• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Туристер үшін тиімді

275 рет
көрсетілді

Катонқарағай ау­да­нының әкімі Ах­­метқали Нұрғо­жин жақында ақ­парат құралдары өкілдері­мен кез­де­сіп, ау­дан­дағы туризм жә­­не спорттың дамуы жайлы айтып берді. – Облыста ту­ризмді дамы­ту жө­нінен біздің аудан көш басында ке­леді, – деді аудан бас­шысы. – «Рах­ман қайнары», «Нұр-бұлақ» шипа­жайларының ата­ғы алысқа кеткен. Бұл жерде жазда орын табу оңай шаруа емес. Себебі, адам ағзасына өте пайдалы пантымен емделуге сұраныс үлкен. Сондай-ақ, бұрынғы аудан орталығында «Баян» шипажайы қысы-жазы келушілерге сапалы қызмет көр­­сетеді. Оған қоса, пантымен емдейтін 11 сауықтыру орындары, бірнеше қонақүйлер шет жақтан келгендерге қызмет көрсетеді. Биыл Белқарағай ауы­лының тұсында 30 орындық оннан астам қонақүй салу басталмақ. Бұл жерде 200 орындық мейрамхана, 30 орындық дәмхана салу ойда бар. Жеке кәсіпкер Асқар Уәлханов бұл мақсатқа 500 миллион теңге жұмсамақ. Өрел ауылында бес қонақүй пайдалануға беріледі. Бұдан бірнеше жыл бұрын елімізде бірінші болып пайдалануға берілген «Жас турист бекеті» мектеп оқушыларының туған өлкенің табиғатын қорғап, туризмді насихаттауда бағытты да бағдарлы жұмыстарды атқаруда. Аудан әкімінің айтуынша, табиғаты көрікті Бұқтырма су қоймасының жағалауында 40 орындық демалыс кешені бой көтермек. Туризмді дамыту мақ­сатында шетелдік инвес­тор­лармен келі­сім­шарт жасалуда. Атап айт­­қанда, Ка­тон­қа­рағай бұғы ша­­руа­шылығының бас­­шысы Нұр­лан Тоқтаров Қы­тайдың Шың­жан-ұйғыр автономиялы ауданының іскер азаматтарымен бірлесіп Катонқарағай ауылында панты өнімдерін өңдейтін және ет өнімдерін әзірлейтін цех салуды ұйғарды. Олардың әр­қайсысының құны тиісінше 210-280 миллион теңге. Демек, қосымша ондаған жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен бірге, көрші ел мен аудандық әкімдік арасында туризмді өркендетуге арналған меморандумға қол қойылды. Ауданда марал және омарта шаруашылығы өркендеп келеді. Қазіргі кезде марал шаруа­шы­лығымен 11 қожалық айналысады, марал мен теңбіл бұғының саны 6 мыңды құрайды. Дәмі тіл үйіретін, шипалы Катон­ның қымызын сонау Алматы мен Астанадан ал­ғызып пайдаланатындар саны күрт өскен. Та­­уарлы сүт фермасын құруда да алға басу бар. Ауданда бала­бақшалармен қамтамасыз ету 100 пайыз ше­­ші­мін тап­қан. Мұнда спортпен шұ­ғыл­­данамыз деушілерге барлық жағ­дай жа­салған. 150 спорт нысаны, оның екеуі ірі спорт кешені, 37 спорт залы, 19 хоккей қораптары, 49 спорт алаңдары, 38 футбол алаңы, екі бассейн, шаңғы базалары аудан тұрғындарының жиі жиналатын мекені. Ақсу ауылында құны 85 миллион теңге тұратын спорт кешенін салу жоспарда тұр. Мектептердегі 2700 оқушы спорттық киімдермен қамтамасыз етілген. Аманшылық болса, биыл Қ.Дамитов атындағы орта мектепте спорт сыныбы ашылып, онда 20 бала шаңғы спортымен мықтап шұғылданбақ. Шынында да, жеті-сегіз ай бойы аппақ көрпеге оранып алатын аймақта қызығы көп қысқы спортты өркендетуге барлық жағдай бар. Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист Шығыс Қазақстан облысы