• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2016

Әлеуметтік маңызы зор жоба аяқсыз қалмауы тиіс

261 рет
көрсетілді

Осы заманғы медицина мен биология ғылымдары барынша дамып отырса да, қатерлі ісікке қарсы дауа таба алмауда. Соның кесірінен дүниежүзінде миллиондаған адам туған-туыстарын қан жылатып, жыл сайын өмірмен ерте қоштасады. Біздің елімізде де солай. Онкологиялық ауруларды анықтау мен оның алдын алуға қаншама әрекеттер жасалып жатқанымен, оның саны азаяр емес. Тіпті, соңғы жылдары оның 9 пайызға артқандығы мәлім болып отыр. Дәстүрлі түрде жасалатын хирур­гия­лық ота, химиялық сәулелер арқы­лы ісіктің тамырын жою әдістері де қала­ған нәтижелерімізге қол жеткізбеуде. Ал дамыған шетелдерде бұл нәубетке қарсы күрес үнемі жетіл­діріліп, емдеудің жаңа тәсілдері ашылып отырады. Инновациялық технологияларды енгізудің біздегі сылбыр деңгейі алдыңғы қатарлы сондай тәсілдерді меңгеруге де мүмкіндік бермеуде. Алайда, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. «Онкология және трансплантоло­гия­ның ұлттық орталығы» АҚ 2012 жылдан бастап, онкологиялық дерт­терді емдеудің жаңа тәсілдерін мең­геруде. Ол онкодерттердің әрі қарай жайылмай, дамуын тұрақтанды­рып, ісікті регрессиялық жолмен біртін­деп құртуға бағытталған. Бұл ем шара­ларын ауыртпайтын препараттар­ды қолданбай-ақ жасауға мүмкіндік береді және пациенттердің өмірін ұзартады. Осы жобаның шеңберінде миында пайда болған қатерлі ісіктен 95 адам емделіп шықты. Жаңа тәсілдің тиімділігі 65 пайыз екендігіне көзіміз жетіп отыр. Қазақстандық жобаның тиім­ділігіне шетелдік мамандар да назар аударып, орталықта бірнеше халықаралық семинарлар өткізілді. Әлемнің белгілі нейрохирургтері оған өздерінің жоғары бағаларын берді. Осындай қол жеткізген табыстың кейінгі тағдыры енді не болып жатыр дейсіз ғой. Дағдарыс талаптарына сәйкес жобаны қаржыландыру 2015 жылдан бастап тоқтатылды. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген бар емес пе, еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде үлкен жетістік болып табылатын жобаны жаппайық, керісінше, одан әрі дамытайық деп қаражат сұрап, Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігіне бар­ған өтінішіміз аяқсыз қалды. Осы мәселелердің бәрін айта оты­рып, Денсаулық және әлеуметтік даму министрінің атына тағы да депутаттық сауал жолдадық. Халықтың әлеуметтік дамуы мен денсаулығының жақсаруына мүмкіндік жасауға тиісті ведомство тиімді жобаны жалғастыруға қаржы табар деген үміттеміз. Құралай ҚАРАКЕН, Мәжіліс депутаты
Соңғы жаңалықтар