«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 95 тыңдаушысы мемлекеттік тілді үйренудің 2015-2016 жылдарғы оқу бағдарламасы аясында қарапайым және базалық деңгей бойынша емтихан тапсырды. Оның 30-ы өте жақсы, 40 тыңдаушы жақсы, 25-і қанағаттанарлық деген бағаға ие болды.
Мемлекеттік тілді қызметкерлерге, жеке тұлғаларға деңгейлеп оқыту бағдарламасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының енгізген мемлекеттік стандартын басшылыққа ала отырып, жыл сайын зауытта жұмыс істей жүріп, тіл үйрену курстарынан білім алып жүрген өзге ұлт өкілдері оқу жылының соңында тілді қаншалықты меңгергенін сараптайтын емтихан тапсырады. Биыл да 2015-2016 жылдарғы оқу бағдарламасы аясында дәріс алған 95 жұмыскер екі күн аралығында сынақ тапсырды.
– Тыңдаушыларға оқу бағдарламасы негізінде қарапайым – 100, базалық – 110, орта – 110, ортадан жоғары – 100, жоғары деңгей бойынша 100 сағат дәріс оқытылды. Оқу жылының соңында қорытынды ретінде әрі келесі деңгейге көшіру үшін сынақ тапсыру ойдағыдай өтті. Зауыттықтардың тілді үйренуге деген құлшынысы, ынтасы жаман емес. Әрбір тыңдаушының тілді қаншалықты үйренгендігін бүгінгі емтихан айқындап берді. Кейбір өзге ұлт өкілдерінің тілді жақсы меңгергені соншалық, облыс, қала, зауыт, компания көлемінде өткен түрлі іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп, кәсіпорынның намысын қорғап жүр. Олардың қатарында Руслан Гацаев, Полина Овсиенко, Руслан Клюмов, Анна Феськованың есімдерін мақтанышпен атауға болады. Қазіргі таңда жұмысшылардан жаңа топтарға өтініштер қабылдануда. Келесі жаңа оқу жылында тіл үйренушілердің қатары артатын болады, – деп атап өтті іс жүргізу және мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің әдіскері Гүлбану Бекенбаева.
– Мені металлургтердің тілді үйренуге деген ықыласының зор екендігі, сондай-ақ кәсіпорында олардың тілді жетік меңгеруіне барлық жағдай жасалғандығы қатты қуантты. Сынаққа барлығы дерлік үлкен дайындықпен келген екен. Тіпті, кейбіреулерінің есімдері облыстық, қалалық сайыстардан жақсы таныс, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының маманы Ақмарал Сүгірбаева.
Осылайша сынақтан сүрінбегендер келесі курсқа көшірілді, олар жаңа оқу жылынан бастап келесі деңгей бойынша оқу сабақтарын әрі қарай жалғастыратын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы