• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2016

Таушымылдық тамыры

1511 рет
көрсетілді

Оны қазушыларға тыйым бар ма? Қазір Алтайдың атқа мінген шағы. Тау мен сай-сала жасыл желегін жамылып, жасанып тұр. Әсіресе, Марқакөл жақты айтсаңызшы!.. Көңілге кірбің түсіретіні – тұмса табиғаттың тамаша тартуының қадірін білмейтіндер әлі көп-ақ. Таудың сәні де, мәні де болған таушымылдыққа төнген қауіп жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Өйткені, бұл өсімдіктің өзі де, тамыры да, қыл аяғы томарында жататын қара құрт та талай дертке дәру. Сонысына қарай соңғы жылдары таушымылдық тамырынан қара базарда миллионға бағаланатын құрт іздеп, таудың бар қолатындағы гүлді ақтарып тастайтын жүгенсіз жүгермектер қаптап кетті. Жуырда «Мохнатка» теліміндегі Теректі ауылының 20 жасар тұрғыны таушымылдықтың тамырын заңсыз қазып жатқан жерінен ұсталды. Облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері Күршім ауданында рейд жүргізу барысында ұсталған теректілік азаматтан еліміздің «Қызыл кітабына» енген таушымылдықтың 35 түбі тәркіленген. Полиция қызметкерлері аталған айғақ бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабында қарастырылған (жоғалу қаупі бар және сирек кездесетін өсімдік түрлерін заңсыз алу бойынша) қылмыстық іс қозғады. Бұл – «мен ұрлық қылғанда ай жарық болды» деп, ілуде біреудің тұтылғаны ғой. Әйтпесе, жүрдек мотоциклімен орманшыға да, қорықшыға да шаң қаптырып кететін қулар қанша гүлдің обалына қалды десеңізші?.. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы