Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда осы маусым айының 10-ынан
бастап көрмеге кіру билеттері сатыла бастағаны жөнінде айтылды.
Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқанына тоқталған басқарма төрағасының орынбасары, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатын елдер осы жылдың соңына қарай көрме аумағындағы павильондарына өнімдерін толтыра бастайтынын жеткізді. «ЭКСПО көрмесі – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ірі жоба болғандықтан, жауапкершілігі жоғары. Бұл жобаны абыроймен жүзеге асырғымыз келеді. Қазір көрменің дайындығы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары да кестеге сай орындалып келеді. Сондықтан, осы жылдың соңында халықаралық көрмеге қатысуын растаған мемлекеттердің павильонын өздеріне тапсырамыз. Ол елдер осы жылдың соңынан бастап павильондарын толтыра бастайды», деді Е.Шорманов.
Қазіргі күнге дейін 90 ел мен 15 халықаралық ірі ұйым Астанадағы көрмеге қатысатынын растапты. Сондай-ақ, 70 елдің комиссарлары анықталып, 50 келісімшартқа қол қойылыпты. Ал енді шараның негізгі мақсатына көшер болсақ, 10 маусым күні, яғни көрменің ашылуына тура бір жыл қалғанда билеттер сатылымға түсті. Көрменің ресми сайтына кіріп, электронды билет те сатып алуға болады. Осы жылдың 10-20 маусым аралығындағы промо кезеңде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ең арзан билеті 2 000 теңге болады. Яғни, прома кезеңде билет құны 50 пайызға дейін арзандаған. Арнайы күндердің ең арзан билеті 12 мың теңге болады. Сондай-ақ, ұлттық мерекелер қарсаңында да көрме билеттері «көшпелі» саудаға түседі екен.
Әйтсе де, қазір сатып алған билетті кейін нақты датасы бар билетке ауыстыру керек. Яғни, 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап көрменің ресми сайтындағы жеке кабинетіңізден, болмаса, ресми сайттан билет ауыстырып алуға болады. Ал 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің түкпір-түкпірінде ЭКСПО көрмесінің билеттерін сататын офлайн-кассалар ашылады. Бір адам 50 билеттен артық ала алмайтын талап бар. «Біз сатылымды бірнеше кезеңге бөлдік. Бірінші промо кезең 10 маусымнан 10 шілдеге дейінгі уақытты қамтиды. Сондай-ақ, 2017 жылдың 9 маусымына дейін алдын ала сатылым өтеді. Ал көрме басталған кезде, яғни 2017 жылдың 10 маусымынан бастап басқа баға белгіленіп отыр. Қазіргі уақытты промо кезең деп атадық. Осы кезеңде билеттер арзан бағамен сатылады. Билеттерді 10 маусымнан 20 маусымға дейін 50 пайыздық жеңілдікпен аласыздар», деді бұл жөнінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің бас менеджері Ақсұлу Арзықұлова.
Бұған қоса, билеттердің бірнеше түрі бар. Олар ашық даталы. Яғни, күні белгіленбеген және күні белгіленген, сонымен қатар, жұмыс күндері және демалыс күндеріне арналған билеттер болып бөлінеді екен. Олар екі түрлі бағамен ұсынылып отыр. Сондай-ақ, көрмеге билеттерді сату да бірнеше кезеңге бөлініпті. Бұлармен бірге, белгілі кезде билеттердің құны өседі екен. «2017 жылдың маусымынан бастап баға 30-35 пайызға өседі. Мысалы, күні белгіленген билет жұмыс күндері 2 мың теңгеден, демалыс күндері 3 мың теңгеден, ал күні белгіленбеген билеттер жұмыс күндері 3 мың теңгеден, демалыс күндері 4 мың теңгеден сатылады. Сондай-ақ, арнайы күндер қарастырылған. Көрменің ашылу (10 маусым) және жабылу (10 қыркүйек) салтанаты күні, 6 – шілде Астана күні, 30 тамыз – Конституция күнінде билет құны әлдеқайда жоғары болады», деді бас менеджер.
Тағы бір белгілі болғаны 2017 жылғы маусымның 10-ы мен қыркүйектің 10-ы аралығында өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне 100 ел, 10-нан астам халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 озық компания қатысады деген үміт бар екен. Жалпы алғанда, көрме шамамен 5 миллион рет тамашаланып, екі миллионнан астам адам келеді екен. Сондықтан, ауқымды шараны өткізудің қауіпсіздік шаралары да пысықталып жатқан көрінеді.
Маусымның 10-ы күні www.tickets.expo2017astana.com сайтында ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттерін он-лайн режімде сату басталғаны белгілі. Конкурстық комиссияның шешімімен ресейлік «Kassir.com» компаниясы билет сатушы ресми оператор ретінде белгіленді. Шара барысында әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан осы мәселеге қатысты да түсініктеме берілді. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы осы уақытқа дейін билет сататын қазақстандық компанияны құрып, билет сату жұмысына дайындауға болатын еді. Алайда, Халықаралық көрмелер бюросы тиісті талаптарды қойып отыр. Осыны ұмытпау қажет. Сол талаптарға сәйкес, билет сататын компанияның халықаралық жобаларды іске асыру тәжірибесі болуы шарт. Өкінішке қарай, бізде ондай компания жоқ болып шықты. Ал ақша ешқайда кетпейді. Себебі, Қазақстанда аталған компанияның филиалы жұмыс істейді», деді Е.Шорманов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»