• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2016

«Ұлы Дала перзенттері» деген атқа лайық болайық

492 рет
көрсетілді

* Замана зиялылар зердесінде  Егемендік алған алғашқы жылдарда еліміздің бірқатар қиындықтарды бастан кешіргені белгілі. Экономикалық дағдарысты жағдайлармен қатар, білім беру, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау салалары елеулі кедергілерге ұшырады. Сонымен қатар, халықтың еркін қоғамдық қатынасқа көшуімен дін саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алды. Аталған салаларда қазіргі жағдай қалай? Нендей өзгерістер бар? Осы және тақырыпқа қатысты өзге де сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, қоғам қайраткері Мұрат ЖҰРЫНОВ жауап береді. Егемендік алған алғашқы жылдарда еліміздің бірқатар қиындықтарды бастан кешіргені белгілі. Экономикалық дағдарысты жағдайлармен қатар, білім беру, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау салалары елеулі кедергілерге ұшырады. Сонымен қатар, халықтың еркін қоғамдық қатынасқа көшуімен дін саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алды. Аталған салаларда қазіргі жағдай қалай? Нендей өзгерістер бар? Осы және тақырыпқа қатысты өзге де сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, қоғам қайраткері Мұрат ЖҰРЫНОВ жауап береді. – Мұрат Жұрынұлы, тәуелсіздік жылдары елімізде отандық ғы­лым дамуының жаңа кезеңі бас­талған­ды­ғы белгілі. Осы жылдары өзіңіздің де ғалым ретінде ғылым саласында үлкен қызметтер атқарғаныңызды білеміз. Жалпы, қазіргі жағдайда ғылым мен білім ел дамуына қаншалықты үлес қоса алып отыр деп ойлайсыз? – Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде ғылым саласында елеулі өзгерістер орын алып, жаңа кезең басталды. Елдің меншігіне көптеген ғылыми-техникалық мекемелер өтіп, ғылымды қолдаудың маңыздылығы арта түсті. Бұл жылдары, өзіміз де ғылым саласында жүр­ген­діктен, оның дамуына атсалысып, өз үлесімізді қосуға тырыстық. Ғылым – білімнің жоғары саты­сы. Бұлар – бір-бірімен астасып, тұтасып жат­қан салалар. Ғылымсыз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Бұл - аксио­ма. Яғни, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жұрт осылай қабылдау керек. Біздің елімізге білімнің, ғылымның берері не? Ең алдымен, білімі мен ғылымы дамыған елде тұрақтылық болады. Білімсіз халықты адастыру оңай. Білімсіз адам көрінгеннің айтқанына көніп, айдауына еруге бейім тұрады. Ал білімді адамның санасы сарабдал келеді, істің мән-жайын біліп, байыбына бара алады. Білім - өркениет көшіне ілесудің сара жолы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жол­дауында: «Қазақстанның жас азамат­тары! Білімді, еңбекқор, бастама­шыл, белсенді болуға қазірден бас­тап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұра­ныс бар өңірге батыл барыңдар. Шебер­ліктің шыңына жете білсеңдер, маман­дықтың бәрі жақсы. Қазір – техни­калық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады, тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», деу арқылы білім беру мен мамандықты меңгеруге басымдық берді. – Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде елімізде дінтану біліміне шектен тыс мән беріліп, дінтану мамандарын даярлау ісі оңды-солды жүргізіле бастағаны өзіңізге мәлім. Бұл жайттың кейінгі салдары туралы әңгіме қозғамас бұрын, осы қадамға негіз болған алғышарттар туралы айта кетсеңіз. – Кеңестік империяның ыдырауы нәтижесінде атеистік идеологияның ық­палынан босаған, тәуелсіздіктің табал­дырығын енді ғана басқан қазақ халқы өзінің дәстүрлі дінімен қайта қауышты. Алайда, сол тұста ашық ақ­парат кеңістігі мен ашық шекара саясатын өз мақсаттарына пайдаланған теріс пи­ғылды діни ағымдар легі көбейді. Сон­­дай-ақ, қоғамымыздың дінге бет бұ­руымен сол кездері қазақстандық жас­тар діни білім алу мақсатында алыс шетелдерге (Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр және т.