• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Мысыр Қазақстанмен туризмді бірлесе дамытуға мүдделі

565 рет
көрсетілді

Алматыға ресми сапармен Мысыр туризмінің әкімшілігі мен Мысыр мейманханашылары қауымдастығының өкілдері атбасын бұрды, олар журналис­термен туризм нарығының ахуа­лы турасындағы ақпаратпен және осы саладағы жаңа бас­та­ма­лармен бөлісіп, сондай-ақ, мысырлық шипажайлардың туристік қызметінің жаңа мүм­кіндіктерін паш етеді. Ресми делегациямен қатар Алматыға 13 жетекші мысырлық туристік операторлардың өкілдері де келді. Мақсат – туристік қызметтер көрсететін қазақ компаниялармен нәтижелі ынтымақтастық орнату. Сонымен, бірден Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев пен Оңтүстік Синай губернаторы Халид Фуда екі ай­мақтың туризм саласындағы ынтымақтастығы туралы меморандумына қол қоюдан бас­талған баспасөз мәслихаты тұсау­кесерлерге ұласты. Мысыр елі үшін туризм саласы ерекше мәнге ие. Ал енді соңғы 60 жылда әлемдегі туристер саны бір жылда 25 миллионнан 1 миллиард адамға дейін артты, бұл сала тұрақты түрде өсуде және қазіргі таңда ғаламшарымыздың әрбір 11-ші тұрғыны туризм саласында қызмет етуде. Дәстүрлі түрде туризм Мысыр экономикасының ең маңызды құрамдастарының бірі болып табылады: 4 миллионнан астам мысырлықтар туристік салада жұмыс жасайды, ел ІЖӨ-сінің 12 пайызға жуығы туризмнен түсетін табыс. Соңғы онжылдықта Мысырға бағыт алған туристік ағын үш есе артқан (5-тен 15 миллионға дейін), ал курорттардың сыйымдылығы 18 мың бөлмеден 280 мыңға дейін өскен. Саяхаттағанды сүйетіндер үшін Мысыр ең қолжетімді және тартымды туристік бағыттардың бірі болып қалуда, ол демалушылар­ға көне мәдениет пен заманауи ку­рорттық инфрақұрылым­ның қай­таланбас үйлесімін, жыл он екі ай бойы тамаша ауа ра­йын, бірден курорттарға тікелей жақын маңдағы бірнеше заманауи әуежайларға ұшып келу мүмкіндігін және түрлі деңгейдегі және баға аралығындағы ыңғайлы қонақ үйлерді таңдауды ұсынады. Қазақстан тұрғындарына ар­налған Мысырдағы туристік мүмкіндіктерге келер болсақ, Мы­сырдың туризм министрлігі және мысырлық туроператорлар екі елдің тиімді ынтымақтастығы­ның жалғасуына ниет білдіріп, бүгінгі күні қазақстандық туристерге жоғары сападағы қызметтердің жаңа тартымды қатарын ұсынуға даяр. 2014 жылғы Қазақстаннан Мысырға бет алған туристер ағынының біршама саябырсуынан кейін қазақтар арасындағы мысырлық курорттардың таны­малдылығы қайта артты: өткен жылда Мысырға Қазақстаннан 22 мыңнан астам қонақ барса, ең сәтті сапарлар желтоқсан, қаңтар және наурыз айы деп есептелінеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