ЮНЕСКО 2016 жылды Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жариялағаны белгілі. Бүкіл әлем халқы осылайша құрметтеп жатқан кезде қазақтың дәстүрлі мұсылман дінінің негізін қалаған ұлы бабамыздың басына барып, мұндағы жағдаймен танысу мақсатында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан жеріне арнайы сапарлап қайттық.
Түркістан ХІV-ХVІІІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тым тереңге кеткен әйгілі қала. Оның үстіне мұнда Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр секілді атақты бабаларымыздың сүйегі жатыр. Пойыздан түсіп, қонақүйді бетке алып келе жатқанымызда машина рөлінде отырған жүргізуші жігіт еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан бері қаланың қарқынды түрде дамып келе жатқандығын айтып өтті. Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын бұл қалада 80 мыңнан астам адам өмір сүрсе, қазір олардың саны 250 мыңнан асып жығылған екен. Қаланың дамуына 1991 жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының ашылуы, мұнан кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университеттің бой көтеруі жағымды ықпал еткен секілді. Өйткені, сол кездерден бастап қалаға туристер ерекше ағылып келе бастаған. Түркістан туристер мен студенттер қаласына айналған. Сонда ойлап қарасаңыз, осыдан мың жылдай уақыт бұрын өмір сүрген бабамыздың қасиетті есімі мен оның басына тұрғызылған тарихи ескерткіштердің өзі бүгінгі ұрпақтарының тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер етіп отырғандығын байқауға болады.
Түркістан қаласына келген адам Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бармас бұрын бірінші кезекте оның ұстазы Арыстан баб басына барып тәу етуі қажет екен. Мұны Қожа Ахметтің өзі ұрпақтарына өсиеттеп айтып кетіпті. Сондықтан қонақүйге келіп орналасқаннан кейін ертеңінде таң атысымен қаладан 60-70 шақырым жерде орналасқан Арыстан баб кесенесіне қарай аттанып кеттік.
Тарихи деректерге қарағанда, Арыстан баб ХІІ ғасырда өмір сүрген көрінеді. Аңыз бойынша, Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың елшісі болған десе-ді. Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған кезде бір құрма ыдыстан қайта-қайта құлай береді. Сол кезде пайғамбар «Бұл құрма Сізден 400 жыл кейін туылатын мұсылман бала Ахметке тиесілі», деген ішкі дауысты естиді. Пайғамбар шәкірттерінен құрманы иесіне кім жеткізе алатындығын сұрайды. Ешкім жауап бермейді. Пайғамбар сұрағын екінші рет қойғанда, Арыстан баб «Егер Сіз Алла тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз, мен бұл құрманы иесіне жеткізер едім», дейді. Халық аңыздарына және жазба деректерге қарағанда, Арыстан баб Ахмет Ясауиге құрманы жеткізеді және оның ұстазы болады. Қожа Ахмет Ясауидің Арыстан бабты ерекше құрмет тұтуының бір сыры осында жатса керек.
Арыстан баб кесенесінде болғанымызда, мұнда келушілер қарасының мол екендігін байқадық. Бұл кесене Арыстан баб қабірінің басына салынған. Ол дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Деректерге қарағанда, қабір басындағы алғашқы белгілер ХІІ ғасырларда салынса, ХІV ғасырда қайта жөндеуден өткізіліп кеңейтіледі. Дәліз қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, оның бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілуі осы тарихи деректі білдірсе керек. Дегенмен, ХХ ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпішті пайдалана отырып, кесене қайтадан көтеріледі.
Жалпы, деректерге қарағанда, кесене әр ғасырларда жөндеуден өткізіліп отырған секілді. Ел тәуелсіздігі жылдарында Арыстан бабтың басына тәу етіп келушілердің көбеюіне байланысты оның айналасы гүлдене түскен. Маңайынан көптеген шағын қонақүйлер, дәмханалар мен дүкендер ашылыпты. Кесененің басы да ретке келтірілген.
