• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2016

Шарайна

264 рет
көрсетілді

Орландодағы ойран салдары ауыр АҚШ-тың Флорида штатындағы Орландо қаласында орналасқан түнгі клубқа шабуыл жасалды. Қарулы лаңкестің шабуылы салдарынан 50 адам қаза тапса, 50-і жараланып, ауруханаға жеткізілген. Бұл АҚШ-тың жаңа тарихындағы адамдар жаппай атып өлтірілген ең сорақы оқиға болып табылады. АҚШ президенті Барак Обама орын алған оқиғаны теракт деп атады. Ал құқық қорғау органдары болған жайттың егжей-тегжейін тексеріп жатыр. Лаңкестікке жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) өзінің мойнына алып үлгерді. Бұл туралы экстремистердің ақпараттық ресурстарына сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады. БҰҰ-ны әйел басқара ала ма? Бұл сұраққа «иә» деп жауап беруге әбден болады. Мәселен, Мәскеу әлемдегі Бас ұйымды әйел басқаратын болса, бұл әділетті шешім болар еді деп санайды. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Генадий Гатилов мәлімдеп отыр. «Соңғы жылдары бірқатар мемлекеттер тарапынан Бас хатшы орынтағына әйел отырса орынды болар еді деген сөздер жиі естіле бас­тады. Біз мұны өте әділетті шешім деп есептейміз, – дейді дипломат. – Әрине, Бас хатшыны сайлауда бірінші орынға болашақ үміткердің кәсіби шеберлігі шығуы тиіс». Ал қазіргі БҰҰ Бас хатшысы оңтүстіккореялық дипломат Пан Ги Мунның өкілеттілік мерзімі үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Швеция ұшқыштарының ереуілі Скандинавияның SAS әуе компаниясының швециялық ұшқыштары өткен жұма күні кешке басталған ереуілдерін әрі қарай жалғастырды. Ереуілге кәсіподақтардың еңбек жағдайына көңілдері толмайтындығы себеп болған еді. Сөйтіп, кеше 230 рейс кейінге шегерілді. Осылайша 27 мың жолаушы зардап шекті. Бұл арада әңгіме тек аталған әуе компаниясында жұмыс істейтін швециялық ұшқыштар туралы ғана болып отыр. Ұшқыштардың швециялық кәсіподағының деректеріне сүйенсек, ереуілге 400 адам қатысып жатыр екен. Олардың талаптарының қатарында еңбекақыларын 3,5 пайызға көтеру де бар. Қысқа қайырғанда: Үндістанда осы ел әскери-әуе күштерінің МиГ-27 ұшағы апатқа ұшырады. Оқиға Үндістанның солтүстік-батысында орын алған. Ұшқыштар секіру аппаратын қосып, аман қалған. Апатқа ұшақ қозғалтқышының жұмыс істемей қалуы себеп болыпты. Қазіргі кезде Үндістан қарулы күштерінде осындай үлгідегі 120 ұшақ бар екен. Мексикада үш ер адам рейстік автобустағы жолаушыларды тонамақ болады. Бірақ бұл әрекеттері жүзеге аспай қалған. Жолаушылар олардың екеуін текпінің астына алып өлтірсе, тағы біреуі аман көрінеді. Қарулы қарақшылар көлікті тоқтатып, оның жолаушыларынан ақшалары мен бағалы заттарын беруді талап етсе керек. Ұлттық хоккей лигасында (ҰХЛ) өнер көрсететін «Питтсбург Пингвинс» финалда «Сан-хосе Шаркс» командасын жеңіп, Стэнли кубогын кезекті мәрте жеңіп алды. Осылайша «Питтсбург» ҰХЛ-дың басты жүлдесіне өзінің тарихында төртінші рет қол жеткізді (1991, 1992, 2009 және 2016 жылдар). Украинаның донецкілік «Шахтер» клубының капитаны және футболдан Хорватия құрамасының ойыншысы Дарио Срнаның әкесі бүгінде Франция қалаларында өтіп жатқан Еуропа чемпионатының кезекті турында Хорватия құрамасы Түркия құрамасымен ойнап жатқан кезде қайтыс болған. Футболшы әкесінің көз жұмғанын ойын аяқталған соң ғана естіпті. Меркель қысымға шыдас бермейтіндей ГФР канцлері Ангела Меркель Түркия тарапының осы ел тұрғындары үшін Шенген визасын алып тастауға ықпал ету туралы қысымына мойынсұнуға дайын секілді. Соңғы апталарда Түркия мен Еуроодақ арасында осы мәселеге қатысты талас қызып тұр. Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған терроризммен күрес туралы заң қатал деген ескертулерге қарамастан, оны қайта қарастырудан бас тартып отыр. Ал Еуроодақтың Анкараға ЕО-ға мүшелікке өтуге қатысты қойып отырған басты талабының бірі осы заң, яғни оны жұмсарту болып табылады. Бұл жерде Түркия тарапының талабы да орынды секілді. Егер Шенген визасы алынбаса, онда Түркия арқылы Еуропаға ағылған босқындар ағыны артпаса, толастамайтыны анық. Сенатордың орынды талабы Америкалық сенатор-демократ Дик Дурбин Конгресті қаруға бақылауды қатайту туралы заңды қайта қарауға шақырды. «Біздің қарекет жасауға күшіміз жетеді. Біз Америкада бұзық ойлы адамдардың қару сатып алуына жағдай жасап, мәселенің шарықтау шегіне жетіп отырмыз», дейді сенатор. Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю М.Куомо да жаңа заң жобасын жасау керек деген ұсынысты қолдайтынын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Конгреске қару-жарақтың қауіпсіз айналымын қамтамасыз ететін парасатты заң жобасын қабылдау керек. Вашингтонға нақты іс-қимыл танытатын уақыт жетті. Губернатордың өкімімен Флорида тұрғындарын қолдау ретінде Нью-Йорк штатында да барлық мекемелерде ту төмен түсірілді. Екі ел фанаттарына ескерту жасалды Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) егер жанкүйерлері тарапынан зорлық әрекеттер қайталанатын болса, онда Ресей және Англия құрамалары Еуропа чемпионатына қатысушылар санатынан шығарылып тастауы ықтимал екенін ескертті. Өткен сенбі күні Англия және Ресей құрамалары 1:1 есебімен тең ойнаған еді. Ойын төңірегіндегі жағдай өте күрделі болатын. Өйткені, екі жақтың жанкүйерлері Марсель қаласында ойыннан көп бұрын, яғни бейсенбі күні-ақ қатты шекісіп қалған еді. Осы ахуал ойын қарсаңында шарықтау шегіне жеткен-тін. Төрешінің ойын аяқталғаны туралы ысқырығы естілісімен, ресейлік фанаттар ағылшын жанкүйерлері отырған секторда тәртіпсіз әрекеттерін бастап кеткен еді. Интернет материалдары негізінде әзірленді