б.) кете бастады. Өкінішке қарай, аталған ел­дердің ішінде біздің дәстүрлі ислам­дық ұстанымдарымызбен үйле­с­пей­тін, жерімізде атам заманнан берік қалыптасқан ханафиттік мазһа­бы­мызға сай келмейтін бағытты бағ­дар еткен елдер де болды. Оларда білім алған жас­тарымыз сол елдің фун­даменталистік идеологияға негізделген көзқарастарын сіңіріп, экстремистік және лаңкестік ұйым­дар­дың ықпалына түсу ықти­малдығы зор екендігі, елге оралғаннан кейін сол шетін көзқарас­тарын жер­гілікті халыққа насихаттауы мүмкін екендігі ол кезде ескерілген жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, тәуел­сіздіктің алғашқы кезеңінде азаматтарымыз діни сауаттылық жағы­нан ақсап тұрды. Сондықтан да бұл кезеңде білімі таяз адамдардың дін атын жамылған деструктивті және экстремистік ағымдардың қатарына қосылып кету қаупі күшейе түсті. Осы сындарлы кезеңде зайырлылық қағидаттарын дамыта отырып, дәс­түрлі руханиятты сақтап қалу, халық­тың діни және дінтанулық сауатын көтеру мақсатында діни ахуалды бақылап, талдау жасай алатын маман­дарға қажеттілік туындады... – Сөзіңіз аузыңызда, қажеттілік, қажеттілік деп жастарымызды шетел­дерге қойдай өргізіп, оның соңы жақсылыққа апармайтынын сезген кезде бұл үдеріске тоқ­тау салуға ұмтылдық. Өкінішке қарай, қолымызды кеш сермеп қал­ған секілдіміз. Бұған соңғы жыл­дар­дағы, соның ішінде, әсіресе, күні кеше Ақтөбеде орын алған лаңкес­тік оқиғалар дәлел десек, асы­ра айтпайтынымыз ақиқат. Бұған не дейсіз? – Рас, жоғарыда да атап көрсетке­нім­дей, дін саласындағы маманға қажеттілік деген желеумен ой-санасы, өмірлік ұстанымы, өзіндік көзқарасы қалыптаспаған жастарымызды шетелдерде оқыту үрдістері белең алды. Шынында да, сырттағының бәрі алтын мен күміс болмай шықты. Мұның тым асығыс шешім болғанын енді бағамдап жатырмыз. Зардаптары да аса ауыр соғуда. – Ұмытпасам, егемендіктің елең-алаңында өзіңіз басқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­ара­лық қазақ-түрік университетінде елімізде ең алғаш рет дінтану маман­дарын даярлау ісі қолға алын­ған болатын. Жалпы, аталған маман­дық бойынша елімізде кадр­лар даярлаудың бүгінгі жай-күй­і­не, оның өзекті тұстарына тоқтала кет­сеңіз. Бұл бағытта қандай жұ­мыс­тар атқарылды және тағы не істеу керек деп ойлайсыз? – Иә, дінтанулық білімнің еліміз үшін ерекше өзектілігін ескеріп, 1992 жылы Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дін және еркін ойлау» мамандығын ашқан едік. Отандық дінтану білімінің іргесі осылай қаланды. Бұл оқу ордасының қалай құрылғаны, қандай қиындықтарды еңсере отырып дамығаны - өз алдына бір хикая. Түркістаннан университет ашу Елбасының идеясы болатын. Сол идеяны жүзеге асыруға, Қожа Ахмет Ясауи университетін мәдениет пен білім ордасына айналдыруға септігімді тигіз­генімді ғұмырымда жасаған үлкен игі ісім деп бағалаймын. 2009 жылдан бастап аталған университетте дінтанушы мамандар да­йындайтын «Дінтану және теология» кафедрасы ашылып, мамандық аясы кеңейе түсті. Одан бөлек, оқу орнында дінтану мамандығы бойынша магис­тратура іске қосылып, қазіргі күнде кафедра түлектері осы салада табысты еңбек етуде. Қазіргі кезде бұл оқу орнымен қатар, еліміздің тағы бес жоғары оқу ор­нында – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­верситетінде, Е.Бөкетов атын­­дағы Қарағанды мемлекеттік университетінде, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандары даярлануда. Бұл дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге талпынған қазіргі жастар үшін өз елімізде кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалғанын көрсетеді. – Мектеп бағдарламасында «Дінтану негіздері» пәнін оқы­ту қол­ға алынғанын қалай бағалайсыз? – Мұны мен айрықша маңызды қадам дер едім. Қазақстан қоғамының көпконфессиялы сипатын ескере отырып, қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандарды дайындау аса өзекті мәселе болып табылады. Еліміздің білім жүйесіндегі жа­ңа­лық­тардың бірі - «Болашақ» халық­а­ралық бағдарламасы аясында «дінтану», «теология» және «шы­ғыстану» мамандықтарына грант­тың бөлінуі. Бұл қадам отандық мамандардың діни және дінтанулық білім саласындағы біліктілігін арттырып, әлемдік тәжі­рибемен жете танысуға септігін тигізері анық. Жал­пы алғанда, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім өзіндік базасы, қалыптасқан тәжірибесі бар, халық­аралық ғылыми байланыстарға түсіп отырған маңызы жоғары білім беру саласы саналады. – Діни сауатсыздықтың қоғам­ға тигізер зардабы үлкен екеніне дәл бүгін мысалды алыстан іздеудің қажеті болмай қал­ды. Жастарымыздың ішінара теріс пиғылды ағымдардың ықпа­лы­на түсіп қалуы да осы діни сауат­сыздықтың салдары екені күмәнсіз. Әсіресе, соңғы оқиғалардан кейін халықтың діни сауатын арттыру бағытында нендей шаралар атқарылғаны жөн деп ойлайсыз? – Әрине, халықтың, әсіресе, жас­тардың бойында түрлі теріс пиғыл­ды ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру, еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі діни ахуалға талдау жасай білу үшін діни білім аса қажет. Қазіргі күнде жастар санасын жат ағымдардан арашалау және сақтандыру жолында мемле­кет тарапынан іргелі қадамдар қолға алынып жатыр. Бірақ, меніңше, енді осы бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейте түсу керек. Бұл жерде Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетіне ерекше жауап­кер­­шілік жүктеледі дер едім. Қазақ­стан мұ­сыл­ман­дарының діни басқар­ма­сы­на да жұмысын ширата түскен жөн. Дегенмен, бұл салада жасалған жақсы жұмыстар бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, соңғы жылдары жүзеге асырылған дін саласын заңнамалық реттеу жұмыстары елеулі нәтиже бергенін көпшіліктің көзі көріп отыр. Бұрынғыдай көше кезіп, кітап таратушылар қазір ты­йылды, кез келген жерде насихат айтып, есік қағып, тұрғындарды мазалап жата­тын уағызшылардың әре­кетіне де то­қтау салынды. Дінтану сарап­та­ма­сының белсенді жүргізіліп жат­қанын әрбір діни кітаптың алғашқы бетін­дегі сараптамадан өткені туралы мәліметтен біліп отырмыз. Әсіресе, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының орасан зор жұмыстар атқарып, барлық аудиторияларда үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырғанын БАҚ-тардан біліп, өңірлерге барған кездерде естіп жатамыз. Осының бәрі дін саласындағы жүйелі де ор­нық­ты саясаттың жемісі екені ай­қын. Өйткені, жастарға тура жолды нұс­қап, оларды заман ағымына қарай бейім­дей­тін және оларға діни-рухани тәр­бие беретін имамдардың сауатты, білім­ді болғаны өте маңызды. Осы рет­те ҚМДБ-ның дін ғалымдарының, имам­дардың беделін, мәртебесін көтеру мақсатында олардың діни білім­­мен қатар, зайырлы білімді мең­­геруі қа­жеттігі туралы бастама көтеріп, «Қазіргі заманның үздік 500 зия­­лы имамы» жобасын жүзеге асыру­ды қолға алуы - көңіл қуантарлық жағдай. Халқымыздың дәстүрлі құндылық­тарымен үндесіп жатқан ислам дінінің жаршылары болып табылатын имамдардың сыртқы келбеті, болмысы, мінез-құлқы, білімі - барлығы да өз аттарына сай болуы керек. Зайырлы елдің рухани көсемдері имамдар болғандықтан, олар тек діни емес, зайырлы білімді де меңгергені жөн деп санаймын. Сонда олар діннің талаптары мен зайырлылық қағидаттарын үйлестіре отырып, халық арасында туындаған мәселелер бойынша оңтайлы шешімдер қабылдай алады. – 2016 жыл ЮНЕСКО көлемінде Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жария­­ланды. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшылдың дүниеден өт­кеніне биыл 850 жыл толды. Осы орай­да, Ясауи ілімінің мән-маңызы туралы қысқаша айта кетсеңіз. – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қашан да ұлттық тарихымыздың әр кезеңіне тоқталып, ұлы тұлғаларымыз туралы лайықты бағасын беріп келе­ді, олардан қалған асыл аманатты сақ­тап, дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың мін­деті. Солардың ішінде ислам дінін жетік меңгеріп, қазақы дүние­та­ны­мымен астастырып, қазақ мұсыл­ман­дығына негіз боларлық бірегей ілімдер қалыптастырған ұлы тұлға­лары­мыз­дың бірі Қожа Ахмет Ясауи дер едім. Қ.А.Ясауидің жалпы түркі халқы­ның дүниетанымының, рухани құнды­лықтарының қалыптасуында алар орны ерекше. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясын­да қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі рөлін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының ру­ха­ни-моральдық қағидаларында көрі­ніс тапты. Мұның нақты мысалын біз хал­қымыздың ізгілікке, иман­ды­лық­қа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәс­түр­лерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэ­зиясы мен би-шешендердің на­қыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлға­лары­мыз­дың туындыларынан айқын аңғарамыз. Биылғы 2016 жылды ЮНЕСКО ұйымы «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияласа, бұл халқымыздың рухани мәдениетінде өшпес із қалдырған ұлы бабамыздың осындай құрметке әбден лайықты екендігінің айғағы. – Тобықтай түйініңіз. – Түркі елінің тұтастығына ерекше мән беретін Елбасымыздың мемле­кетімізді «Ұлы Дала елі» деп бейнелі түрде атау жөніндегі ұсынысы мені қатты қуантты. Енді біз «Ұлы Дала перзенттері» деген атқа лайық болуды ойлауымыз керек. Осы жолда нәтижелі жұмыс жасау әрбір қазақстандыққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Сон­дықтан, еліміздің азаматтарын ауыз­бір­шілік пен түсіністікті қадірлеуге және мемлекетімізді көркейту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»