Сондай-ақ, кесенеден әудем жерден Асқар Құлыбаевтың демеушілігімен үлкен жаңа мешіт бой көтеріпті. Мешіттің айналасы толған жаңа қонақүйлер. Олардың барлығы бұл маңайға ерекше көрік беріп тұр. Қонақүйлер қарасының көптігіне қарап, мұнда күн сайын еліміздің әр түкпірінен, шетелдерден туристердің ағылып келетінін байқауға болады. Баба басына барып Құран оқытып, садақамызды бергеннен кейін жаңа мешітке де кіріп шықтық. Мешіттің бас имамы Ергөбей Мақсат қажы бұл Құдайға құлшылық ету орнының үш жыл салынып, 2011 жылы 20 мамырда ашылғандығын, қасынан шәкірттер оқытатын медресенің, қонақүйдің қоса салынғандығын айтып берді. Мешіт күмбезінің биіктігі – 24 метр, мұнарасының биіктігі – 33 метр. Көлемі едәуір жерді алып жатыр. Медреседе бұл күндері 16 шәкірт білім алуда екен.
Арыстан баб кесенесінен қалаға қайта оралып кіре бергенімізде, тағы да халық көп шоғырланған қасиетті мекенге тап болдық. Бұл жерде де бірнеше автобустармен келген туристерді көрдік. Аңызда Қожа Ахмет Ясауидің қызы деп айтылатын Гауһар ана зираты осы екен. Басына жақсы мазар тұрғызылыпты. Мазарға кіргенімізде ақсақал адам амандасып, келген себебімізді білген соң, Гауһар ана рухына бағыштап Құран оқып берді. Ақсақалдың бізге айтқан әңгімесі қызық. Ертеректе еңбекпен түзету колониясындағы мектепте директор болып жұмыс істеген. Мұнан кейін қатты ауруға шалдыққан. Бауыр ісігі. Бұл аурудан жазылып кету көп пенденің пешенесіне жазылмаған. Ақсақал осы аурудан жазылыпты. Өйткені, түнде ұйықтап жатқанда түсінде аян беріледі. Оянғаннан кейін есінен бір сөз шықпай қояды. «Салу керек» деген сөз. Нені салу керек? Өзі де білмейді. Сөйтіп жүргенде Гауһар ана зиратының басын мал таптап жатқандығын көреді. Маған берілген аян осы шығар деп баласының үйін сатып, осы қаржымен зираттың айналасын қоршап, басына шағын мазар тұрғызады. Бұл әрекетін Алла қабыл қылса керек, ауруынан құлан-таза айығып кетеді. Содан бастап Нұрғали Алдабергенұлы ақсақал осы кесене басында келушілерді қабылдап, шама-шарқынша келушілерге қолғабысын тигізеді, қарауылдық қызмет жасайды. Қазір жасы 80-ге таяса да тың екен. Ол кісі бізге тәуелсіздік жылдары бұл мазардың Мәдениет министрлігінің қаржысымен қайта тұрғызылғандығын айтып берді.
Ертеңінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бардық. Ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасының тізіміне енгізілген екен.
ХІІ ғасырда өмір сүрген, бүкіл Шығыс халықтарына аты әйгілі көне түркі ақыны, дәстүрлі дініміздің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің басындағы бұл кесене атақты қолбасшы Әмір Темірдің жарлығымен тұрғызылған. Ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынандай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен Алла тағаланың рақымы жауған падиша Әмір Темір көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды... Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!». Осы жазуларды оқығанда падишаның әмірі емес, артында қалдырған осындай игілікті мұрасының ғасырлар бойы жасап келе жатқандығына тәнті болады екенсің.
Мұнда қорық-мұражайдың алып жатқан жер көлемі 90 гектар мөлшерінде. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жерасты мешіті, ХІІ ғ.), сегіз қырлы кесене (ХІV-ХVІ ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғ.), Шығыс моншасы (ХVІ-ХVІІ ғ.ғ.), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті, тағы басқа да археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Осының ішінде Ахмет Ясауи ескерткіші – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің заманымызға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат болып табылады. Оның көлденеңі – 46,5 метр, ұзындығы – 62,5 метр, кесене ішінде үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлме бар. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әртүрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатыр. Солардың үлкендері Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт деп аталады. Кезінде атауларына сай келушілерге түрлі қызметтер көрсеткендігі байқалып тұр.
