ОҚЫРМАН
...жаңалығын жеткізеді
Жаңа зауыт ашылды
Сарыағаш ауданында айына 50 мың дана бөлке мен батон нандарын шығаратын жаңа зауыт ашылды. Мұнда сапалы әрі таңдаулы нан өнімдерінің 30 түрі пісіріледі. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы халықты жоғары сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп отырған нан зауытының жұмысына сәттілік тіледі.
Ауданның орталығында орналасқан «Яссы-нан» ЖШС жобасының жалпы құны 300 млн. теңге. Серіктестік директоры Насиба Атаеваның айтуынша, аудандағы азық-түлік дүкендерінде аталған нан зауытының өнімдері сатылуда. Зауыттағы «ВОСХОД» нан пісіретін пеш құрылғысы көрші Ресейден алынған. Бүгінде онда 30 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпкер кондитер өнімдерін шығаратын цех ашуды көздеп отыр.
Кенже ЕРКІН
Оңтүстік Қазақстан
облысы,
Сарыағаш ауданы
...ризашылық білдіреді
Қолдау көрді
Аққұл Өзбековтің шын тегі – Молдамұхамедов. Ол ежелден құран ұстап, бала оқытқан діндарлар әулетінің ұрпағы. Кеңес өкіметі солақай саясатының салдарынан аталары қуған-сүргінге ұшырап, ел аумағынан кеткен. Арып-ашып жүріп, Өзбекстанға қоныстанған. Тіпті, ататегін ауыстыруға да мәжбүр болған. Алланың ақ жолын ұстанған атасы мен әкесі ұрпағының туған топыраққа оралуын өсиеттеген. Сол себептен, Аққұл Сабырбекұлы тәуелсіздіктен кейін ата, әке аманатын орындау үшін елге оралыпты.
Әзірге Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алып, еңбек етіп жүрген азамат мектеп жасындағы балаларына құжат рәсімдеу барысында көптеген қиындықтарға тап болған. Балаларын оқудан қалдырмауға тырысқан әке амалы таусылып, «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалынан көмек сұрауға мәжбүр болды. «Үмітім алдамады. Партияның араласуымен балаларымның құжаттарын реттедім. Қазір екеуі де орта мектепте оқып жүр. Елдің бас партиясына алғысым шексіз. Балаларымның қазақ тілінен үздік танылуы аналарының арқасы. Ұлты өзбек болғанмен қазақтың салт-дәстүрін қатаң ұстанып, 30 жыл қазақ тілінен дәріс берген ұлағатты ұстаз» – дейді Аққұл Сабырбекұлы.
Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА,
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық
филиалының баспасөз
хатшысы
Атырау
...қауіп етеді
Түсініксіз жарнамадан түңілдік
Белгілі жазушы-журналист ағамыздың: «Алматыда жүрсем де шетелде жүрген сияқтымын. Қала толы жарнама. Бұрын орысшасы көп жазылғанда ептеп түсінуші едім, енді не жазу екенін мүлде түсінбеймін», – деп әлеуметтік желіде кейіс білдіргеніндей, қаламыздағы ғимарат атаулының маңдайшасындағы шетел тіліндегі иқы-жиқы құлақтандырулардан көз сүрінеді. Сонда дейміз-ау, бұнымыз жарнама жөніндегі қабылданған заңды белден басқанымыз ба?! Біз білетін кез келген жарнама мемлекеттік тілде беріліп барып, содан соң өзге тіл қосарланатыны ұмыт қалып отыр. Осыны қадағалайтын құзырлы орындар не дейді?
Ерсұлтан МАҒЖАН
АЛМАТЫ
...тілегін айтады
Ел ықыласына бөленген жандар
Мен біраз бұрын науқастанып «Облыстық туберкулезге қарсы диспансерлік аурухана» мемлекеттік мекемесінде төрт ай емделдім. Осы мерзімде аурухана дәрігерлері мен медбикелері ем-домын уақтылы жасап, тікесінен тік тұрып қызмет етті. Бөлім меңгерушісі Ерлан Илиясов пен аға медбике Жеңіскүл Сатыбалдиева сияқты ақ халатты абзал жандардың өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, науқастың көңілінен шығуға барлық күш-жігерін салатыны көрініп-ақ тұрды. Тек жалғыз менің ғана емес, барлық науқастың бабын тауып, емін беруге, денсаулығын сауықтыруға кіршіксіз қызмет көрсетуі ұнады. Ауруханадан шыққаннан кейін үстіміздегі жылдың наурыз айына дейін есепте тұрып, амбулаториялық ем қабылдадым. Осы кезде де үнемі байланыс жасап, емнің дұрыс жасалуын қадағалап отырды. Науқастарға туысындай қарап, әр науқастың көңілін аулап жүрген осы ұжым дәрігерлері мен медбикелерінің еңбектері жемісті болуына аналық тілектестігімді білдіремін.
Ақпатыш ҚАЛМЕН,
ардақты ана
Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы,
Қаратоғай ауылы
...ой бөліседі
Тыйым салғаны дұрыс
Мектеп оқушылары үшін хиджаб пен қысқа балақты шалбарға тыйым салынуы дұрыс деп ойлаймын. Әлеуметтік желідегі бір оқырман мектепке орамал тағып бару керек, ол Алланың бұйрығы депті. Алланың хақ дініне ешкім де шүбә келтірмейді, бірақ, мектеп оранып, хиджаб тағып баратын орын емес! Әркім өз діни сенімдеріне сай киініп барып, біреу қызыл орамал, біреу сары хиджаб тағып барса нағыз ала-құлаға айналмай ма? Мектептің салиқалы оқу ордасы екенін естен шығарып алмау керек. Үкімет шотландиялық белдемше (килт) кигізіп қоймайтыны анық қой, демек біркелкі формаға, салынған тыйымға түсіністікпен қарау керек. Кейбір еліміздегі діни түсініктермен баланың миын қазбаламаған жөн.
Абай АЙМАҒАМБЕТОВ
Алматы облысы