• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2016

Міндет және парыз

449 рет
көрсетілді

Құқық қорғау органдары ішінде ішкі істер органдарының алар орны бөлек. Бұл олардың жұмысын қалай атқаратындығына сәйкес емес, атқаратын міндеттерінің жауапкершілігі зор екендігінде байланысты. Өйткені, жұрт олардың осы атқаратын қызметінің маңызы мен мәніне қарап емес, өздерінің құқы қалай қорғалатынына сай полиция қызметіне баға береді. Міне, олардың қызметі маңызының мәні осында. Ал көпшілік полиция қызметіне риза болмаса, онда бәрі бекер. Өйткені, негізгі міндет – қудалау ісі басым бағытта жүргізіле отырып, оған қоса адам құқының ойдағыдай қорғалуы қатар жүзеге асады деп ешкім толық кепілдік бере алмайды. Сонда да болса төл міндеттерінің арасынан оның бірін талапқа сай атқара білген полиция қызметкері халықтың шын алғысына ие болатындығы анық. Ал ондай жандар бүгін­де полицияда жоқ емес. Мәсе­лен, елордамыздағы ішкі істер департаменті тергеу басқарма­сының тергеушісі аға лейтенант Жанат Набиуллин тергеуші болса да полицияның абыройы­н арттыру үшін қысылтаяң кезде тартынып қалмады. Бір кісі­дей қайрат көрсетті. Иә, ол дәл сол кезде анау айтқандай өз­гелерге өлім шашқан қарулы қыл­мыскерді ауыздықтаған жоқ, бірақ кез келген ер-азаматтың қайталайтын ерге тән ісін көрсетіп берді. Мәселе, аға лейтенант оқи­ғаның мәнісіне бойлағанда еш кідірмей бірден әрекет етті. Ол ағымдағы жылдың 25 сәуір күні Күмісбеков көшесімен келе жатып, шоғырланған адамдарды көреді. Ал адамдардың көшеде топтасып, қара көрсетуі қашанда қудалау органының өкіліне күдік­тен бұрын бір оқиғаның орын алғандығын білдіретіндігі анық. Ондай қарасы көбейген топты атшаптырым жерден айналып өтетіндердің де болатыны рас. Аға лейтенант олай етпеді. Бір жерге үймелеген топ ортасына жетіп барды. Сөйтсе, әлгі адамдардың бәрі аяқ астарына үңіліп қапты. Тіпті солардың бірі Жанатты көріп: «Тез көмек­тесіңізші!» деп айқайлап та жібер­ді. Сонда төтенше оқиғаның орын алғанына оның көзі анық жетті. Топырлаған жас-кәрінің аяқ астыларындағы ашық кәріз құдығының үңірейген ауызы шөп арасынан әрең көрінеді екен. «Анда бір кішкентай бала және үлкен кісі жатыр, түсіп кеткен» деді бұған тағы бір адам. Мына сөз енді аға лейтенантқа кідіруге мұрша бермеді. «Қалайда шұғыл әрекет ету керек!» деген ой санасын шырмап алды. Сол ойдың жетегімен сырт киімін сыпырып тастай берді де, кәріз құдығының ішіне қойып кетті. Тереңдігі үш-төрт метрдей болады екен. Түбінде үлкен адамның белінен келетін су да бар. Сәуір айының іші ғой, күн әлі жылына қоймаған кез, соған сай құдық ішіндегі су да тастай суық. Бірақ су тастай екен, іші қараңғы екен, терең екен деп қарап тұратын Жанаттың уақыты жоқ еді. Оған жоғарыдағы жиылғандар айтқан екі адамды тез құтқаруы қажет. Ал құдық түбінде жетпісті алқымдап қалған қария кішкентай 4 жасар баланы кеудесіне көтеріп алыпты. Суықтан қалш-қалш етеді. Қарияның алғашқы сөзі «Немеремді