Мұражай кешенін асықпай бір күн араладық. Кесененің ішінде жоғарыда айтып кеткен қазақтың атақты хандары мен батырлары, билерінің басында болып тәу еттік. Келуші халықтың барлығы Қожа Ахмет Ясауи бабамызға, басқа да осында жерленген аруақты ерлерімізге арнап Құран оқытып жатты. Солардың сапына қосылдық. Орталық Қазандық залында орналасқан Тайқазанды көрдік. Пайғамбар жасына келгеннен кейін Қожа Ахметтің жер астына түсіп өмір сүрген, еңбектерін жазған орынды тамашаладық. Мұражай қараушысы Ардақ Бейсенова қарындасымыз біздің арнайы келген журналист екенімізді білген соң ықылас танытып, кезінде, яғни осыдан қаншама ғасырлар бұрын бабамыздың өзі су ішкен құдықтан су әперді. Су сондай таза әрі дәмді екен. Оны рахаттанып тұрып іштік. Қарындасымызға рахметімізді жаудырдық.
Келесі күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық университетте болдық.
Елбасы шешімімен қазақ пен түрік халықтарының бауырластық ынтымағының нәтижесінде ашылған университет 300 гектар аумаққа орналасқан екен. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 80 гектар аумаққа орналасқан. Сонда халықаралық университеттің қаншама жерді алып жатқандығын өзіңіз шамалай беріңіз. Мұның 100 гектарына ботаникалық бақ өсіріліпті. Мұндай бақ әзірге Астанадағы Назарбаев Университетте ғана бар. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің ұйымдастыру және әлеуметтік-мәдени істер жөніндегі вице-президенті Бақытжан Мұхамеджанов бізге бұл халықаралық орынның жедел салынуына екі ел ынтымақтастығының жағымды әсер етіп отырғандығын айтып берді. Түрік ағайындардың құрылыс саласын жақсы меңгергендігі белгілі. Университеттің әсем болып салынуына осы жағдайдың пайдасы көп тиген секілді. Түрік жағы бастапқы кезде университет құрылысына 200 миллион доллар қайтарымсыз инвестиция салыпты.
Бүгінгі күні бұл университетте 5 мыңдай студент квота бойынша оқытылады екен. Жалпы, университеттегі студенттердің саны 25 мыңға жуықтаған. Соның 8 мыңы осы Түркістан қаласында оқытылады екен.
Университет бүгінгі күндері түркітілдес халықтардың бауырластығы негізінде дамып келеді. Мұнда Қазақстан мен Түркияның ғана емес, сонымен қатар, Ресейдегі түркітілдес халықтардың жастары да оқытылуда. Қазақстан тарабы жылына 200 орынға квота беріп отырады.
Университетте болып, оның оқу корпустарын, медициналық факультеті мен жеке емханасын, мәдениет сарайын аралап, осында өтіп жатқан түрлі жиындарға қатысқанымызда студенттердің белсенділігін байқап, жағымды әсер алдық. Зікірия Жандарбек, Сапарбек Ергөбеков, Мырзахмет Балаубеков секілді оқытушы ғалымдармен кездесіп, ел мен жер тарихы туралы әңгіме-дүкен құрдық. Осындай әңгімелесу нәтижесінде ясауитанушы ғалым Зікірия Жандарбекпен жасаған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және оның тарихи мұралары туралы «Түркі руханиятының темірқазығы» деген сұхбатымыз осыдан біраз бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, оқырмандардың лайықты бағасына ие болды. Ол сұхбатты бірқатар облыстық газеттердің орыс тіліне аударып, жариялап жатқандығын естіп жатырмыз.
Сонымен, қасиетті Түркістан жерінде өткен үш-төрт күндік сапарымыз мәнділігімен есте қалды. Имандылыққа бет бұрған, базарларында темекі тартылмайтын, арақ-шараптан арылу үстіндегі түркістандықтар бойынан ізеттілікті, сыпайылық пен қонақжайлықты аңғарып, риза болып қайттық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА – ТҮРКІСТАН – АСТАНА