Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) басшысы Жак Рогге ресми сапармен Алматыға келді.
Оның Қазақстанға келуі Қысқы Азия ойындарының басталуына қатысты болатын. Бұл өз кезегінде аса беделді әлемдік спорт ұйымы басшысының біздің ел тарихында алғашқы ресми келуі болып есептеледі.
Жак Рогге Алматыға келген күні шаңғы-биатлон кешенінде болды. Ол қыздардың биатлон және жақын қашықтыққа жүгіру жарысында жеңіп шыққандарды марапаттау салтанатына қатысты. Сондай-ақ, Шымбұлақ базасын тамашалады. Мұнда ол кезде тау шаңғысынан жарыс өтіп жатқан-ды. Сонымен қатар Балуан Шолақ атындағы Спорт Сарайында болып, қыздардың шайбалы хоккейден өткізіп жатқан жарысына назар аударды.
ХОК басшысы құттықтау сөзінде былай деді: « Өткен жылдың қараша айында Гуанчжоу қаласында болған Жазғы Азия ойындарының табысты өткенінен кейін дүбірлі жарыстың Қазақстанда да жоғары кәсіби деңгейде өтетіндігіне сенемін.
Азиада ойындарының салтанатты ашылуы табысты өтті. Қазақстан Ойынға соншалықты мықты дайындалғанын паш етті. Мен қазақстандықтардың Азия ойындарында көтеріңкі көңіл-күй танытатындығына сенемін. Ал мұның өзі спортшылардың, көрермендердің және барлық қатысушылардың есінде мәңгі қалады.
Ойынға дайындық барысында жасалған шаралардың бәрі Қазақстан спортшыларының алдағы жарысқа дайындығы үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігіне де пайдаланылады».