Жақында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Германияға жұмыс сапары болды. Оның шеңберінде комиссар Бундестаг депутаттарымен, Германияның жетекші қоғамдық-саяси және экономикалық топтар өкілдерімен, ГФР-де оқитын қазақстандық студенттермен кездесті.
Бундестагта Р.Жошыбаев неміс парламентшісі Юрген Климке мен Қазақстанның Германиядағы елшілігі ұйымдастырған ЭКСПО-2017-нің қарсаңында Қазақстанның туризмі мен экономикасын дамыту» тақырыбындағы роуд-шоуға қатысты. Өзінің сөзінде комиссар жиналған аудиторияны Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне дайындық бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен, елде жүзеге асырылу үстіндегі реформалармен және Қазақстанда туризмді дамыту бағытындағы іс-шаралармен таныстырды.
Ю.Климке, өз кезегінде, Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі болып табылатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол ЭКСПО-2017-ге қатысу екіжақты қарым-қатынастың барлық кешенін дамытуға соны серпін беретінін айтты.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың өкілдері мен Қазақстанның жетекші туристік операторлары шараға қатысушыларды ЭКСПО-2017-нің туристік өнімдері туралы құлағдар етті. Тұсаукесер мен одан кейін болған пікір алмасулар неміс тарапының үлкен қызығушылығын туғызды.
Шара барысында Германияның ЭКСПО-2017-ге қатысатыны туралы шартқа салтанатты түрде қол қою рәсімі болды. Құжатқа Қазақстан тарапынан көрме комиссары Рәпіл Жошыбаев, ал Германия тарапынан неміс павильонының бас комиссары, ГФР Экономика және энергетика министрлігінің өкілетті өкілі Дитер Шмитц қол қойды. Аталған келісімнің маңызы мен жоғары мәнін Германияда оқитын қазақстандық студенттер флеш-моб өткізу арқылы білдірді.
Роуд-шоудың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтіп, оның барысында ЭКСПО-2017 комиссары неміс журналистерінің сұрақтарына жауап берді.
Сапар шеңберінде, сондай-ақ, Р.Жошыбаевтың Бундестаг депутаты Генрих Цертикпен, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Петер Тильспен, Германия экономикасы Шығыс комитетінің өңірлік директоры Эдуард Кинсбруннермен, Карлсруэ қаласындағы сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) сыртқы сауда комитетінің басшысы Роберт Хубермен және «Funkwerk» компаниясының басқарушы директоры Михаэл Виманмен, немістің «DENA» энергетикалық агенттігінің, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің, ГФР СӨП-інің сыртқы сауда жөніндегі комитетінің, «EREN» компаниясының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті. Кездесулер барысында тараптар аталған ұйымдар мен компаниялардың біріккен жобаларға қатысуы, неміс автоконцеріндерін ЭКСПО-2017 көрмесіне тарту мүмкіндіктері мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, 2017 жылы Франкфурттен Астанаға қатынайтын авиарейстердің жиілігін арттыру жайы сөз болды.
Сондай-ақ, Қазақстанның Германиядағы елшілігінде 30-дан астам неміс компаниялары өкілдерінің қатысуымен ЭКСПО-2017 тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара кезінде көрменің ұйымдастыру-техникалық сипаттағы мәселелері мен екіжақты ынтымақтастықтың қайталама және баламалы энергия саласындағы ынтымақтастығының перспективалары қаралды.
Сәулебек БІРЖАН