• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Мүбәрак сайлауға түсуден бас тартты

368 рет
көрсетілді

Египет президенті Хосни Мүбәрак 2011 жылдың қыр­күйегіне белгіленіп отырған кезекті президенттік сайлауға түсуден бас тартатындығын мәлімдеді. Ол өзінің осы ниетін ел азамат­тарының демократиялық еркін білдіруді қам­тамасыз ету мақсатын көздейтіндігінен деп түсіндірді. Әлемдік интернет шырмауығына келіп түсіп жатқан деректерге қарағанда, АҚШ әкімшілігі Хосни Мүбәракқа осындай кеңес берген секілді. Дегенмен, ол ел билігін әлдекімдерге аяқасты бермек ниетте емес. Сондықтан мәселенің сайлау арқылы шешілуін көздейтіндігін көлденең тартқан. НЕМІС ЭСЭСШІСІ СОТҚА ДЕЙІН КӨЗ ЖҰМДЫ АҚШ-та екінші дүниежүзілік со­ғыс кезінде Югославия аумағында әскери қылмыс жасады деп айып­талып отырған неміс эсэсшісі Петер Эгнер өзінің 88 жасында қай­тыс болды. АҚШ соты оны ел аза­мат­тығынан айыру туралы шешім қа­былдаған болатын. Алайда оның өмі­рі сот мәжілісіне дейін жетпеді. Алдын ала мәлімдеулерге қарағанда, Петер Эгнер өзінің фашистермен әріптестік қарым-қатынас жасағандығын мойын­даған. Бірақ та ол өзінің Белградтағы осы ел полициясында қызмет еткендігін, концлагерьлерге адамдарды жөнелтетін эша­лондарды күзеткендігін, бірақ әскери қылмыстарға аралас­па­ғандығын айтқан. Алайда, 2008 жылы Сербия оған неміс әскер­лері Югославияны басып алған кезде СС-тің жазалау отря­дының құрамында болып, көптеген ел тұрғындарының қазаға ұшы­рауына ықпал етті деген айып таққан. ТОП МЕНЕДЖЕРЛЕР АЙЫП ТӨЛЕЙТІН БОЛДЫ Deutsche Telekom осы компанияда бұрын концерн басшысы және оның бақылау кеңесінің төрағасы қызметтерін ат­қарған Кайем-Уве Рике мен Клаус Цумвинкельмен бейбіт келісімге келу жөнінде шешім қабылдады. Осы келісім бойынша Кайем-Уве Рике мен Клаус Цумвинкель осыдан бұрын кон­церннің қыз­мет­керлері мен журналистерге заңнан тыс ба­қылау жасауды ұйым­дастыру ісіне қатысты деген айыпқа байланысты концерн өтуге тиісті шығындардың бір бөлігін өтеу жөнінде уәде берген еді. Өтемақының қаншалықты со­маны құрайтындығы әлі жария­ланған жоқ. Дегенмен, компания өзінің бұрынғы менеджерлерінен 1 миллион еуро сұрап отырған көрінеді. 2008 жылы басталған бұл даудың негізгі айыпталушысы ретінде компанияның бұрынғы ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы Т.Клаус өткен жылдың 30 қарашасы күні 3,5 жылға сотталған болатын. Бұрынғы топ-менеджерлер осындай жазалау шарасына ұрынбау үшін қомақты қаржы төлеуге амалсыз келісім берген. ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАУШЫҒА ЖАЗА ҚАТАҢ Вирджинияның апелляциялық соты Американың бұрынғы президенті кіші Джордж Бушқа қастандық жасамақ болған Ахмед Омар Абуды өмір бойы түрмеде отыру жөніндегі бұрынғы шешімді өзгеріссіз қалдыру жөнінде өкім шығарды. АҚШ-та бұрынғы президентті өлтірмек болған айып­талушыны осыдан біраз бұрын 30 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылданған болатын. Алайда кейіннен ол өмір бойы түрмеге отыру жазасына ауыстырылған. Айыпталушы әлі күнге дейін өз кінәсін мойындар емес. Сотта келтірген дәлелдерінде ол бұл әрекетіне Сауд Арабиясы түр­месінде өзін қинау салдарынан барғанын көлденең тартқан. Алайда Вирджиния апелляциялық соты оның бұл уәжін ескерусіз қалдырды. БРЕНД МАРКАЛЫ МҰНАЙ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛДІ Осыдан біраз күнгі мәлі­мет­терге қара­ғанда, биржалық сау­далардағы бренд мұ­найы­ның баға­сы 1,59 долларға көтеріліп, бар­реліне 101,1 долларды құраған. Дәл осындай баға 2008 жылдың қыр­күйек айын­да белгіленген болатын. Сол кезде Нью-Йорк биржасында аталған мұнай­дың бағасы бірден 8 па­йыз көтерілген еді. Аталған мұнай түрі бағасының қазіргі кездегі бұлайша кө­терілуін сарапшылар Египеттегі саяси дағдарыс оқиғаларымен байланыстырып отыр. Себебі, Египет аумағындағы Суэцк каналы мұнай тасымалдаудың негізгі жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Бұл жолмен тәулігіне 2,4 миллион баррель мұнай тасымалданады. Египеттегі дағдарыстың созылып кетуіне байланысты Moller-Maersk компаниясы бұл жолды пайдаланудан уақытша бас тартқан. ИННОВАЦИЯҒА МӘН БЕРМЕГЕНДІГІ ҮШІН Ресей президенті Дмитрий Медведев ел экономикасын қайта жаң­ғырту жөніндегі мәселелерге арналған жу­ықтағы отырыс­тардың бірінде Ресейдің мемлекеттік ком­паниялары инно­вациялық бағдарламаларды әзірлеу ісімен нашар айна­лысып отырғандығын мәлімдеді. Осыған орай Дмитрий Медведев үкіметке екі аптаның ішінде ірі мемлекеттік ком­паниялардың басшыларын қызметтен бо­сатуға дейін тәр­тіпке шақыру шара­ларын қолдану жөнінде тап­сырма берді. Ресей президенті инновациялық үдерістерге мән бермей отырған компаниялар қатарында «Роснефть», МРСК, «Совкомфлот» және «Аэрофлот» компанияларын атады. Осы іске байланысты ол компанияларды ғылыми жаңалықтарды игеруге байланысты жұмсалатын шығындарды арттыра түсуге шақырған. * * * ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Каирдегі ереуілге қатысушылардың саны соңғы дерек көздерінің мәлімдеуіне қарағанда 2 миллион адамнан асқан. Әзірге ереуілшілер жиналатын алаңды Египет армиясы толық бақылауында ұстап тұр. Бүкіләлемдік валюта қоры Египет экономикасын қайта қалпына келтіруге көмек көрсететіндігін жеткізді. Бұл жөнінде қордың директор-бөлушісі Доминик Стросс-Кан мәлімдеді. Интернет материалдары негізінде әзірленді.