Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкодан көңіл айту жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Жеделхатта Беларусь елінің Ақтөбедегі әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындарды қазаға ұшыратқан террористік акт туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны аталып өткен.
«Беларусь терроризмнің кез келген көрінісіне ымырасыз қарсы тұру ісінде достас Қазақстанмен әркез ынтымақтастықта болады», – делінген жеделхатта.
А.Лукашенко Қазақстан Президентіне, қаза болғандардың отбасы мен жақындарына шын ниетпен көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановтан көңіл айту жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Р.Минниханов Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақтөбеде болған қайғылы оқиғаларға байланысты шын ниетпен көңіл айтты.
«Адамдарды қазаға ұшыратқан қатыгез экстремистік шабуыл біздің зығырданымызды қайнатты. Қылмыскерлер табылып, заңды жазасын алады деп сенеміз. Қаза болғандардың жақындарына қайғысына ортақтасып, шын ниетпен қолдайтынымызды, аяусыз қылмыс кезінде зардап шеккендердің бәрінің тезірек сауығып кетуіне тілектестігімізді жеткізуді өтінеміз», – делінген жеделхатта.