баға­лан­ды. Сонымен қатар, үздік жұмыс­тар­дың авторлары алғыс хаттармен марапатталды. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ
Соңғы жаңалықтар