Қазіргі таңда Австрияның ішкі істер министрі Вольфганг Соботка Адольф Гитлер туған үйдің сүрілу жобасына қатысты нақтылау жұмыстарын жүргізуде.
Бұған дейін осы елдің ішкі істер министрлігі аталған үйді сату жөнінде шешім қабылдап, жарнамалағанымен, Гитлерден қалған жәдігерді сатып алатын ешкім табылмаған.
– Менің көзқарасым бойынша, ең дұрысы, бұл үйді бұзу керек, – дейді министр Соботка. Дегенмен, жергілікті билік тарихи баспананың көзін жоюға құлықсыздық танытып отыр. Олар әлі де болса, сатып алушы табылып қалар деген үмітте.
Үш ғасырдың куәсі болған үш қабатты тұрғын үй Австрияның Браунау-эм-Инн қаласында қоныс тепкен. Мұнда 1889 жылы болашақ ұлтшыл-диктатор Адольф Гитлер туған.
Айта кетейік, ішкі істер министрлігі 1972 жылдан бері бұл үйді жалға берумен айналысып келеді. Осы аралықта ғимарат қалалық кітапханаға да, мектепке де айналып, қаржы табудың бір көзі болды. Кейін жалға алушылардың бағыты өзгеріп, аталған үй аналар орталығына айналды. Ал 2011 жылдан бері бұл қонысжай қожайынсыз қалды. Министрдің айтуынша, ғимараттың 1 айдағы жалға беру құны 4 мың 800 еуроны құрайды.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»