Мектеп түлектері спорт сарайы мен стадион салып берді
Ордабасы ауданы Төрткүл ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы жалпы орта мектептің түлектері 20 жылдықтарына орай спорт зал салып беріпті.
Мыңғырған малды айдап жүрген кәсіпкер салса жарар, ал, мектеп түлектерінің жөні басқа ғой.
«Қызылжар» ауылына тартып кеттік. Ескертпей келгенбіз. Біз барғанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтіп жатыр екен.
Керіскедей кең зал. Шаршы алаңда 2005-2008 жылы және 2003-2004 жылы дүниеге келген бармақтай балалар сойқан ұрыс салып жатыр. Қазақстан әлемге бокс спортымен де аты шыққан мемлекет, дүниежүзінде үздік үштікке сан рет кірген. Соны мына бармақтай балалар ақтап жатыр. Бас-көзге төпелеп, жабайы ұрыс салып жүрген жоқ, өздеріне тән машықтары бар, соған салғысы келеді.
Жарыстың бас төрешісі осы сарайды салуға мұрындық болған азаматтардың бірі Ерхан Дәуетаймен таныстырған. Екі иығына екі кісі мінгендей денелі, мығым сөйлейтін Ерханымыздың өзі боксшы екен. 1979 жылы дүниеге келген 20 жігіт Қызылжар жалпы орта мектебін бітіргендеріне 20 жыл толу құрметіне не сый жасау керектігіне келгенде ақылдасып, спорт сарайын салып беруге уағдаласыпты.
Қызық болғанда, сырттан ешқандай жұмысшы тартпаған, іргетасты өздері құйған, қабырғаны өздері өрген, шатырды өздері жапқан. Сылақшы да, ағаш, темір шебері де өздері.
– Ішімізде артық дүниесімен ерекшеленетін ешкім жоқ, сондықтан жалдамалы құрылысшыларға ақша төлеуді жөн көрмедік, – дейді Ерхан. – Қаражат үнемдеу керек болды. Әрине, біз жұмыс бастағанда тас, құм тағы басқа керек құрылыс материалдарынан көмектескен бауырларымыз болды, оларға Алла разы болсын.
Ерханның боксшы екендігін айттық. Көршілес облыстарда жаттықтырушы болып жұмыс жасаған ол ауылына келгенде кішкентай інілерінің боксқа құмартатындығын, мүмкіндіктері жоқтығын байқайды. Содан соң бір қора баланы үйірмеге жаздырып, өзі бокс өнеріне дайындай бастаған. Шағын мектептің залы да шағын. Түрлі үйірмелерден босамайды. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін балаларды өз үйінің ауласында жаттықтырған Ерхан қабағы қату қыс келгенде амалсыз өз үйінің залына кіргізеді. Шәкірттері сенімін ақтаған. Арасында облыстық жарыста оза шауып бәйге алғаны бар.
Бірақ, жағдай келіспеген жерде түпкілікті нәтижеге жету қиын.
Жұмысы өнбегеніне наразы болған Ерхан қолын бір сілтеп, Астанаға кетеді.
Мектеп түлектерінің талантты інілерінің спорт үйірмелеріне қатыса алмай жүргендігі қабырғаларына аяздай батса керек, спорт сарайын салуға бәрі құлшынады.
Мауыздай 20 жігіт жан-жақтан кірісіп бергенде нар жолында жүк қала ма?!
Ерхан, Мақсат, Әбсейіт, Дәулет, Қуандық, Нұрбол, Мұхан, Қайрат, Ержан, Кәрім, Ерғали, Бекзат, Қанат, Біржан сияқты жігіттердің ендігі мақсаты спорт сарайын кеңейтіп, қосалқы бөлмелер салу. Күш-жігер, ұйымшылдық бар, қаржы табылады.
Ерхан Астанадан ауылға оралмақшы. Қызылжардың бокс десе ішкен асын жерге қоятын көгенкөздерін өзі баулымақ.
Жалпы, бұл ауыл жігіттерінің бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай ұйымшылдығы бізге ұнады.
Бұдан бұрын 1977 жылы дүниеге келген түлектер ауыл жастарына сый ретінде ашық стадион салып беріпті. Жан-жағына саясы мол терек егілген стадион футбол ойынына лайықталған. Жүгіру, жаттығу жасау алаңдары бар. Бергі жағындағы бос алаңқайға 1979 жылғы өрендер жүз түп алма ағашын еккен. Өздері құдық қазып, су шығарған. «Болашақта бұл жерге балалар саябағын саламыз» дейді.
Шынын айтсақ, Қызылжардан қатты қуанып қайттық. Ой, мыналар нағыз азамат қой. Қаржы тапшылығы қысып, екі қолды бір ете алмай тұрғанда ауыл түлектері стадион салған. Спорт сарайын салған.
Алма бауы бар. Енді балалар саябағын салмақ.
Екі жүздей ғана түтіні бар шағын ауыл облыс біріншілігін өткізіп жатыр. 200-дің үстінде боксшы келген. Оған бапкерлерді, төрешілерді қосыңыз. Шағын ауылда қонақүй деген атымен жоқ. Ерхан бастаған жігіттер үй-үйге бөліп алдық дейді. Намысқа тырысып күніне екі қой сойып күтіп жатыр.
Бұлар «Мемлекет маған не береді» демейді, өзінің Отанының көркеюіне осылайша үлес қосып жатыр.
Азаматтар-ай. Қазақтың мықтылығы бірлігінде ғой.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Ордабасы ауданы