шығарыңызшы!» болды. Баланы қолына алған Жанат іргедегі қалқан темірді пайдаланып, аяғын соған арта көтеріліп, жоғарыдағы, яғни осы кезде келіп жеткен өзінің әріп­тестеріне баланы аман-есен табыс етті. Қайта түсіп, қарияның беліне арқан байлап, оның тысқа көтерілуіне демеу берді. Сосын барып құдықтан өзі де шықты. Полицейлер баланы жылы киімге орап, жақын маңайдағы полиция бөлімшесіне алып барды. Ол жерде 4 жасар бала мен қарияға ыстық шай беріліп, алғашқы көмек көрсетілді. Бұл кезде жедел жәрдем де жетті. Дәл сол күні 67 жеті жастағы қария 4 жасар немересін ертіп, есік алдына тыныстауға шығады. Алда не күтіп тұрғанын қарт адам қайдан білсін, немересінің өз-өзімен ойнап мәз болғанына қарап, тозығы жеткен ұзынша орындыққа тізе бүгеді. Асфальт үстінде жүрген бала бір кезде шөп-шалам басқан алаңқайға бет алады. Күн көзіне маужырап бір көзін ашып, бір көзін сығырайта қарап қария отырған. Немересіне айналадан келер еш қауіп жоқ, үйдің алды, жабайы аң-құстың да қарасы көрінбейді. Демек, немересінің әрлі-берлі қозғалғанына қарап, алаңсыз отыра беруге болады деп ойлады. Сол жайбарақат қалпымен отырып, кенет бір көзін барынша ашыңқыраса да көлбеңдеген немересі көзіне түспеді. Сосын селк етіп артына жалт қарады, сол мезет немересінің сұлбасы жерге кіріп бара жатқандай көрініс пайда болды. Қария түкке түсінбей қалды. Шынында немересі қас-қағымда қара жерге кіріп кеткендей зым-зия жоғала қалды. Әлгі үрейлі елестен демде тұла бойын қорқыныш билеген ол асыл немересінің соңғы бейнесі найзағайдай жалт етіп жоқ болған тұсқа жанталаса жүгірді. Жүрегі алқымына тығылып, сүріне-қа­бына жетсе қалың шөп арасынан қара құрдымға ұқсас кәріз құдығының ауызы үңірейе көрінді. Арғы жағы шалға айтпаса да түсінікті еді. Немересі ойнап жүріп аузы ашық қалған кәріз құдығына құлап кеткен. Немересінің жер астынан жеткен жалынышты әлсіз үні қарттың кеудесін қақыратып, жүрегін езіп жібергендей әсер етті. Жанынан тәтті асыл жанының жан алғыштың уысына түсіп, мерт болу қауіпіне ұшырағанын білгенде сәбидің соңынан іле құдық түбіне қалай секіріп түскенін өзі де байқамай қалды. Бір қараса белуардан келетін су ішінен немересін суырып алып, кеудесіне қыса ұстап тұр екен. Періштелері қаққан пәк баласын бұ дүние мен о дүниенің есігіне жеткізбей алып қалды. Былайғы кезде аяғын әрең басып жүрген бұған дер кезінде бойына қуат бергеніне Аллаға алғысын жаудырды. Өйткені, ақ немересін мұздай суда тұншығып қалу қаупінен сақтап үлгерді ғой. Не болып, не қойғанына түсінбей, тек қорқыныштан солқ-солқ еткен кішкентай адамды құшақтаған күйі дөңгеленген кәріз құдығының түбінен жарық сәуле төгілген көк аспанға көз тігіп, Жаратқанға жалбарынып та үлгерді. Алайда, ақсақал осы жамандықтың бәрі тиісті адамдардың салғырттығынан, бұған жауапты шенеуніктердің немқұ­райдылығынан келіп жатқан кесапат екендігін және бұдан үлкен де, кіші де зиян шегу түгілі ажал құшып жатса да оған ешкім де жауап бермейтіндігін ойға да алғысы келмеді. Сондықтан Алладан ғана рақым тіледі. Артынша ажалдай аузын ашқан кәріз құдығының айналасына көшедегі қарапайым жанашыр адамдар да жиналып қалды. Сөйткенше болған жоқ, біздің жоғарыда айтқан кейіпкеріміз – полиция аға лейтенанты Жанат Набиуллин де келген еді. Әрине, олардың дер кезінде келіп, көмек қолын созғаны дұрыс дейміз. Бірақ қоғамымызда өзгелердің қиналғанда тағдырына араша түсетін ақ ниетті адамдар да бар­шылық екенін айтқымыз ке­леді. Біреулер мұны өз міндетім деп қараса, біреулер өзгені қиын­дықтан, қауіптен құтқаруды, аман алып қалуды адамдық пары­зымыз деп есептейді. Мәселен солардың қатарына Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауда­ны, Алтынтөбе ауылының 2005 жылғы тумасы Құрақ Мұха­медәліні айтуға болады. Өзі бала болса да үлкендерге бергісіз ерлік жасағанын қазір дүйім ел біледі. Міне, осындай жандарды үлкен жүректі адамдар деп айтуға да, мақтауға әбден болады. Дәл сол күні, яғни ағымдағы жылдың 30 наурыз күні Мұха­медәлі Қаржан өзенінің жағасында қой бағып жүрді. Бұл тұсқа Қосағаш ауылы да тиіп тұр. Ауыл­дың біріндегі үйдің ауласында жүр­ген 3 жасар Ақбілек атты сәби ойын қызығымен бірте-бірте әлгі Қаржан өзенінің жағасына келіп қалады. Алдында ғана бұл аймақта қалың нөсер өткен болатын. Сондықтан өзеннің жағалауы да көлкіген су еді. Сол суға аяғы тайып кетіп құлаған Ақбілекті ағыс ала жөнелді. Абырой болғанда мұны Мұхамедәлі байқап қалды. Бірақ бұл кезде бір-екі секунд кешігудің өзі үш жасар қыздың өліміне соқтыруы әбден мүмкін. Өзі де бала болса да, яғни 4-сыныптың оқушысы Мұхамедәлі Құрақ мұны айқын түсіне білгендіктен аттай ұшып, үстіндегі қалың киімін жүгіре сыпырып тастап, еш кідірместен тастай суға қойып кетті. Иә ажал деген қас пен көздің арасы дейді ғой. Мұхамедәлі қанша асықса да суға бір батып, бір шыққан кішкентай қыз оған жансыз қалғандай көрінді. Сөйтсе қайран сәби суға әбден шашалып қалған екен. Қалың ағысқа қарамай жүзіп барып, көтеріп алды. Мұхамедәлі жастайынан шынығып өсіп келе жатқан, суда жүзуді еркін меңгерген, мектепте жақсы оқитын ауылдың алғыр баласы ғой, қара судан да, қалыптасқан жағдайдан да еш қорықпады. Соның арқасында сабырлы әрекет етіп, тұншыға бастаған Ақбілекті жағаға алып шықты. Сөйтті де мектепте үйренгендей, алғашқы ме­ди­циналық жәрдем көрсетті. Біраздан кейін жұтқан суын құсып-құсып жіберген Ақбілек ес жиды. Сөйтіп 4-сыныптың оқушысы Мұхамедәлі 3 жасар Ақбілекті ажал аузынан аман алып қалды. Оның бұл ерлігі ескерусіз қалмады. ОҚО ТЖД басшылығы мектептің салтанатты жиналысында Мұхамедәліге Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлық табыс етті. Міне, ерлік қашанда ескерусіз қалмайды деген осы. Бейбіт күнде де кез келген адамға ерлікке орын бар. Бірақ оны міндет қылмай міндетті адамдардың тартынып қалмай талапқа сай атқара алуы барша халқымыздың ақ тілегі болып табылады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар